Канададан оралған қазақ қызы ерекше әлеуметтік желіні іске қосты. Ол қандай желі?

Маржан Қабдуахитова — 28 жаста. Мектеп бітіргеннен кейін Канадаға оқуға кеткен. Қазақстанға оралған соң, жұбайы Әлішер екеуі Ratio атты әлеуметтік желіні іске қосты. Бұл платформа жасанды интеллект көмегімен ғылыми мақалаларды түсінікті тілге аударады және физика мен биологияны үйрену процесін әлеуметтік желілерді парақтағандай қызықты етеді. Кофаундерлер жобаға 8 млн теңге өз қаржысын құйған, енді $1,5 млн инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Digital Business порталына берген сұхбатында Маржан күйеуінің хоббиі мен үнді математигінің тарихы оны «ғылымға арналған Instagram» жасауға қалай шабыттандырғанын, Christie’s аукционынан француз химигі әрі микробиологы Луи Пастердің хаттарын неге сатып алғанын және неліктен стартапты IQ-ы жоғары адамдар арасында сынақтан өткізуді жөн көргенін айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстанда әйел кәсіпкер болудың қандай екенін және Ratio шалғай ауылдардағы оқушыларға қалай көмектесе алатынын да сөз етті.
«Ауыл баласының ғылымға қызығушылығы зор болуы мүмкін, бірақ оны қолдайтын жан табылмайды»
— Айтыңызшы, стартап бастамай тұрып немен айналыстыңыз? Жеке жобамен айналысуға не итермеледі?
— Үш жасқа дейін Алматыда тұрдым, кейін отбасымыз Астанаға көшті. Мектептен кейін Канадаға оқуға кеттім, цифрлық технологияларды меңгердім. Продакт-дизайнер болып жұмыс істедім, оның ішінде Y Combinator акселераторына өткен стартаптар да бар. Жобаларды нөлден бастап, команда құрып, процестерді жүйеледім. Мектеп кезінен өз жобамды жасағым келетінін білгенмін, сондықтан жұмыс барысында бұл ниетімді ашық айтатынмын. Жетекшілерім мені қолдап, тәжірибесін бөлісті.
Әлішер екеуміз Қазақстанда бір мектепте оқыдық, 10-сыныпта қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Кейін бірге Канадаға оқуға аттандық. Онда да қарым-қатынасымызды жалғастырдық, уақыт өте үйлендік. Әлішер кәсіби жолын басқа бағытта құрды: Астанада түрлі салада бизнес ашты, аналитик болып жұмыс істеді.
Ratio идеясы бізге Канадада жүргенде келді. Бірақ саналы түрде оны Қазақстанда жүзеге асыруды ұйғардық. Туған жерде маңызды бір нәрсе жасағымыз келді. 2019 жылы Астанаға оралдық.
— Стартап идеясы қалай пайда болды?
— Бәрі Әлішердің астрофизикаға деген қызығушылығынан басталды. Ғарыш — оның хоббиі. Бірақ бұл саланы оқып-білуге ыңғайлы, бірізді әрі түсінікті материал табу өте қиын екен. Ғылыми мақалаларды дайындығы жоқ адамға оқу оңай емес. Ал сол тақырыпты қарапайым тілде талқылай алатын адам табу — одан да қиын.
Әйгілі үнді математигі Рамануджанның оқиғасы есімізге түсті (формалды білімі болмаса да, сандар теориясы саласында үлкен жаңалықтар ашқан адам — Digital Business еск.). Жүйелі білімге оның қолы жетпеген, ғылымды өз бетінше үйренген. Бұл таңғаларлық жайт, бірақ — сирек кездесетін құбылыс. Қазір Қазақстанда, мысалы, ауыл оқушыларында ғылымға қызығушылық болуы мүмкін, бірақ оны қолдайтын ешкім жоқ. Біз осыны өзгертпек болдық.
Осылайша ғылыми білімді түсінікті ететін әлеуметтік желі — Ratio идеясы пайда болды. Алдымен кастдев жасап, оқушылармен сөйлестік, гипотезаны тексердік. Кейін өз жинаған қаржымызды салып, команда жинап, MVP жасауды бастадық.
«Instagram ашқандай оңай. Тек рилстердің орнында — ғылым»
— Ratio ғылымды қалайша қарапайым етеді?
— Ratio негізінде жасанды интеллект жатыр. Ол ғылыми мақалалар мен зерттеулерді немесе жаңалықтарды алып, оларды қарапайым, түсінікті тілге «аударып» береді. Күрделі академиялық мәтін қысқа әрі жеңіл оқылатын мазмұнға айналады, оны мектеп оқушысы да, кәсіби білімі жоқ адам да оңай түсіне алады. Басты ерекшелігіміз — осы.
Сонымен қатар қосымшада форум бар, онда ғылыми тақырыптарды талқылауға болады. Әңгімені бастау оңай болуы үшін ЖИ қолданушының қызығушылықтарына қарай сұрақтар мен тақырыптар ұсынады.
— Айталық, мен аспап ішегі теориясын түсінгім келеді немесе жасанды интеллект қалай жұмыс істейтінін білгім келеді. Тіркелсем, не көрем?
— Сіз ғылыми жаңалықтар, жарияланымдар, өнертабыстар туралы мақалалар жинақталған лентаны көресіз. Оларды оқуға, свайп жасауға, пікірталасқа қатысуға болады. Бұл — ғылыми контент, бірақ қарапайым тілде жазылған. Қазір ол ағылшын тілінде ғана, бірақ инвестиция алған соң бірнеше тілді, соның ішінде қазақ және орыс тілін қосу жоспарда бар.
— Бірақ интернетте бәрі бар емес пе? Сіздердің қосымшаңыздың ерекшелігі неде?
— Иә, интернетте ақпарат өте көп. Мәселе — сол ақпарат тым күрделі немесе шашыраңқы. Біздің бәсекелестер әртүрлі. Бір жағынан, Instagram мен Reddit сияқты көңіл көтеруге арналған платформалар бар: оларда бәрі талқыланады, бірақ ғылыми контент жалпы шудың ішінде тез жоғалады. Екінші жағынан, ғылыми журналдар, ResearchGate немесе Academia.edu сияқты арнайы ресурстар бар, бірақ ондағы ақпарат кең аудитория үшін тым күрделі әрі академиялық. Біз осы екі әлемнің жақсы жақтарын біріктіруге тырыстық: маңызды ғылыми білімді алып, оны ЖИ арқылы қарапайым етіп түсіндіріп, әлеуметтік желі форматына сай қызықты, тартымды түрде ұсындық.
Бұл тәсіл ғылымға кіру шегін төмендетеді: ғылымды оқу, түсіну, талқылау үшін ғалым болудың қажеті жоқ. Барлығы Instagram ашқандай оңай. Тек рилстердің орнында — ғылым.
— Онда ғылыми контентті жай әлеуметтік желілерде жасаса болмай ма?
— Мәселе мынада: Instagram сияқты танымал желілерде алгоритмдер лайкқа қарай жұмыс істейді. Егер сіз өнер туралы посттарға лайк бассаңыз, ғылыми парақшаларға жазылсаңыз да, олар сізге сирек көріне бастайды. Осылайша «ақпараттық көпіршік» пайда болып, ғылыми контент жоғала береді.
Бұған қоса, ғылыммен айналысатын орта: ғалымдар, профессорлар қарапайым қолданушылардан оқшау қалып жатады. Біз осы шекараны жойғымыз келеді. Ғылымды жақын әрі түсінікті еткіміз келеді. Әлеуметтік желіде адамдардың қызығушылығы қалай жұмыс істейтінін, мінез-құлқы қалай құрылатынын білеміз, сол білімді пайдалы нәрсеге жұмсағымыз келеді.
— Күрделі ғылыми ақпаратты қазіргі қолданушыларға қалай бейімдеп отырсыздар?
— Мақалаларымыз қысқа, экраннан оқуға ыңғайлы. Платформа қолданушының қай жерде тоқтағанын есте сақтайды, егер ол алаңдап кетсе, сол жерден қайта жалғастыра алады. Қазір геймификация дизайнына кірісіп жатырмыз: жетістіктер, деңгейлер, белгілер, прогресс шкаласы болады. Мұның бәрі күш салуды қажет етпейтін, керісінше қызықтыратын форматта ұсынылады.
«MVP жасап, гипотеза сынауға 8 млн теңге жеке қаражатымызды салдық»
— Жобаға қанша қаражат салдыңыздар?
— Шамамен 8 млн теңге өзіміздің жеке қаражатымызды салдық. Бұл қадамға саналы түрде бардық: MVP жасап, гипотезамызды инвестор тартпай тұрып тексергіміз келді. Жақын арада seed-раундқа шығуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз — компанияны $10 млн деп бағалап, шамамен $1,5 млн инвестиция тарту.
— Қазір командада кімдер бар?
— Үшеуміз. Мен — CPO және CDO (дизайн директоры), күйеуім Әлішер — CEO, ал CTO — Әділ Қайролла. Техникалық кофаундер табу оңай болған жоқ. Қазір көптеген ІТ маманның жақсы жалақы алатын тұрақты жұмысы бар, сондықтан ол пайдасы әлі дәлелденбеген идея үшін жайлы ортадан шығуға дайын емес. Біз жобаның үлесін ұсындық, тең құқықпен қатысуды ұсындық. Бұл шарт іздеуді одан сайын қиындатты, көп маман тұрақтылықтан бас тартқысы келмеді. Бірақ біздің жолымыз болды, құндылықтарымызға сай келген нағыз маман жолықты. Әділ — өз ісіне шын берілген, жоғары жүктемелі жүйелерді құра алатын мықты маман. Масштабталатын өнім үшін дәл сондай адам қажет.
— Қазір жоба қай сатыда?
— MVP сатысындамыз. Қосымшамыз шілдеде қолжетімді болады (әзірге іске қосылғаны туралы хабарламаға жазылуға болады). Алғашқы қадам ретінде Астанадағы оқушылар ағылшын тілінде сөйлейтін халықаралық мектептерде пилоттық жоба бастадық, өйткені бұл жерде тұрамыз, бастауға ыңғайлы болды. Нұр Орда, Quantum, BTCS және НИШ мектептерімен келістік. Біз үшін қосымшаны мектепке енгізу жай формалды әрекет емес. Ғылымды қызықты әрі шабыт беретін түрде ұсынғымыз келеді. Мысалы, Christie’s аукционынан ғалымдардың түпнұсқа хаттарын, соның ішінде Луи Пастердің хатын сатып алдық, оны мектептерде көрмеге қойғымыз келді. Оқушылар ғылым тірі, қолжетімді екенін өз көзімен көрсін дедік.
Бірақ жұмыс барысында байқағанымыз — ғылымға қызығушылық тек оқушыларда ғана емес екен. Мысалы, біреу агробизнесте жұмыс істейді, бірақ ғылыми жаңалықтарды күрделі мәтінсіз түсінгісі келеді. Ал біреулер бала кезінде жұлдыздарға, химияға, динозаврларға қызыққан, енді соны қайта қолға алғысы келеді. Біздің аудиториямыз әлдеқайда кең екенін сонда түсіндік.
Сондықтан стратегиямызды қайта қарап, мектеп аясынан шығуға бел будық. Қазір келесі кезеңге дайындалып жатырмыз. Mensa халықаралық қауымдастығында (IQ-ы әлемдегі ең жоғары 2% қатарына кіретіндер) тестілеу өткіземіз. Әлішер — осы ұйымға кірген Қазақстандағы екінші адам, оның IQ-ы — 156. Бұл — ол үшін маңызды интеллектуал орта.
Біз де бұл сынақтан терең әрі оймен берілетін кері байланыс аламыз деп сенеміз. Себебі бұл аудиторияға да қарапайым әрі тірі ғылым жетіспейді.
— Қалай ақша табуды жоспарлап отырсыздар?
— Ең алдымен жарнамадан. Әлеуметтік желілер үшін ең тиімді монетизация тәсілі осы деп есептеймін. Жарнаманы тікелей сатуды жоспарлап отырмыз. Екінші табыс көзі — қосымша функцияларға жазылым. Платформа өзі тегін болады, бірақ біз интерфейсті жекелендіру, қызығушылықтарға сай контент ұсыныстары, тәжірибені өзіңе бейімдеу мүмкіндігі деген сияқты ақылы баптау қызметін ұсынамыз.
Кейінірек кейбір функциялар үшін жазылым емес, сұраныс бойынша бір реттік төлем енгізуіміз мүмкін.
«Егер өнімді шексіз өңдей берсең, ол мүлде шықпай қалуы мүмкін. Уақытында тоқтай білу керек»
— Сіз Y Combinator стартаптарында жұмыс істедіңіз. Бұл — өте мықты мектеп. Сол жақтан жобаңызға қандай үш негізгі инсайт алып келдіңіз?
— Біріншісі — мықты команда. Бұл – бәрінің негізі. Егер күшті командаң болса, белгісіздік сені қорқытпайды. Ал стартапта белгісіздік әрдайым болады.
Екіншісі — фокус. Ресурстарың шектеулі болғанда, басымдық неде екенін анық білу маңызды. Әр нәрсеге алаңдамау керек. Дизайнер ретінде маған кейде қиын, әр бөлшекті жетілдіргім келеді. Бірақ түсінем: өнімді шексіз өңдей берсең, ол мүлде шықпай қалуы мүмкін. Сондықтан уақытында тоқтай білу — маңызды. Жоғары деңгейде жасап, әрі қарайғы өзгерістерге кеңістік қалдыру керек.
Үшіншісі — итерация мен кері байланыс. Жаса, сына, реакция ал, жақсарт — қайта жаса. Бұл — шексіз цикл. Сен оны қаншалықты жылдам өтсең, өнімің де соншалықты тез өседі.
— Команда туралы айтсақ: күйеуіңізбен бірге стартап жасау қалай екен? Жұмыс пен жеке өмірді қалай бөлесіздер?
— Әрине, ең басында алғашқы бірлескен жобаларымызды бастағанда қиындықтар болды. Біз жиі сөзге келіп қалатынбыз, көзқарасымыз сәйкес келе бермейтін. Мен: «Осылай істеу керек», десем, ол: «Жоқ, басқаша», дейді. Қақтығыстар болды.
Бірақ уақыт өте келе бір-біріміздің мықты тұстарын бағалауды үйрендік. Қазір әрқайсымыз өз аймағымызға жауаптымыз. Екеуміз де еңбекқормыз, үйден жұмыс істейміз, жеке өмір мен жұмысты қатты бөлмейміз. Бірақ тек жұмыспен өмір сүріп кетпеуге де тырысамыз, жеке қарым-қатынасқа да орын бар.
— Ішкі командалық мәдениет мықты екені көрініп тұр. Ал сыртқы орта қаншалықты қолдады? Басқаша айтқанда, Қазақстанда әйел кәсіпкер болу қиын ба?
— Қазақстанда маған кейде қиын. Себебі, өзім сияқты ойлайтын адамдарды табу оңайға соқпайды. Қызығушылықтары, көзқарасы, құндылықтары маған ұқсас адамдар аз. Instagram-дағы шағын блогым көмектесті, сол арқылы бірнеше тамаша қызбен таныстым. Айналама тек Қазақстаннан емес, көрші елдерден де мүдделес жандарды жинадым.
Мен әрдайым Women in Tech, Technovation Girls секілді түрлі қауымдастықтардың бір бөлігі болуға тырыстым. Ментор болғым келді, тәжірибемен бөлісуді қаладым. Маған өзіме ұқсас құндылықтары мен қызығушылықтары бар қыз-келіншектер арасында болу маңызды. Өйткені ІТ мен кәсіпкерлікте әйелдер әлі де аз, ал біз біріксек, үлкен күшке айналамыз.
Сол себепті Aurora Tech Award байқауына қатысу мен үшін ерекше маңызды болды. Бұл — технологиялық стартаптардағы әйел-фаундерлерді қолдайтын халықаралық премия. Миссиясы — жай ғана марапаттау емес, әлемдік қауымдастық құру: онда әйелдер көрінеді, мойындалады, нақты қолдау алады. Біз әлемдегі үздік 120 жоба қатарына ендік. Бұл мен үшін алғаш рет нақты әйел кәсіпкер ретінде шынайы қолдау сезінген сәт болды. Бұған дейін мені дизайнер, маман ретінде мойындайтын, ал бұл жолы мені фаундер ретінде бағалады, бұл маған үлкен шабыт берді.
— Мұндай қолдау істеп жатқан ісіңізге деген сенімді тіпті күшейте түсетін сияқты. Қазір жобаның қандай жоспары бар?
— Қазір фокус — бета-тестілеу мен ауқымды аудиторияға шығу. Жақын уақыттағы мақсат — алғашқы 100 мың қолданушыны тарту. Содан кейін инвестиция мен менторлық қолдау іздейміз. Ғылым қауымдастықтарына, Нобель лауреаттарына жол ашатын инвесторларды іздеп жатырмыз. АҚШ, Канада, Еуропа нарықтарын зерттеп жатырмыз. Таяу Шығысқа да қарап қоямыз, ол жақта технология мен білім беру қарқынды дамып жатыр.
Осы қадамдардың бәрі: өнім жасау, тестілеу, инвестиция тарту бір мақсатқа жету үшін, яғни ғылымды баршаға қолжетімді ету үшін қажет. Бұл — біздің өзімізден де үлкен миссия. Бізді алға жетелейтін де осы. Бұған дейін түрлі жеке жобаларды байқап көрдік, бірақ тез жалығып кететінбіз. Ал мынау — өмір бойы айналысуға дайын іс екенін түсіндік.