«Абайдан Сәтбаев көшесіне дейін созылған кезекті ұмытпаймын»: алматылық жігіт үш жылда 10 елде 546 концерт берген оркестр құрды

Tynda Music оркестрі алғашқыда камералық концерттен бастап, үш жыл ішінде түрлі елдерде жүздеген концерт қою деңгейіне дейін өсті. Оркестрдің негізін қалаушы Айдос Меңдәлиев бұл жобада саундтректерді, симфонияны және маркетингті біріктіре білді. Digital Business Finance Айдоспен тұрақты құрамсыз концерттік жобаны қалай құруға болатыны, сәтті саундтректердің құпиясы және идея мен табыстың қайсысы маңыздырақ екені жайлы сұхбаттасты.

«Біз бірден табысқа шықтық»

— Жобаның алғашқы кезеңінде ең қиын болған не нәрсе?

— Бәлкім, менің максимализмім мен амбициям шығар. Алматыда алғашқы шағын концерт өткізген соң, бірден 4000 орындық Балуан Шолақ сарайында екінші концертті ұйымдастырдық. Нарыққа бірден ену керек деп шештім. Сол кезде бізде тұрақты команда болған жоқ: тек мен, жұбайым және көмекшіміз ғана. Аппаратура, жарнама және қаржы бойынша мердігерлерді аутсорс арқылы тарттық.

Бұл оркестрдің дәл осындай алаңда өткізген алғашқы концерті болды. Пандемиядан кейінгі «сығылған серіппенің» әсері байқалды. Адамдар үйде отырудан шаршаған еді. Абайдан Сәтбаевқа дейін Байтурсынов көшесі бойында созылған кезекті әлі ұмытқан жоқпын. Біз сол кезде танымал композитор Ханс Циммердің музыкасын орындадық.

— Tynda Music жобасы қалай пайда болды?

— Идея түбегейлі 2022 жылы қалыптасты. Алғашқы концертімізді мамыр айының соңында, карантиннен кейін бірден, камералық форматта өткіздік. Адамдар жанды музыкаға қатты зәру кез еді.

Людовико Эйнаудидің шығармаларын орындадық. Бірден үш қалада: Алматы, Астана және Қарағандыда концерт беруді жоспарладым. Бір аптада жеті концерт өткіздік. Билеттердің көбі сатылып кетті, біз бірден табысқа шықтық.

— Сол кезде бәсекелестерден кім болды?

— Ол кезде бір ғана ұқсас жоба болды. Басқа ұжымдар болған жоқ, нарық бос еді. Пандемиядан кейін түрлі жобалар пайда бола бастады. Кейбірі қысқа мерзімге ғана, енді бірі қазірдің өзінде жабылып қалды. Қазіргі таңда 2-3 ұқсас ұжым ғана жұмыс істеп жатыр.

— Неге саундтректерді таңдадыңыздар?

— Саундтректерді таңдадық, өйткені бұл көпшілікке түсінікті әрі эмоциялық тұрғыдан жақын тіл. Біздің мақсат — Tynda Music концертінен кейін адамдардың филармонияға барғысы келіп, классикалық музыкамен танысуы. Саундтрек — аспаптық музыканың әлеміне апаратын жол. Адамдар оларды таниды, сезінеді, өмірлеріндегі маңызды сәттермен байланыстырады.

Жалпы біз кез келген аспаптық музыканы орындаймыз, тек саундтрекпен шектелмейміз. Классикалық академиялық шығармаларды да, ұлы композиторлардың заманауи интерпретацияларын да орындаймыз.

«Отбасымдағы бірінші музыкант менмін»

— Музыканы қайдан үйрендіңіз?

— Бес жасымнан бастап музыкамен айналысамын. Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепті бітіріп, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының опера-симфониялық дирижерлеу бөлімінде оқыдым, сол жерде магистратураны да аяқтадым.

Отбасымдағы алғашқы музыкант менмін. «Байсуға» (Байсейітова мектебі — ред.еск.) түсу оңай болған жоқ, есту мен ырғақ бойынша тыңдалымнан өту керек болды, бірақ мен өттім. Алдымен домбырашы болдым, бірақ 10-сыныптан бастап екінші мамандығым дирижерлік болды.

— Мектептен кейін бірден дирижерлікке кеттіңіз бе?

— Олай болған жоқ. Өзімді тек музыкада ғана емес, басқа салаларда да іздедім. 2013 жылдан бизнеске бет бұрдым: Қытайдан тауар тасыдым, жастарға арналған Еуропаға тур ұйымдастырдым, тендермен айналыстым. Бұл тәжірибеге еш өкінбеймін. Сауда маған құжатпен жұмыс істеуді, бюджет жоспарлап, ақша санауды үйретті.

— Музыка екінші орынға ығысты ма?

— Дәл олай емес. Музыка уақытша шетке ығыстырылды, бірақ өмірімнен ешқашан кеткен емес. Осы уақыт ішінде екі мектепте дирижерліктен сабақ бердім. Ал концерттер өткізуді студент кезімде-ақ бастағанмын. 2017 жылы досыммен ұқсас жоба бастадық, бірақ бірнеше жылдан кейін ол жобадан шығып кеттім.

2021 жылы жұбайым екеуіміз жарты жыл Лос-Анджелесте тұрдық, әлемді көрдік. АҚШ-тан оралған соң, концерттерді бизнес ретінде жасағым келетінін түсіндім. Әлі есімде, Алматыда Панфилов көшесімен жұбайыммен қыдырып жүріп, неден бастау керегін талқыладық. Ол да музыкант, екеуіміз консерваторияда бірге оқыдық. Сол әңгіме шешуші сәт болды: екі айдан кейін алғашқы Tynda Music концертін өткіздік.

«Біз ол кезде стартап ретінде жұмыс істедік»

— Оркестр құрамында қанша музыкант бар?

— Біз жобалық үлгіде жұмыс істейміз. Оркестрдің тұрақты құрамы жоқ, бағдарламаға байланысты әр концерттің құрамы әртүрлі. Бір жобада жеті адам болса, келесісінде 150 адамға дейін қатысуы мүмкін. Бізде тіпті әр концертке лайықты музыканттарды іріктейтін HR маманы бар.

Мысалы, классикалық пианисттер, джаз музыканттары, электронды дыбыспен жұмыс істейтіндер бар. Бағдарлама талап етсе, сол маманды іздейміз. Алматы мен бас қалаларда бір концертке шамамен 50-60 музыкант жұмылдырылады.

— Бұл халықаралық тәжірибе ме?

— Иә, бұл — тиімді әрі қалыптасқан модель. Ай сайын бір-екі рет қана өнер көрсететін музыканттарға тұрақты жалақы төлеудің қажеті жоқ. Мәскеуде бұл «фестивальдік оркестр әдісі» деп аталады: нақты бір фестивальге арнайы құрам жинақталады, тұрақты оркестр ұстаудың қажеті жоқ. БАӘ-де де дәл осылай: әр бағдарламаға түрлі елдерден музыканттар шақырылады. Бұл шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

— Бастапқы инвестиция көлемі қандай болды?

— 900 адамдық алғашқы концертті өткізу үшін бізге зал жалдауға, музыканттарға қаламақы төлеуге және жарнамаға қаржы қажет болды. Өзімнің жинаған 4 миллион теңгемді салдым. Шығындардың бір бөлігін: залды жалдау, қаламақы, жабдықтың ақшасын концерттен кейін жаптық. Негізі, ол кезде біз стартап сияқты әрекет еттік.

Бүгінде Республика сарайында 2500 адамдық концерт ұйымдастыру үшін шамамен 16–18 миллион теңге қажет. Бағалар әртүрлі: мысалы, Дубайдағы 600 орындық залдың жалдау құны Республика сарайымен бірдей, ал Қазақстан аймақтарында сәл арзанырақ.

— Ақша табудың қандай жолы ең тиімді болып шықты?

— Алғашқы күндерден-ақ басты табыс көзі билет сату болды. 2024 жылы ұжым айына 15-тен 30-ға дейін, жалпы алғанда жылына 220 концерт өткізді. Үш жыл ішінде — 546 концерт. Мерч сатқанды да байқап көрдік, бірақ шығынға сай келмеген соң қойдық. Қазір концерттерде жарнама интеграциясын қарастырып жатырмыз: халықаралық брендтер біздің оркестрімізді шетелдік аудиторияға шығу алаңы ретінде пайдалана алады.

2024 жылы бизнестің рентабельділігі шамамен 25% болды. Бұл көрсеткіш қалаға байланысты өзгеріп тұрады. Ең жиі Алматыда ойнаймыз. Шетелден Тбилиси мен Кишиневті айтар едім. Дубайда әзірге концерт сатуды үйреніп жатырмыз, бұл көпұлтты қала, өзіндік дәстүрі бар. Мысалы, Рамазан айында біз экспаттар үшін концерт қойдық, мұнымыз сәтті шықты.

— Осындай ауқымды жұмыс кезінде өзіңіз дирижер болып сахнаға шығасыз ба?

— Tynda Music-ке дейін дирижер болдым, тіпті Таразда оркестрдің бас дирижері қызметін атқардым. 2024 жылы біз 220 концерт өткіздік, соның төртеуінде ғана өзім дирижер болдым. Қазір бұл сирек кездесетін жағдай. Себебі дирижер ретінде дайындалу — бөлек жұмыс: партитураны жаттап, репетиция жасау керек. Қазір мен басқару мен концепцияны дамытуға көбірек көңіл бөліп жүрмін.

— Шетелдік концерттердің ішінде ең табыстысы қайсысы болды?

— Егер Алматыны есептемесек (біз мұнда айына екі-үш концерт өткіземіз), Тбилиси мен Кишинев күтпеген жерден табысты болды. Молдова — бөлек әңгіме. 2024 жылдың күзінде қаржылық жоспарды орындай алмай жатқанымызды түсіндік. Сол кезде Кишиневтегі бизнес-форумнан stories көріп қалдым, ол жақта белсенді аудитория бар екені көрініп тұрды. Сөйтіп, Молдова нарығына шығуды шештік.

Қарашадан қаңтарға дейін ел астанасында тоғыз концерт ұйымдастырдық. Барлық инфрақұрылым дайын болатын: ноталар, құрам, тәжірибе. Қалғаны — тек билет сату еді. Біз күніне 100–150 билеттен сатып отырдық.

«Бүгінде ең көп табыс әкелетін жоба — Вивальдидің «Жыл мезгілдері»

— Қазақстан аймақтарындағы гастрольдер қалай өтеді? 

— Алматы мен Астанадағы концерттерден кейін елдің тек астаналарымен шектелмей, аймақтарға шығу идеясы туды. Шағын қалалардағы халықтың  аспапты музыканы тыңдауға мүмкіндігі болғанын қаладық. Көпшілік бұл бос әурешілік деді. Жаз мезгілі, залдар жабық… Егер билеттер өтпесе, компания жабылып қалуы мүмкін еді.

Филармониялар мен облыстық театрлардың директорларын бізге зал беруге көндіруге тура келді. Сөйтіп алғашқы гастрольдер өтті, бұл Қазақстандағы алғашқы коммерциялық аспапты тур болды. Біз аймақтарда бұл форматтың қатты жетіспейтінін байқадық. Алматы мен Астанада мәдени шаралар көп, ал басқа қалаларда ондай мүмкіндіктер аз. Біз барған кезде концерт өтетінін бүкіл қала білетін.

— Қазір қай музыкаға сұраныс көп?

— 2024 жылы ең танымалы Ханс Циммер болды. Одан кейін Людовико Эйнауди. Үшінші орында бірнеше бағдарлама қатар тұр, оның ішінде — «Жыл мезгілдері» де бар.

Оркестріміз көбіне саундтректермен байланыстырылса да, ең көп табыс әкеліп отырған жоба — Макс Рихтердің интерпретациясындағы Вивальдидің «Жыл мезгілдері». Бір жарым жыл бұрын бұл бағдарламаны қалай сатуды білмедік. Қазір үйреніп алдық, экономикалық жағынан өте тиімді екенін білдік.

— Ханс Циммер бағдарламасына билеттер қанша тұрады?

— Алматыда 7 мыңнан 30 мың теңгеге дейін.

— Сіздер үшін ең тиімді маркетинг арналары қандай?

— Басында тек Instagram болды. Қазір TikTok пен YouTube қосылды. Әр концертке арнайы таргет жарнама жібереміз. Бүгінде шамамен 232 мың жазылушымыз бар, бұл география кеңейген сайын табиғи өскен көрсеткіш. Әдетте жарнамаға болжанған табыстың 10%-ын жұмсаймыз.

— Жаңа нарықта концерт шығынын қалай есептейсіздер?

— Бұрын бәрі оңай еді: өзім елге барып, келіссөздер жүргізіп, «не болар екен» деп қарап көретінмін. Қазір бізде қаржылық модель бар: деректер жинаймыз, түрлі сценарийді есептейміз, шығын мен табысты бағалаймыз. Содан кейін ғана баруға тұрарлық па, жоқ па деп шешім қабылдаймыз.

Жақында өткен Литва, Латвия және Эстониядағы гастрольдерден кейін Еуропада салықтың өте жоғары екенін, Қазақстанмен салыстырғанда 10–15% артық екенін түсіндік. Бұл қаржы моделіне қатты әсер етеді, және біз бірден пайданы Қазақстанмен немесе Орта Азиямен салыстырғанда азырақ болатынын көреміз.

— Қазақ тойларында өнер көрсеткен кезіңіз болды ма?

— Білесіз бе, бірде-бір рет болған жоқ. Тек коммерциялық іс-шараларда: форумдарда, конференцияларда ғана өнер көрсеттік. Бірақ Қазақстаннан тыс жерде тойлар болды. Мысалы, Қырғызстанда.

«Өкінішке қарай, филармония мен театрларға қазір сонша адам келмейді»

— Команда туралы айтып беріңізші…

— Қазір командамызда шамамен 20 адам бар: маркетинг бөлімі, концерттік бөлім, HR, даму бөлімі және қаржы. Өзім — негізін қалаушымын.

— Коммерциялық мақсат пен көркемдік идея арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыздар?

— Біз тек барлық жерде ойнайтын супертанымал тректерді ғана орындамаймыз. Бағдарламада әрі танымал, әрі сирек, күтпеген шығармалар да бар. Кейбір жобалар табыс табу үшін жасалмайды. Соның жарқын мысалы — заманауи скрипкашылардың бірі Максим Венгеровты шақыру.

Коммерциялық тұрғыдан бұл шығыны көп жоба болса да, оны соңына дейін жеткіздік. Музыканттар арасында ол танымал, бірақ кең аудитория оны біле бермейді. Маңызды деп санағандықтан ғана Алматы мен Астанада екі концерт өткіздік.

— Өз музыкаңызды шығарғыңыз келмей ме?

— Әрине, ол туралы ойладық. Бірақ бұл мүлде басқа бағыт, яғни продюсерлік жұмыс. Қазір кез келген адам компьютермен музыка жасай алады, бұл бүкіл саланың ережесін өзгертті.

Ең танымал орындаушылардың өзінде 150–200 әннің ішінен тек 10–15-і ғана хитке айналады. Яғни конверсия — шамамен 10%. Ал бізде бизнес. Рентабельдік, болжам мен тұрақтылық маңызды. Өз өніміңді жасау үлкен ресурс пен уақыт талап етеді, ал нәтиже мүлдем болмауы мүмкін.

— Демек, сіздің жұмысыңыз — ең алдымен бизнес пе?

— Иә да, жоқ та. Біз музыканы нөлден жасап жатқан жоқпыз, оны қайта орындаушымыз. Бұл — шоу, ұйымдастыру, логистика, жарық, дыбыс. Бұл — үлкен жұмыс! 2024 жылы біздің концерттерімізге 172 мың адам келді. Коммерциялық жоба болғанымыздың арқасында біз жиі гастрольге шығып, музыканы көп тыңдарманға көрсете аламыз. Өкінішке қарай, қазір филармония немесе театрларға мұнша адам келмейді.

— Ұжымды бір тұтас етіп ұстап тұрған не?

— Бастапқы миссия — Қазақстанның шағын қаласындағы адамдарға дейін аспаптық музыканы тыңдауға мүмкіндік беру. Алдымен Қазақстан аумағында, кейін шекара астық. Виктор Гюгоның жақсы сөзі бар: «Театрлар көбейген сайын, түрмелер азаяды». Біз сенеміз: мәдениет аймақтарда көбейсе, орта да жақсарады. Бұл — үлкен миссия: мәдениетті халыққа жеткізу.

Егер бизнес жағынан айтсақ, айына 3–5 концертті бірнеше адаммен-ақ ұйымдастыруға болады. Бірақ концерт саны 20–30-ға жеткенде (ал желтоқсанда тіпті 42 концерт болды!), командасыз мұндай ауқым мүмкін емес екенін ұқтық. Бір адам бір уақытта он елде өнер көрсете алмайды. Сол себепті бізде қуатты бэк-офис және әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін музыканттар бар. Біздің іргетасымыз міне, осы.

Сізге қызық болуы мүмкін

«Пәтер алу үшін жинаған 8 млн теңгені салдым». Алматы тұрғыны IT-стартапқа бола табысты бизнестен бас тартты

саундтрекTynda Music