Мектепті стартап үшін тастап, Лондонда $1 млн инвестиция тартқан алматылық жасөспірімнің оқиғасы

Арлан Рахметжанов — 18 жаста. Бір жыл бұрын біз ол туралы жазған едік. Ол кезде мектеп оқушысы екі стартап жасап, Стэнфорд университетіне түскісі келетін. Қазір ол үлкен код базаларымен жұмыс істейтін әзірлеушілерге көмектесетін Nozomio атты жасанды интеллект платформасын дамытып жатыр. Осы жобасымен Арлан Entrepreneurs First акселераторына өтіп, Лондонда небәрі 5 күннің ішінде $1 млн инвестиция тартты. Сол үшін алматылық жігіт мектептен бас тартуға мәжбүр болды!
Digital Business Арланнан инвесторларды несімен қызықтырғанын, инвестицияны қалайша тез тарта алғанын және неліктен "артық ақшадан" бас тартуға тура келгенін сұрады. Сондай-ақ, Арлан Ұлыбритания астанасының несімен таңғалдырғанын және неге Сан-Францискоға көшуді жоспарлап отырғанын айтып берді.
«Таңғы 5-те тұрып, тез үй тапсырмасын орындап, сабаққа барып, кешке жобамен жұмыс істейтінмін»
— Мен бизнеске он жасымнан бастап қызықтым. Соңғы кездері өз жобаларымда код жазу үшін жасанды интеллекті көп қолданамын. Бірақ уақыт өте келе оның шектеулерін сезіндім, ЖИ көмекшілер көбіне контекстті түсінбей, қателесетін. Осыдан кейін Nozomio идеясы пайда болды, ол кодпен жұмыс істеуге көмектесетін, барлық ерекшеліктерді ескеретін платформа. Оның жүрегі — Nia AI деп аталатын интеллектуалды көмекші. Ол жобаның құрылымын түсініп, инженер секілді нақты әрі түсінікті жауап береді. Алғашқыда жалғыз жұмыс істедім, қазір де командасыз жалғастырып келемін.
Бұл өнім нарыққа қажет пе, соны білу үшін Y Combinator акселераторының қысқы легіне өткен шамамен 30 стартап негізін қалаушыға жеке хат жаздым. Олардың бірі — Artificial Societies компаниясының негізін қалаушы Джеймс Хе маған жауап берді. Ол жобамды тексеріп көріп, Twitter (қазір X) кеңестер алгоритмін жүктеп, сұрақтар қойып, жүйенің дәлдігіне қатты таңғалды. Сол кезде өнім әлі шикі болса да, менің гипотезам сәтті екенін түсіндім. Бұл маған шабыт берді.
Биыл 14 ақпанда мен Nia AI-ды Product Hunt платформасында жарияладым. Ол жерде стартаптар өз өнімін көрсетіп, қоғамнан пікір жинайды. Сол күні-ақ тәуліктің үздік үштігіне кіріп, алғашқы назар мен пікірлерді жинадым.
Ол кезде мен әлі мектепте оқитынмын: таңғы 5-те тұрып, тез үй тапсырмасын орындап, мектепке барып, кешке жобамен айналысатынмын. Мектеп кедергі келтірмесе де, көп уақыт пен энергия алатын. Сол уақытта YC, a16z speedrun, Sequoia Arc, Entrepreneurs First сияқты үздік акселераторларға өтініш беруді шештім. Неге бақ сынап көрмеске деп ойладым.
«Анам қуаныштан жылап жіберді»
— Нәтижесінде Entrepreneurs First акселераторына өттім. Алғашқы сұхбат наурыздың басында болды, ал 13 наурызда шақыру алдым. Яғни алғашқы код жазылған күннен бастап іріктеуге дейін бір айдан сәл ғана көп уақыт өтті.
Бастапқыда мені Парижге шақырды, бірақ кейін Лондонға ауыстым. Мектепті не істеймін деген сұрақ туды. Бағдарлама алты айға созылады және оған толыққанды қатысу қажет. Яғни оны мектеппен қатар алып жүру мүмкін емес еді.
Сол сәтте бірінші кезекте досым Арсен Қылышбекке (The Personal AI Company негізін қалаушы) хабарластым. Ол да осы бағдарламадан өткен. Қуанып: «100% бару керек» деді. Ата-анам да қолдады — олар өздері де кәсіпкер, мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайтынын жақсы түсінеді. «Балам, барып кел» деді. Анам тіпті қуаныштан жылап жіберді. Бірақ мектеп мәселесін шешу қажет болды. Мен АҚШ жүйесі бойынша жұмыс істейтін халықаралық мектептің 11-сыныбында оқып жүргенмін — бұл Қазақстан стандарты бойынша 10-сынып.
Директорға барып, жағдайды түсіндірдім. Мектептен академиялық демалыс алдым. Nozomio құрғанға дейін бұрын Стэнфордқа түсуге қатты құштар едім. Бірақ қазір менің өмірім тым қарқынды жүріп жатыр, жоспарлар жылдам өзгеруде. Қазір бар назарымды стартапқа арнадым.
Көп оқушы: «Стартап ашамын» дейді, бірақ ақыр соңында оны кейінге ысырып қояды. Меніңше, бұлай жасауға болмайды. Стартап — кешкілік уақытты ғана арнайтын іс емес.
«Ақшаны ұсына берген соң, оны ала беру дұрыс емес»
— Лондонға бару үшін виза рәсімдеу қажет болды, ал бұрынғы визамның мерзімі өтіп кеткен, уақыт тым аз еді. Құжаттарды ұшуға екі апта қалғанда тапсырдым. Ұшу мен алғашқы күндерге қажет баспана шығындарын акселератор беретін £6000 (шамамен 4 млн теңге) грант арқылы жаптым. Ата-анам жол жүруге көмектесті, моральдық тұрғыда да қолдау көрсетті.
Nia AI-дың релизі мен акселераторға өткеннен кейін бәрі тез өрби бастады. Нарық қызығушылығын тексеру үшін Pre-seed раунд аштым. Лондонға келген соң небәрі 5 күн ішінде бұл раундты жаба алдым. Бәрі LinkedIn-дегі жазбадан кейін басталды. Мен онда «Мектептен кетіп, Лондонға акселераторға барамын» деген жазба жарияладым. Ол жазба 200 мыңнан астам қаралым жинады, бір түн ішінде мыңдаған жазылушы қосылды. Көп адам байланысып, кездесуге ниет білдірді. Бұл мен үшін таныстар тізімін кеңейтуге үлкен мүмкіндік болды.
Раундқа қызығушылық мен күткеннен де жоғары болды. Алғашқыда $1 млн инвестиция жинау мақсатын қойдым. Бірақ ұсыныстар саны артып кеткен соң, кейбіреулерге, тіпті Sequoia Capital скаутына да сыпайы түрде бас тартуға тура келді. Себебі үлесті тым бөліп жібергім келмеді. Офферлер қажет мөлшерден көп болғанда және кейбір қорларға «жоқ» деуге тура келгенде, бастапқыда мазам кетті. Жақсы адамдардан, әсіресе маған және жобама шын сенгендерден бас тартып, қателік жасап жатқандай болдым. Біреуді жерге қаратқандай немесе мүмкіндікті жіберіп алғандай күй кештім. Бірақ жағдайды байыппен саралап, компанияның мақсаттарын есіме түсіргенде, бір нәрсені ұқтым: фокус бәрінен маңызды. Бұл кезеңде ақшаны тек ұсынғаны үшін ала салуға болмайды. Маңыздысы — саған тек капитал ғана емес, стратегиялық құндылық бере алатын, сенің жолыңмен бірге жүре алатын серіктестерді таңдау. Ұсынысты қайтара білу — бұл да көшбасшылықтың бір түрі.
Инвестиция туралы келісімді Лондонға келгеннен кейін бесінші күні ресми түрде бекіттік. Бұл туралы бірінші болып жобамды алғаш сынаған стартапшы Джеймс Хеге айттым. Біз болып жатқан жағдайға таңырқап, бұл сәтті бірге атап өту үшін әрі кеңес алу үшін Лондон орталығындағы корей мейрамханасына бардық.

Арлан мен Джеймс Хе (сол жақта)
Nozomio-ға лид-инвестор Еуропадағы ең мықты қорлардың бірі — LocalGlobe болды. Олар Figma, Wise, Robinhood, Revolut жобаларына да инвестиция салған. Инвестиция SAFE келісімімен жасалды — яғни ақша бірден беріледі, ал үлес стартап құнын нақты бағалау сәтінде бекітіледі.
Сонымен қатар, маған Eurasian Hub Ventures негізін қалаушы Нұрдаулет Базылбеков те инвестиция салды. Кейінірек ол стратегиялық кеңесші ретінде командаға қосылды. Фандрейзинг пен даму жағынан көмектеседі.
«Бөлмеде — Оксфорд пен Кембридж түлектері және мен — Алматыдан келген оқушы»
— Бәрі оңай болғандай көрінуі мүмкін. Бірақ шындығында олай емес. Ұйқысыз түндер өткізіп, таңғы сағат төртке дейін стратегия құрған кездерім болды. Ойлап қараңызшы: небәрі 18 жастамын, Лондонға жаңа келдім, ал адамдар менің ісіме $1 млн-нан астам инвестиция салуға дайын. Ессіз әрі қызық сәттер еді.
Барлығын жедел үйренуге тура келді: Excel кестелерін жүргізу, cap table есептеу — кім қанша үлес алады, мүлік қалай бөлінеді. Заңға қатысты сұрақтар да болды, бәрін білуім тиіс еді. Күйзелісте болдым, бірақ нәтижесінде бәрі шешілді.
Қаржы келгеннен кейін ең алғаш сезінгенім — жеңілдік. Иығымнан ауыр жүк түскендей болды. Ақыры өзіме ең маңызды дүние — өнім жасаумен айналыса алатынымды түсіндім. Бұл менің идеям мен өнімімнің мәні бар екенін дәлелдеді. Енді мен «өнім өзім үшін» емес, «комьюнити үшін маңызды мәселені шешу» кезеңіне өттім.
Entrepreneurs First бағдарламасында керемет адамдар жиналған. Бір бөлмеде 40 адам, барлығы — бірдеңе жасап, әлемге пайда әкелгісі келетін дарындар. 70%-ы — Оксфорд пен Кембридж түлектері, Гарвардтың PhD иелері, Google мен Apple-де жұмыс істегендер және мен — Алматыдан келген мектеп оқушысы.
Таныстық пен байланыс мүмкіндіктерінен бөлек, мен Лондонның стартап экожүйесінің қалай жұмыс істейтінін үйреніп жатырмын. Бұл — кәсіпкерлік үшін ең қолайлы қалалардың бірі ғой, Нью-Йоркпен қатар әлемнің қаржы астанасы саналады.

Арлан Рахметжанов Лондонға көшкен алғашқы күндері — Бенджамин Г. (LocalGlobe қорының деректер мен ЖИ жөніндегі арнайы кеңесшісі) және Мирча Данила Думитрескумен (LocalGlobe-тың техникалық кеңесшісі) бірге
«Меніңше, әлі нағыз product-market fit-ке жеткен жоқпын»
— Алдағы 12 айда тартылған инвестицияға екі инженерді жұмысқа алғым келеді – негізгі назар backend пен инфрақұрылымға бағытталады. Екінші маңызды бағыт — Сан-Францискоға көшу. Бұл — виза рәсімдеу, заңгерлер, логистика — бәрі де айтарлықтай шығынды талап етеді. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі инфрақұрылымға жұмсалады: серверлер, сервистерді масштабтау, техникалық қолдау. Неліктен дәл сол жаққа көшем? Өйткені АҚШ — әсіресе Сан-Франциско — техникалық талант деңгейі, амбициясы жоғары негізін қалаушылардың шоғырлануы және инновация жылдамдығы жағынан Еуропадан озық. Меніңше, болашақ дәл сол жерде құрылып жатыр.
Қазір Nia AI-дың 900-ден астам пайдаланушысы бар. Олардың бір бөлігі — ақылы жазылушылар, оның ішінде корпоративтік клиенттер де бар. Бізде жазылым моделі қолданылады: жеке әзірлеушілер стандартты жазылым арқылы қосылады, ал компанияларға олардың нақты міндеттеріне бейімделген арнайы шешімдер ұсынамыз.

Арлан Рахметжанов bloop кеңсесінде
Алғашқы клиенттер Product Hunt арқылы келді. Кейін нетворк іске кірісті: біреулер бөлісті, біреулер тікелей жазды, жаңа сұраныстар түсе бастады. Клиенттердің арасында танымалдары да бар — мысалы, Y Combinator түлектері Artificial Societies пен Leaping AI.
Өнім қазірдің өзінде қолданыста, оған ақша төлейді — демек, құндылығы бар. Бірақ меніңше, мен әлі нақты product-market fit-ке жеткен жоқпын. Көп адам маған: «Ол кезең келгенде, міндетті түрде сезесің» — дейді. Бір сәтте «бұл бар ма өзі?» деген сұрақ мүлде жоғалып, «иә, бәрі іске асты» деген түсінік келеді. Ал әзірге мен әлі ойланып жүрмін: мүмкін стратегияны өзгерту керек шығар немесе шешімді басқа қырынан қарау қажет шығар. Мен сенетін нақты мәселе бар, бірақ икемділікке де орын қалдырғанмын.
Сондықтан қазіргі мақсат — бар пайдаланушылар арасынан өнімге шынымен берілген, оны менімен бірге дамытатын 100 жанкүйер табу. Олар өнімді жұмысына шын мәнінде енгізіп, дамуына әсер етіп, тұрақты кері байланыс беріп отырса деймін. Міне, нағыз өсім сол сәттен басталады деп ойлаймын.
«Қазіргі көп ЖИ-көмекші соқыр: қателеседі, бәрі бақылауда сияқты кейіп танытады»
— Адамдар Nia AI-ды әртүрлі мақсатта қолданады және бұл менің неге үнемі пайдаланушылармен сөйлесіп отыруым керектігінің бір себебі. Мысалы, жеке әзірлеушілер бұл сервисті күрделі жобаның архитектурасын түсіну үшін қосады — яғни біреудің кодын тез меңгеру үшін. Олар код базасын жүктеп, чат арқылы сұрақтар қояды: қайда не орналасқан, логика қалай құрылған деген секілді. B2B-командалар Slack-интеграцияны жиі пайдаланады, чатта жай ғана Nia-ны белгілеп: «Тіркелу модулі қалай жұмыс істейді?» немесе «Профильге қатысты UI-компоненттер қайда?» деп жазады. Жауап дайын, өйткені жүйе алдын ала жобаның картасын жасап, оның құрылымын түсінеді.

Арлан Рахметжанов пен Нурдаулет Базылбеков
Бұған қоса API мен серверлік интеграция бар, ол өз процестеріне Nia AI-ды қосқысы келетіндерге арналған. Бұл компания бірнеше жобамен жұмыс істесе немесе жаңа әзірлеушілердің онбординг процесін автоматтандырғысы келсе, өте ыңғайлы.
Қазір Nia AI — бұл ең алдымен кодты түсінуге арналған құрал, генерация үшін емес. Менің мақсатым — жасанды интеллект тек жауап беріп қана қоймай, жобаны тірі жүйе сияқты «оқи» білсін. Бүгінгі ЖИ-көмекшінің көбі соқыр: қате жібереді, бірақ бәрін бақылауда ұстап отырғандай түр көрсетеді. Менің ЖИ-агентім сеньор секілді ойланатын болсын деймін — жобаны толығымен түсініп, кодқа ғана емес, оның құрылымы мен логикасына да көмектессін.
Сонда әзірлеушінің жанында бүкіл жобаны «ойында ұстайтын» шын мәніндегі серіктес болады. Егер осыны жүзеге асыра алсам, демек, бар күшім мен уақытым текке кеткен жоқ.