Қазақстандықтар қор нарығын зерттеуге арналған жасанды интеллект агентін құрып, АҚШ нарығын бағындырып жатыр

Digital Business пен Astana Hub бірлесіп «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасын бастап жатыр. Онда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы келешегі зор, болашақта «юникорнға» айналу мүмкіндігі бар жобалар туралы баяндалады. Арасында өнімін нарыққа дәл үйлестіріп үлгерген әрі халықаралық экспансиясын бастаған ІТ-компаниялар да, әлеуеті жоғары жас стартаптар да болады. Сұхбат қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз, өзбек және тәжік тілдерінде жарияланады.
«Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасын қазақстандық Назым Әзімбаев пен Андрей Ким негізін қалаған Altbridge стартапынан бастаймыз. Олар Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүргенде танысқан. Екеуі де математика мамандығын таңдаған, бірақ кейін екеуінің жолы екі айырылды. Андрей криптограф болып, Оңтүстік Кореяға кетті, ал Назым ұзақ жылдар Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясында еңбек етті. Екі дос былтыр бірігіп, стартап құрды. Команда инвесторларға компанияларға қаржы салудың тиімді жолдарын тез табуға көмектесу үшін қаржылық ақпаратты жинап, талдап беретін жасанды интеллект агентін әзірлеп жатыр.
Сұхбатта Назым мен Андрей математикаға деген қызығушылығы жоба жасауға қалай жетелегенін, Altbridge алғашқы идеясы қандай болғанын және өнімді не себепті трансформациялауға тура келгенін айтты. Сондай-ақ олардың шешімі басқа агенттерден несімен ерекшеленетінін және командаға инвестициялар саласындағы әлемге әйгілі сарапшы қалай қосылғанын білдік.
«Аптасына екі рет хабарласып, университеттің математика бағдарламасын қайталап жүрдік»
– Назым, Андрей, Altbridge пайда болғанға дейін әрқайсыңыз немен айналыстыңыз?
Назым: – ММУ-дың қолданбалы математика факультетін бітірдім, бірақ кәсіби жолым әуел бастан инвестиция саласымен байланысты болды. Altbridge-ке дейін ұзақ уақыт ҚР Ұлттық банкінің монетарлық операциялар департаментінде senior portfolio manager қызметін атқардым. Сол жерде Global Fixed Income (бүкіл әлем бойынша қарыз құралдарына бағытталған инвестициялық стратегия – Digital Business еск.) стратегиясына сүйене отырып, алтын-валюта активтері мен Ұлттық қордың жаһандық облигациялық инвестицияларына жауапты болдым.

Назым Әзімбаев
Кейін қысқа уақытқа KASE-ге ауыстым, содан соң Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясында CIO болдым. Онда активтерді әртүрлі санат бойынша: private equity, жылжымайтын мүлік және ашық нарықтарға стратегиялық бөлу ісіне жауапты болдым. Хедж-қорларға (инвесторлардың ақшасын біріктіріп, оларды мүмкіндігінше жоғары табысқа және ең аз тәуекелге қол жеткізу үшін басқаратын инвестициялық қор – Digital Business еск.) ерекше назар аударылды.
Одан кейін Ұлттық банктің цифрлық трансформациясымен айналыстым. Сол кезде қаржы және инвестиция салалары қарқынды өзгеріп жатқанын, ал технологиялар, соның ішінде үлкен тілдік модельдер бұл өзгерістерге жедел әрекет етуге көмектесетінін түсіндік.
Андрей: – Мен де математикпін. Мектепте жүргенде-ақ Халықаралық математикалық олимпиадасында (IMO) алтын медаль жеңіп алдым. Кейін ММУ-дың мехмат факультетіне түсіп, Сеул ұлттық университетінде криптография бойынша PhD дәрежесін алдым.

Андрей Ким
Шамамен 10 жыл бойы гомоморфты шифрлаумен айналыстым. Ол деректерді ашпай-ақ көбейту, бөлу, қосу және т.б. түрлі амалдар орындауға мүмкіндік береді. Барлық ғылыми жұмысым осы бағытта болды. Altbridge-ті құрар алдында Samsung Electronics компаниясында жұмыс істедім.
– Altbridge идеясына қалай келдіңіздер?
Назым: – Өз жобамды жасау маған әрдайым қызық болды. 4–5-курс оқып жүргенде екі стартап жасап, олармен Ресей мен Финляндиядағы акселераторларға қатыстым.
Бірақ Altbridge идеясы бізге ерекше әуестік арқылы келді. Біз ММУ-да оқып жүргенде танысқанбыз, бірақ оқу бітірген соң екі жаққа кеттік: мен – Астанада, Андрей – Сеулде болды. Бір кезде математика курсымызды қайта қарап шығуды қалап, екі уақытты белгіледік. Видео арқылы байланысып, кезекпен бір тақырыпты бір-бірімізге түсіндірдік. Кім жіберіп алса, $100 төлейтін. Осылай шамамен 2,5 жыл айналыстық. Сондай кездесудің бірінде математиканы инвестиция саласында қолдануға болатынын түсініп, соны қалай іске асыратынымызды ойлай бастадық.
«ЖИ-агент инвестицияның клиентке қаншалықты сәйкес келетінін көрсетеді»
– Жұмысты неден бастадыңыздар?
Назым: – Алғашқы прототипті жеке қажеттілігімді шешу үшін жасадым. Инвестициялар туралы подкаст тыңдағанды жақсы көремін. Бір кезде оның саны көбейіп, бәрін тыңдап үлгермейтін болдым. Содан Андрей екеуміз ЖИ-агент жасадық, ол барлық эпизодты зерттеп, мен үшін ең маңызды сәттерін жинақтап беретін болды.
Біздің шешімнің жақсы жұмыс істейтінін көріп, оны сатып алатындар бар-жоғын тексергіміз келді. Былтыр жазда болған жайт еді: ол кезде нарық енді ғана ЖИ-ді инвестиция саласына қалай қолдануға болатынын түсіне бастады.
Андрей: – Подкасттарды транскрипциялаумен қоса, біз өзіміздің relevancy model-ді жасадық (модель белгілі бір объект, құжат, хабарлама немесе іздеу нәтижесінің қолданушының сұранысына, контекстіне немесе мақсатына қаншалықты сай екенін анықтайды – Digital Business еск.). Оның көмегімен пайдаланушы берген инвестициялық тақырып бойынша кең ауқымды зерттеулер жүргізе бастадық. Біздің ЖИ-агент 3-4 сағат ішінде 150-ден астам түрлі дереккөзді: жаңалықтарды, ғылыми мақалаларды, журналистік материалдарды, әлеуметтік желілердегі посттарды талдап, 20-30 беттен тұратын есеп дайындап берді. Құжатта осы мәселе бойынша ғаламтордағы барлық ақпарат, болашаққа болжам және ұсыныстар болды. Мұндай жұмысты кәсіби аналитик орта есеппен 80-90 сағатта орындайды.
– Бірақ бұл идея трансформацияға ұшырады. Неге өнімді өзгертеміз деп шештіңіздер?
Андрей: – Алғашқы ақылы клиенттеріміз пайда болды, жағдайымыз жаман емес еді. Бірақ көп ұзамай OpenAI мен Google секілді ірі ойыншылар технология жағынан бізді тез қуып жетіп жатқанын түсіндік. Расында да, көп ұзамай барлық ірі зертханалар (OpenAI, Google, Anthropic) өздерінің Deep Research-ін шығарды. Ол біздің өнімнен әлі де нашар болды да, клиенттер Altbridge-ке жазылуын жалғастыра берді. Бірақ келесі бәсекелестік толқынына төтеп бере алмайтынымыз айқын болды.
Сондықтан өнімді қалай өзгертуге болатынын, клиенттер үшін тар бағытта құнды болып қалудың жолын ойлай бастадық.
– Қазір не ұсынасыздар?
Назым: – Кейбір клиенттерге бұрынғыдай көлемді есептер шығарып беруді жалғастырып жатырмыз. Сонымен қатар инвестициялық ресерч жасайтын ЖИ-агент жасап, біртіндеп оған тапсырыс берушілерді қоса бастадық. Оның жұмыс істеу принципі Spotify-ға ұқсайды. Егер стриминг-сервис адамның тыңдаған тректеріне сүйеніп, оған ұнайтын әндерді ұсынса, Altbridge клиенттің әдетте қайда инвестиция салатынын талдап, ең тиімді идеяларды көрсетеді.
– Бұл қалай жұмыс істейді?
Назым: – Әр клиентке жеке инвестициялық профиль құрылады. Жүйе оның мінез-құлқын талдайды, ал біздің ЖИ-агенттер соған бейімделіп, дашбордқа қосуға тұрарлық позицияларды ұсына алады.
Әр инвестициялық позицияның бағасына әсер ететін белгілі бір драйверлері бар: жаңалықтар, компанияның есеп беру деректері, нарықтық трендтер және т.б. Осындай факторлар мен клиенттің жеке профилін ескере отырып, жүйе белгілі бір инвестицияның оған қаншалықты сәйкес келетінін көрсететін жалпы балл есептеп шығарады.
ЖИ-агент ғылыми мақалаларды, аналитикалық материалдарды, сарапшылардың әлеуметтік желідегі жарияланымдарын және тағы басқаларын зерттейді. Яғни, әр позицияның инвестициялық дәлдігіне ықпал етуі мүмкін ақпаратты табады. Клиент компанияға арналған бөлімді ашып, ЖИ қандай жаңартуларды маңызды деп санағанын көре алады. Әр мәліметті растайтын жаңалыққа немесе мақалаға сілтеме бар, сондықтан агент ештеңені ойдан шығармайды. Осы деректердің негізінде ЖИ-көмекші компанияға инвестициялау керек пе, жоқ па, соны және не себепті екенін түсіндіріп, ұсыныс жасайды.
– Яғни клиент агент жинаған ақпаратты өзі оқып шығуы керек пе?
Андрей: – Олай емес. Маңызды жаңалықтардың қысқаша жинағын пошта, Slack, Teams немесе Telegram арқылы алуға болады. Қолданушы хабарламалардың жиілігін өзі таңдайды: әр сағат сайын, күн сайын немесе апта сайын. Бұрынғы нұсқадағыдай ұзақ мәтіндер оқудың қажеті жоқ, ең көбі 1-2 абзац. Ал егер адам тақырыпты тереңірек зерттегісі келсе, дашбордты ашып, толық ақпаратты қарай алады.
«Жобадағы ARR – 200 мың доллардан асады»
– Altbridge-дің басқа инвестициялық кеңес беретін сервистерден айырмашылығы неде?
Андрей: – Altbridge-дің талдау логикасы дәйекті. ЖИ-агент сапалы аналитика беру үшін 200–300 түрлі дереккөзді сараптайды.
– Altbridge ең алдымен кімдерге бағытталған?
Назым: – Басты клиенттеріміз – хедж-қорлар және family office (бай адам немесе отбасының қаржысы мен инвестициясын басқаратын жеке компания – Digital Business еск.). Олардың белгілі бір секторды қамтитын аналитиктері бар, бірақ олар бәріне үлгермейді. Altbridge қызметкерлерді алмастырмайды, керісінше, әрқайсысын 10 есе өнімдірек етеді.
– Сіздердің өнімге әлеуетті клиенттер қалай қарады?
Назым: – Нарыққа бейімделу керек болды. Нью-Йорктегі ірі хедж-қорлардың өзі алғашында күмәнмен қарады. Олар ондаған жылдар бойы дәстүрлі схема бойынша жұмыс істеп келгендіктен, өзгеріске дайын емес еді. Бірақ қазір жағдай түзеліп келеді: жарты жыл бұрын ынта білдірмеген көптеген клиент қазір қайтадан келіссөздерге келіп жатыр.
– Қазір қанша клиентіңіз бар?
Назым: – Бестен көп. Негізінен ірі компаниялар, соның ішінде біреуі Қазақстаннан. Бұдан бөлек, әртүрлі елдерде family office-тер бар.
– Қай бизнес-модельмен жұмыс істейсіздер?
Назым: – Пайдаланушы жазылым рәсімдейді. Бағасы екі факторға байланысты: іріктелген компаниялар саны және жаңарту жиілігі. Бұл операциялар айтарлықтай қымбат, сондықтан соңғы бағасы айына $2 мыңнан $10 мыңға дейін өзгеруі мүмкін.
– Табыс табуға мүмкіндік бар ма?
Назым: – Жобаның жылдық қайталанатын табысы (ARR) $200 мыңнан асады. Алайда жаңа шешім пайда болғаннан кейін қарқын күшейеді. Қазірдің өзінде ЖИ-агентті күтіп отырған клиенттеріміз көп.
«Күзде АҚШ-та seed-раунд ашу жоспарда бар»
– Биыл көктемде $750 мың инвестиция тартқаныңыз белгілі болды. Жобаға жалпы қанша қаржы салынды?
Назым: – Венчурлік өсу үшін жеке мүмкіндіктерден асатын ірі инвестициялар қажет. Сондықтан басынан бастап сыртқы қаржыландыруға көңіл бөлдік. Қазақстанда қаражат тарту әуеліден жоспарымызда болған жоқ, АҚШ-қа барғымыз келді. Ұлттық банкте істеген кезде менде үлкен нетворк жиналды, Altbridgeті көрсететін адамдар да болды. Бірақ өткен жылдың сәуірінде Мұрат Әбдірахмановпен кездестік, ол жобаға $200 мың салды. Сол кезде стартап идея деңгейінде ғана болатын, тек подкасттарды талдайтын шағын прототип қана бар еді.
Екінші ірі инвестор – Big Sky Capital қоры, олар да $200 мың салды. Осылайша алғашқы транш $400 мың болды.
Кейін Altbridge-ке достарымыз да қаржы құйды, мысалы, GoatChat негізін қалаушылар, Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясының бұрынғы басшысы Есжан Біртанов, nFactorial School-дың CEO-сы Арман Сүлейменов. Сонымен қатар эдвайзер әрі инвестор ретінде факторлық инвестиция (инвестициялаудың бір жолы, мұнда инвестор активтерді тарихи тұрғыдан табыстылыққа ықпал еткен белгілі бір факторлар — сипаттамалар негізінде іріктейді – Digital Business еск.) саласының сарапшысы, Колумбия университетінің бұрынғы профессоры және әлемдегі ең ірі инвестициялық компания BlackRock-тың басқарушы директоры Эндрю Анг қосылды.
Қазір pre-seed раунд бойынша жалпы инвестициялар көлемі $750 мыңнан сәл асады, ал бағалауы $15 млн.
– Эндрю Ангпен қалай таныстыңыздар?
Назым: – Оны Ұлттық банктегі жұмыс кезімнен білетінмін, бірақ алғаш рет АҚШ-та прототипімізді сатуға тырысқан кезде кездестік. BlackRock-қа көрсетіп, компаниямен серіктестік бастағымыз келді.

Эндрю Анг
Эндрю Altbridge-ті BlackRock-қа енгізу тым ұзақ болатынын айтты, бірақ біз істеп жатқан дүниемізді қолдады. Сол кезде өзі зерттеп жүрген екі ғылыми жұмысын көрсетті де, пікірімізді сұрады. Осылайша хат алмасу басталды, шамамен 9 айдан кейін Эндрю біздің инвестор болғысы келетінін жазды. Яғни бұл аяқ астынан қабылданған шешім емес еді.
–Сіздерге Қазақстаннан да, шетелден де инвесторлар қаржы құйған. Айырмашылық бар ма?
Назым: – Бізге инвестиция салған жергілікті инвесторлардың да шетелде мол тәжірибесі бар, сондықтан АҚШ-тағы қор өкілдерінен айтарлықтай ерекшеленбейді.
Бірақ Қазақстанда индустрия әлі қалыптасу сатысында. Сапалы инвесторлар саны біртіндеп өсіп келеді, алайда шетелге қарағанда әлі де аз.
– Келесі раундты қашан бастамақсыздар?
Назым: – Күзде АҚШ-та seed-раунд ашуды жоспарлап отырмыз. Дегенмен фандрейзингке өте мұқият қараймыз. Инвестиция көлемі, әрине, маңызды, бірақ ақшаны кімнен алып отырғанымыз одан да маңыздырақ. Кез келген стартап – бұл белгілі бір деңгейде тарих. Егер оның мәні тек ақшада болса, қаржыландыру тоқтаған сәтте жоба да аяқталады. Сондықтан серіктестерді мұқият таңдау қажет.
«Біздің мақсат – адамдарды алмастыру емес, оларға сапалы көмекші жасап беру»
– Altbridge-де сіздерден басқа тағы кімдер жұмыс істейді?
Андрей: – Қазір командада бізді қосқанда штатта 5 адам бар, тағы 2 адам парт-тайм жұмыс істейді. Алғашқыда негізінен ML-инженерлер мен математиктерді жалдадық. Қазір инвестиция саласындағы мамандарды да тарта бастадық. Мысалы, жуырда Джон Оспанов қосылды. Ол – value investing (құнды қағаздарды фундаменталды талдау арқылы нарықта төмен бағаланған активтерді табуға бағытталған стратегия – Digital Business еск.) саласының маманы, бұрын Қазақстандағы ірі қорларда Chief Investment Officer болып істеген.
– Жақын болашақта өнім қалай дамиды?
Назым: – Ең негізгі мақсат – клиенттер санын арттыру, соның ішінде Қазақстанда да. Ол үшін AltBridge туралы мүмкіндігінше көбірек аналитиктер мен PM-дерге айтып жүрміз. Оларға біздің өнімнен қорықпау керегін түсіндіреміз. Кейде олар ЖИ-агенттің жылдам әрі сапалы жұмысын көргенде, өз орындарынан айырылып қаламыз ба деп уайымдайды. Бірақ біздің мақсат – адамдарды алмастыру емес, олар үшін сапалы көмекші жасап беру.
Андрей: – Дегенмен қазіргі шешім – аралық кезең. Болашақта AltBridge-ті Citadel-ге ұқсас платформаға айналдырғымыз келеді. Citadel – әлемдегі ең ықпалды хедж-фондтардың бірі, онда multi-PM моделі қолданылады. Бұл платформада көптеген тәуелсіз портфельдік менеджерлер бір құрылым аясында сауда жасайды, ортақ инфрақұрылым, тәуекелдерді басқару және капиталды пайдаланады. Бірақ Citadel-де бұл жұмысты адамдар істесе, AltBridge-те бұл міндетті ЖИ-агенттер атқарады.