Қазақстандықтар жасанды интеллекті құрылыс саласына қолданудың тиімді жолын ойлап тапты. Surfaice стартапының тарихы

Рус
Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции Ищем журналистов в Алматы! Ищем журналистов в Алматы!
Дата публикации: 30.06.2025, 13:28

Әлім Үдербеков Тараз қаласында инженер-құрылысшының отбасында дүниеге келген. Ол бала кезінен құрылыс алаңындағы процестердің бейберекетсіз ұйымдастырылатынын көріп, өскенде жағдайды өзгертпекші болған. Оның алғашқы жобасы – Қазақстан мен Ресейде жұмыс істеген «ГдеМатериал» құрылыс материалдары маркетплейсі. Алайда бұл өнім тек бір ғана мәселені шешетін. Нағыз инновациялық дүние жасау үшін кейіпкеріміз АҚШ-қа аттанды. Сол жерде алматылық Омар Жандарбекұлымен бірге Surfaice стартапын құрды. Бұл — құрылыс процестерін оңтайландыруға арналған жасанды интеллект платформасы. Былтыр жоба $1,5 млн инвестиция тартты.

Digital Business-ке берген сұхбатында Әлім мен Омар табысты мансабын не үшін тастап, стартаппен айналысуға бел буғанын, Surfaice жобасының бастапқы идеясы қандай болғанын және бұл жоба құрылыс жұмыстарын қалай жеңілдететінін айтып берді. Сондай-ақ команда неге көп клиент алмайтынын және Surfaice алғашқы күннен бастап табыс табуға қалай қол жеткізгенін де бөлісті.

«АҚШ-қа барғым келді, өйткені ең инновациялық дүниелер сол жақта пайда болады ғой»

– Surfaice-ке дейін немен айналыстыңыздар?

Әлім: – Алматыдағы РФММ-ды бітіріп, Мәскеудегі Н.Э.Бауман атындағы ММТУ-да «Ғарыш кешендерін модельдеу және басқару» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бірақ мамандық бойынша жұмыс істеген жоқпын. Консалтингке кеттім, кейін Яндекс кәсіпкерлер мектебіне түстім. Жеке жобам үшін идея іздеп жүріп, Қазақстан мен Ресейде сәтті жұмыс істеген құрылыс материалдарының маркетплейсі — «ГдеМатериал»-ды құрдым.

Омар: – Мен Қазақстанда құрылыс инженері ретінде еңбек жолымды бастадым. Алдымен Esentai Tower кешенінің құрылысында жұмыс істедім. Ол жерде қазір The Ritz-Carlton Almaty бар. Кейін Astana Expo 2017 үшін бірыңғай құрылыс кестесін әзірлеуге жетекшілік еттім.

Содан кейін АҚШ-қа барып, 2017 жылы Duke University-ге инженерлік менеджмент бойынша магистратураға түстім. Құрылысқа цифрлық технологиялардың қалай әсер ететінін тереңірек түсінгім келді. Оқуды бітірген соң, құрылыс технологиялары саласындағы Katerra стартапында жұмыс істедім. Компания $1,5 млрд инвестиция тартқан. Онда біз небәрі 90 күн ішінде Лас-Вегастағы 24 пәтерлі K-90 модульдік тұрғын үй кешенін тұрғыздық, бұл АҚШ-тағы қалыпты мерзімнен әлдеқайда жылдам.

surfaice

Кейін электромобиль өндірушісі Rivian компаниясына ауыстым. Ол кезде компанияға электромобильдерге арналған инфрақұрылымды жедел іске қосу қажет болды. Біз дәстүрлі кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын тәсілдің орнына өтпелі, толық цифрланған әдісті енгіздік: онда жер телімін таңдаудан бастап рұқсат алу, құрылыс және іске қосуға дейінгі барлық процесс бір ІТ-жүйе арқылы басқарылды. Мұндай модельдің арқасында екі жылдан аз уақыт ішінде 300 жылдам қуаттау станциясынан тұратын Rivian Adventure Network желісі іске қосылып, 50-ден астам сервис-орталық ашылып, Иллинойс штатындағы зауыт кеңейтілді.

– Әрқайсыңыздың жақсы қалыптасқан мансабыңыз болған. Неліктен тұрақты жұмысты тастап, стартап ашуға бел будыңыздар?

Омар: – Құрылыс саласында 10 жыл жұмыс істеп, бұл саланы ішінен танып-білдім. Әлі күнге дейін барлық процестер қолмен атқарылады, деректер жабық, жүйелер бір-бірімен байланысты емес. Үлкен компанияларда кез келген жаңалықты енгізу үшін жарты жыл келісім қажет. Ал жасанды интеллект бұл ережелерді түбегейлі өзгертеді, күнделікті қайталанатын жұмысты автоматтандырып, процестерді толықтай біріктіруге болады.

Әлім екеуіміз Surfaice-тің алғашқы сызбасын жасағанда, бірден түсіндім: бұл — құрылыс процестерін басқаруда үнемі жетіспей жүрген құралды жасауға берілген мүмкіндік. Идеяны нағыз өнімге айналдыру үшін корпоративтік жайлы ортадан шығып, бар күшімді Surfaice-ке арнадым.

Әлім: – Мансабымдағы барлық жобалардың мақсаты бір — шынайы құндылық жасау. Маркетплейсті айтсам, ондағы басты жаңашылдық — логистика мен деректерді байланыстыратын технологиялық қозғалтқыш болды. 2022 жылы Ресейден Вьетнамға көшіп бардым. Сол жерде АҚШ-қа барғым келетінін түсіндім. Өйткені ең инновациялық дүниелер алдымен сол жақта пайда болады ғой.

Surfaice

Виза алып, билет сатып алып, қонақүйге бронь жасадым. Нақты жоспарым болмаса да, хакатон тауып, таныстық желісін кеңейтем деп шештім. Бірақ кейін босқа барам ба деп ойландым. Неден бастасам екен деп жүргенде, Draper University бағдарламасын көріп қалдым. Astana Hub ұйымдастырған бұл жоба арқылы АҚШ-қа жол түсті.

Мақсатым стартап ашу емес, Кремний алқабын не ерекше ететінін түсіну болды.

– Бұл сұрақтың жауабын таба алдыңыз ба?

Әлім: – Мұнда стартаптар мәдениеті ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Мысалы, Дрейперлер отбасының төрт ұрпағы венчурлық инвестициялармен айналысып келеді. Бұл орта стартаптардың қалай жұмыс істейтінін түсініп, оларды қолдайды.

Басқа елдерде, оның ішінде Қазақстанда да, стартаптар көбіне бұрыннан бар нәрсенің жақсартылған нұсқасы болып жатады. Бірақ ол әрдайым инновация бола бермейді. АҚШ-та әрқашан «Сен әлемді қалай өзгертесің?» деген сұрақ қойылады. Дәл осы ойлау жүйесі Кремний алқабын өзгелерден ерекше етеді.

Surfaice

Омар: – Мұндағы басты айырмашылық — көзқараста. Стартап — жай ғана бизнес немесе сервис емес. Бұл — зерттеу, эксперимент, мүлде жаңа жол ұсыну әрекеті. Мысалы, AirBnB отель салған жоқ, тек тұрғын үйді жалға беру тәсілін өзгертті. Нәтижесінде тұтас индустрия өзгерді.

«Соңғы мақсат — үйді толықтай жасанды интеллект көмегімен салу»

– Surfaice идеясы қалай пайда болды?

Әлім: – АҚШ-та жүргенде ерте кезеңдегі құрылысқа инвестиция тартуға арналған жұмыс істеп тұрған платформам бар еді. Жоба бәрін таңғалдырады деп ойладым. Олай болмады. Венчурлық қорларға қатысы бар жаңа таныстарым бұл идея тек бағалар айырмасымен ойнау екенін айтты.

Қайта ойландым. Жаңа идеялар іздей бастадым. Құрылыс әрдайым жаныма жақын сала екенін түсіндім. Бес жасымда біз әлі салынып болмаған үйге көштік. Әкем — мамандығы бойынша математика пәнінің мұғалімі құрылысшы болып жұмыс істей бастады, ал мен оған көмектестім: құрал-саймандарды тасып, жұмысшылармен сөйлесіп, тіпті құмның үстінде ұйықтап қалатынмын. Кейін құрылыс саласында бәрі ретсіз әрі шала жасалатынын байқай бастадым. Әкемді сметаларды Excel-де жасау үшін компьютер алуға көндірдім, кейін AutoCAD бағдарламасын меңгеріп, жобалауға қызыға бастадым, әкеммен бірге үйреніп жүрдім. Бірақ жобалау мен нақты құрылыс арасындағы алшақтық орасан екенін түсіндім.

Жаңа идея керек болды. Қорлармен кездесіп, тәжірибемді бөлісіп, олар не нәрсеге инвестиция салып жатқанын сұрадым. Көбі ЖИ деп жауап берді. Жасанды интеллект құрылыс саласын қалай өзгерте алатынын ойлап таппақ болдым. Жасанды интеллектің не екенін аз-маз білсем де, құрылыстағы білімім жетіспеді. Кәсіби тәжірибесі бар адам іздеуім керек болды. Бір танысым Омарды ұсынып, кездес деді. Онымен бірнеше сағат сөйлесіп, Surfaice идеясы туындады.

– Ол қандай идея?

Әлім: – Соңғы мақсат — ғимаратты толық ЖИ көмегімен салу. Бірақ оған біртіндеп жету керек. Алдымен McDonald’s не Starbucks секілді стандартты ғимараттарды автоматтандыру жеңіл екенін түсіндік. Себебі ЖИ-ге жоба құрастыру қажет емес, алгоритм белгілі.

Содан кейін платформаны кімге арнайтынымызды анықтадық. Жауапты адам құрылыс менеджері болады деп тоқтадық. Құрылыс алаңындағы барлық нәрсе осы адамның шешіміне байланысты.

– Бүгінде Surfaice не істей алады?

Омар: – Біз Surfaice-ті әр құрылыс компаниясына бейімдейміз: жасанды интеллект оның жобаларына үйренеді және әрбір спринт сайын дағдыларын кеңейтеді. Біз нарық не қажет ететінін болжай салмаймыз, керісінше, өнімді пайдаланушылармен бірлесе отырып, құдды бір пазл секілді құрастырамыз. Қазірдің өзінде цифрлық көмекшіміз жоба алдындағы бүкіл циклді қамтып, команда уақытының орта есеппен 30%-ын үнемдейді. Бүгінде ол мыналарды істей алады:

  • құрылысқа қолайлы алаңдарды іздейді;
  • олардың қолжетімділігін тексереді, құқықтық шектеулерді зерттейді;
  • өлшеуге шығатын бригадалардың жұмысын ұйымдастырады;
  • деректер жинап, бюджет пен кестелер жасайды;
  • мердігер іздеуге тендер ұйымдастырады;
  • рұқсат қағаздарын рәсімдеуге көмектеседі және т.б.

– Ал алғашқы клиенттерді табу қиын болды ма?

Әлім: – Жоқ, жүйені толық іске қоспай тұрып-ақ таптық. Біздің алғашқы клиентіміз – Қазақстандағы балаларға арналған Avataria ойын-сауық саябақтарының желісі. Тапсырыс берушіге Қазақстан мен Өзбекстанда ойын-сауық орталығына бос орындар тауып беру керек болды. Біз тез арада жүйе жасап, ол барлық сауда орталықтарының иесіне хат жаза бастады және шынымен де лайықты орындар тапты.

Екінші мысал – Citix компаниясы. Түрлі қалада смартборд орнатуға қолайлы орындар ұсынуы үшін біз ЖИ-ды оқыта бастадық.

АҚШ-та клиент табу сәл көбірек уақытты алды. Алғашқысы – Urban Rock Properties деген коммерциялық брокер болды. Ол Amazon, Tiffany, Tesla және басқа компанияларға орын табуға көмектеседі. Пилоттық жоба өте сәтті өтті, тіпті брокер кейін Surfaice-ке инвестиция салды. Ізінше Walmart пен McDonald’s-тың жобаларын жүргізетін ірі бас мердігер қосылды. Біз ол үшін тендерлер мен үйлестіру жұмысын автоматтандырып, бір уақытта бірнеше өңірлік құрылысты сапа мен уақыт шығынынсыз жүргізуге көмектесіп жатырмыз.

Қазір бізде B2B саласынан онға жетпейтін клиент бар. Бірақ біз олардың санын әдейі көбейтпейміз, өйткені дайын өнім сатпаймыз, керісінше стандартты ЖИ модульдер негізінде жеке шешімдер жасаймыз. Мұндай тәсіл жобаның алғашқы күнінен бастап табыс табуға мүмкіндік берді.

– Ақша демекші, Surfaice қызметтері қанша тұрады?

Омар: – Баға әр клиентке жеке есептеледі. Қазақстанда біз белгілі бір міндетті, мысалы, орын іздеуді орындайтын қарапайым ЖИ-агенттерді жасай аламыз. Мұндай агенттердің құны $1000-нан басталады. Ал АҚШ-та деңгей басқа: ол жақта біз тұтас жобаларды басқаратын күрделі цифрлық қызметкерлер құрамыз. Ондай шешімдер жүздеген мың долларға дейін жетеді.

«Егер жұмысыңды жақсы істесең — фандрайзинг өзі келеді»

– Былтыр сіздер $1,5 млн инвестиция тарттыңыздар. Негізгі инвестор кім болды?

Әлім: – Алғашқы инвесторларымыздың бірі – Sturgeon Capital қоры. Олар алғашқы чекті берді, бірақ бір шарт қойды: қосымша $1 млн тарту керек.

Біз сонымен қатар Shadow Ventures-ті тартқымыз келді. Бұл Construction Tech-ке маманданған ең үздік венчурлық қорлардың бірі, олар жылына 3-5 жобаға ғана инвестиция салады. Алдымен олар бізден бас тартты, бірақ кейін жетістігімізді көрсеткенде келісімге келдік. Сонымен бірге iSeedVC, Big Sky Capital, Plug and Play және MOST Ventures қорлары да раундқа қатысты.

Омар: – Біздіңше, фандрайзинг — бір реттік емес, үздіксіз жалғасатын процесс. Surfaice әрдайым біздің көзқарасты бөлісетін және стратегиялық құндылық әкеле алатын серіктестерге ашық.

Бәрі оңай: егер сен өз ісіңді жақсы істеп жүрсең, инвестиция өзі-ақ келеді. Егер келмесе, не әлі дұрыс адамдарды жолықтырмадың, не жобаны пысықтау қажет.

– Бас тартқандар көп болды ма?

Әлім: – Болды. Мысалы, ерте кезеңде біз NFX деген америкалық қордан Пит Флинтпен кездестік, ол екі юникорн құрып, бірін IPO-ға шығарған, екіншісін сатқан. Біз ол кездесуге дайын болмай, сұрақтарға толық жауап бере алмадық. Нәтижесінде ол бізден бас тартты.

– Сіздің ойыңызша, инвесторлар неге жобадан бас тартады?

Әлім: – Кремний алқабында мыңдаған қор бар. Сен кіммен сөйлесіп отырғаныңды білмейсің: ол белсенді инвестор ма, микроқоры бар адам ба, инвестормен таныс адам ба, әлде тек стартапына идея жинап жүрген адам ба – белгісіз.

Көп жағдайда бас тартса, фаундер нашар немесе жоба қызық емес болғаннан емес, демек сен керек жерге бармағансың.

«Біз өз аймағымыздан адамдар алуға тырысамыз»

– Surfaice-те тағы кім жұмыс істейді?

Әлім: – Қазір Surfaice-те шамамен 25 адам жұмыс істейді. Негізгі ұжым – software-инженерлер мен ЖИ-зерттеушілер. Біз мүмкіндігінше өз аймағымыздан адамдар алуға тырысамыз, өйткені Қазақстанда іргелі білім мықты.

Бірақ АҚШ-та да мықты мамандарымыз бар. Мысалы, менеджеріміздің бірі – 20 жылдан астам тәжірибесі бар құрылыс маманы. Бұрын ол 7-Eleven супермаркеттер желісінің құрылыс директоры болған: жылына 350-ден астам дүкен ашып, 150 адамнан тұратын команданы басқарған. Қыркүйектен бері біздің командада жұмыс істеп жатыр.

– Келесі жылы өнім қалай дамиды?

Омар: – Біздің басты мақсат – әлемде бірінші болып, ЖИ көмегімен типтік жобаның тез әрі тиімді салына алатынын көрсету. Осы үшін біз АҚШ пен Қазақстандағы ірі ритейл-компанияларды тартып жатырмыз. Олар құрылыста біздің типтік цифрлық агенттерді пайдаланады.