Қазақстандық әйел 90-жылдардағы дағдарыс пен тұрмыстағы зәбірді бастан өткеріп, қазір зияткерлік ойындар бизнесін дамытып жүр

Назира Құрмашеваның тағдыр жолы қиын болды: бала кезінен көру қабілетінен айырылды, екі ауыр неке, тұрмыстағы зәбір, ұзақ жылғы дағдарыс пен жоқшылық көрді. Бірақ мұның ешқайсысы оны жасыта алмады. Шахмат пен тоғызқұмалаққа деген махаббаты Назираны сүйікті жарына жолықтырып қана қоймай, бизнеске әкелді. Қазір ол JUZ ALPYS EKI брендімен зияткерлік ойындар жасайды, жұбайымен бірге ұлттық тоғызқұмалақ ойынын дамытып, мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтарға көмектесіп жүр. Біз Digital Business Finance үшін оның оқиғасын сұрап білдік.
Интернатта өткен балалық шақ, амалсыз неке және зәбір
Назира Құрмашева елдің оңтүстігіндегі Түлкібас ауылында дүниеге келген, үш жасында отбасы Таразға көшеді. Жеті жасында кішкентай Назираның көз жанарында проблема бары анықталғанымен, қарапайым мектепке барады. Бірақ 4-сыныпта дене шынықтыру сабағында көру қабілетінен айырылып қала жаздаған соң, ата-анасы оны Алматыдағы Островский атындағы арнайы мектеп-интернатқа ауыстырады.
— Маған ұстаздарым үлкен қолдау көрсетті. Спектакльдер қоятынбыз, КВН-ге қатыстық, театр мен табиғат аясына баратынбыз. Шахмат ойнауды да интернатта Александр Филиппович Сапелкин есімді мұғалімімнің арқасында үйрендім. Өмірім қиын болғанына қарамастан, бүгінгі жетістіктерім үшін сол кісіге алғысым шексіз.
1990 жылы Назира мектепті аяқтап, Тараздағы Мәдени-ағарту училищесіне режиссер мамандығына оқуға түседі. Алайда оқу мен мансап туралы жоспары орындалмайды. Бейтаныс жігіт оны алып қашып, ауылға алып кетеді. Бастапқыда қарсыласқанымен, кейін қалып, тұңғышы Батырханды дүниеге әкеледі. Бірақ 4 жылдан кейін зәбір мен тұрмыстық зорлыққа шыдамай кетіп қалады. Әкесі бұл жағдайды ұят санап, қабылдамағанымен, анасы дәстүр мен стереотиптерге қарсы шығып, қызына көмектеседі.
— 90-жылдары өмір сүру үшін кәсіппен айналыса бастадық. 1997 жылы әкем қайтыс болып, бүкіл отбасының жауапкершілігі менің мойныма түсті. Мен үйдің тұңғышы едім. Аурухана маңында жеміс-жидек сатып күн көрдік. Бірақ Таразда ол уақытта қылмыс өршіп тұрған, бәсекелес көп, сөйлесуге тура келетін. 2001 жылы саудамыз жабылып, Алматыға көшіп, сол жақта саудамен айналыса бастадық.
Жоқшылық, жаңа іс және тағдыршешті тоғызқұмалақ турнирлері
Алматыда Назира шахмат мұғалімін қайта жолықтырып, жарыстарға қатыса бастайды және екінші күйеуімен танысады. 2004 жылы олардың ұлы дүниеге келеді. Ерлі-зайыптылар бірге ел арасында «Барахолка» аталатын базарда тұрмыстық техника сатады. Бірақ Назира тағы да сатқындыққа ұшырайды: күйеуі карта ойнап, пәтер ұтылып, ақшамен бірге қашып кетеді, Назираны балаларымен көшеде қалдырады. Әйел бұл жағдайды ауыр қабылдайды. 9 жыл пәтер жалдап, кейде тамаққа ақша табудың өзі қиын болады. Кенже ұлын анасы Таразда бауырына басады, ал көру қабілеті шектеулі тұңғыш баласы интернатқа түседі. Бірақ Назира мойымайды, қайта еңбекке бел шеше кіріседі, көмекке тағы да шахмат мұғалімі келеді.
— Ол мені Алматыдағы зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған Республикалық кітапханаға жұмысқа алды. Дыбыс режиссері мамандығына оқып, аудиокітаптар жазумен, актерлермен жұмыс істеумен айналыстым. Кассетаға жазып, Қазақстанның әр қаласына жіберетінбіз. Сонда қазақ және орыс тілдеріндегі жүздеген классикалық әдебиет туындысын оқыдым. Жұмыс істеп жүріп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін сырттай оқып бітірдім. Оқыған кітаптарымның көптігі арқасында үздік студент болдым. Екі жылдан кейін кітапханадан кеттім. Дәл сол 2011 жылы тоғызқұмалақ ойнай бастадым және жарысқа қатысып, қазіргі жұбайымды кездестірдім. Ол — тоғызқұмалақтан тоғыз мәрте Қазақстан чемпионы. Осылайша, өмірімнің жаңа парағы басталды.
Бизнес-жобаға арналған зейнетақы, 3 млн теңге грант және 600 мыңнан 26 млн теңгеге дейінгі жол
Ол кезде Назираның жеке баспанасы жоқ еді, жұмысы да болмай қалды. Осы тоқырау кезінде ол Қазақстанда тоғызқұмалақтың сапалы өндірісі жоқ екенін ұқты.
— Жолдасыма Қазақстанда тоғызқұмалақ өндірісін бастайық деп ұсыныс тастадым. Бұл — ұлттық мұрамыз әрі балалар үшін өте пайдалы ойын, логиканы, ойлау қабілетін дамытады. Ойынның тарихына үңіліп, зерттеп, «Даму» қорынан 3 млн теңге көлемінде грант алу үмітімен бизнес-жоба жазуға кірістім. Пластиктен жасалған тақталар 2500 теңге тұратынын, бұл мәдени мұра ретінде маңызды екенін бәрін тәптіштеп жаздым. Бірақ қаржылық бөлімге келгенде тығырыққа тірелдім. Бір маманнан көмек сұрадым, қызметі 70 мың теңге екен.
Ал менің мүгедектігім бойынша алатын зейнетақым бар болғаны 35 мың теңге еді. Қарызға белшеден батып жүрген кезім, айналамдағы адамдар жобама онша сене қоймады. Бірақ мен тоқтамадым: зейнетақымды күттім, қалған соманы жолдасым берді. Жобамды аяқтап, комиссияға түрлі-түсті нұсқасын дайындап, оны қорғауға бардым.
Бірінші рет комиссия «Бизнес рентабельді емес» деп Назираның жобасын қабылдамай қойды. Тоғызқұмалақ федерациясынан қолдау хаты керек екенін айтты. Тағы бірнеше комиссия алдында сөйлеп, ақыры Назираның жобасы мақұлданды. Әйел 2013 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 3 млн теңге грант және жеке кеңсе алды. Бұл қаражатқа термопластавтомат сатып алып, қызметкерлер жалдап, Алматыда алғашқы тоғызқұмалақ тақталары өндірісі басталды.
— Менің басты қағидам: салықты төле де, тыныш ұйықта. Барлық есеп-қисап ашық, бір тиынын жасырмаймын. 90-жылдары аман қалғаным да осы адалдықтың арқасы шығар, ешкімді алдауға тырыспадым.
Басында 600 мың теңге табысқа қатты қуанатын едім. Баяу болса да, айналым өсе бастады. Биыл жарты жылдың ішінде рекорд жасадық, 26 млн теңге табыс таптық. Қазір ассортимент те кеңейді. Әртүрлі материалдардан тақталар жасаймыз, соның ішінде премиум нұсқалары да бар. Ақық тастан жасалған сыйлық тақталар 600 мың теңге тұрады. Көшпенділер ойындарына арнап, киіз үй пішінінде жинақ жасадық, бағасы — 150 мың теңге. Күнделікті сатып алуға қымбат, бірақ сыйлыққа таптырмас нұсқа.
Шығын жағынан айтсам, бізде қазір Алматыда 2 кеңсе және Алматы облысында 2 шеберхана бар. Барлық жалдау ақысына шамамен 400 мың теңге кетеді. Бизнес үшін жеңілдетілген несие де төлеп жатырмын. Әрине, инфляция мен салық заңнамасындағы өзгерістер қиындық тудырады. Біз сапалы өнім жасауға тырысамыз, сондықтан өзіндік құн жоғары.
Тақталарға бук ағашын, ойын элементтеріне соққыға төзімді қымбат полистирол 825 сияқты сапалы полимерлер сатып аламыз.
Бұрын бұл салада бәсеке аз еді, қазір көбейді. Мені авторлық құқық қорғайды, бақытыма орай. Германияға барғанымда бір неміс кісінің қымыз өндірісіне патент алғанын естіп, бірден елге келіп, мен де патент алдым. Қазір сол мені біршама қорғайды, бірақ әділетсіз бәсекелестер әлі де бар. Айтпақшы, жуырда тауарлық таңбаны тіркедік, енді біздің брендтің атауы бар: JUZ ALPYS EKI.
Тоғызқұмалақ тақталары әлемнің түкпір-түкпірінде және ерекше қажеттілігі бар қазақстандықтарға екінші мүмкіндік
Назира мен оның командасы жасайтын тоғызқұмалақ пен басқа да интеллектуалды ойындарды түрлі адамдар сатып алады. Қазақстанда ғана емес.
— Жуырда 3 тақта Румынияға кетті. Сонымен қатар, біздің тоғызқұмалақ жиынтықтарын БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН) тұрақты түрде сатып алады. Біз затымыз жоғары деңгейдегі сыйлыққа лайық болсын деп бәрін сапалы етіп жасап, арнайы қаптарға салып ұсынамыз. Жүрегім бұған қуанады. Жақында 50 тақтаны Спортты дамыту дирекциясы сатып алды. Әлем чемпионаттары 7 рет біздің тақталарда өтті.
Ең үлкен тапсырысты балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жасайды, олармен мемлекеттік сатып алу тәртібі арқылы жұмыс істейміз. Тоғызқұмалақтың Дүниежүзілік федерациясы да түрлі елдерге, мысалы, Қытай мен Моңғолияға тапсырыс береді.
2018 жылы ерекше бір сәт болды. Жолдасым Мусрят көзі нашар көретін адамдарға арналған велотандеммен айналысады. Бір көретін және бір көрмейтін спортшы жұп болып жүреді. 7 жыл бұрын ол Астанадан Парижге дейін веложорыққа аттанды. Францияда этноүйге тоқтағанда, қабырғада домбыра мен тоғызқұмалақ тақтасы ілініп тұрғанын көріп, қатты қуаныпты. Қапшығын анам тіккен. Сөйтсе, бұл жиынтықты белгілі мемлекет қайраткері, Тоғызқұмалақтың Дүниежүзілік федерациясының президенті Әлихан Бәйменов Францияға сыйға апарған екен.
Біз тек тоғызқұмалақты ғана емес, зағип жандарға арналған шахмат та жасаймыз. Осы жылдың сәуірінде мен ресми түрде әлеуметтік кәсіпкер ретінде тіркеліп, арнайы реестрге ендім. Біздің командамызда мүмкіндігі шектеулі көп азаматтар жұмыс істейді, бірінің көзі көрмейді, енді бірі естімейді. Олар қалай сөйлеседі десеңіз: бірі дәптерге жазады, бригадир дауыстап оқиды, зағип қызметкер жауап береді, ол қайта жазады, бәрі күледі. Осындай ерекше қарым-қатынас.
Мен жұмыста қатал тәртіпті ұстанамын. Қызметкерлер біледі: 2 рет ескерту алса, үшіншісінде жұмыстан босатылады. Бірақ тіл табысып, бірге еңбек еткендер көп нәрсе үйренеді. Біз оларды жаңа нәрсеге баулимыз, спортқа, голбол сияқты ойындарға қызығушылықтарын арттырамыз, бірге демалып, табиғатқа шығамыз. Кейбірі кетіп, өз ісін бастап, жетістікке жетіп жатыр. Менің миссиям да сол — өзім сияқты мүгедектігі бар адамдарға мүлде басқа өмір бар екенін көрсету.