Қазақстандық ғалымдар дәрі-дәрмек жасауды жеделдетудің жолын тапты. Олардың стартапы $12,5 миллионға бағаланды

ARLAN BIOTECH компаниясының негізін қалаушылар – Дәукен Сейтқали мен Болат Сұлтанқұлов
2020 жылы қазақстандық ғалым Болат Сұлтанқұлов COVID-19-ды анықтауға арналған инновациялық тест ойлап тапты. Оның ерекшелігі — наноденелер (антиденелердің бір түрі) қолдануында. Олардың ағзадағы қызметі — «жауларды», мысалы, вирустар мен қатерлі ісік жасушаларын тауып, соларға жабысып, ағзаға олардан арылуға көмектесу. Осы қасиеттерінің арқасында антиденелер диагностика мен емде қолданылады. Наноденелер де осы принциппен жұмыс істейді, бірақ олар әлдеқайда кішкентай әрі зертханада синтездеу оңай. ARLAN BIOTECH стартапының тарихы дәл осы идеядан басталды.
Кейін бұл процесті жасанды интеллект арқылы едәуір жылдамдатуға болатыны анықталды. Инженер Дәукен Сейтқалимен бірлесіп, Болат түрлі ауруларды анықтауға және емдеуге арналған антидене мен нанодененің бірнеше нұсқасын жасанды интеллект арқылы ұсынатын платформаны жасады.
Digital Business Болаттан бұл технология фармацевтиканы қалай өзгертетінін және обыр, қант диабеті, гепатит немесе ВИЧ сияқты инфекцияларға қарсы дәрі-дәрмек жасауды қалай бірнеше есе жеделдететінін сұрады. ARLAN BIOTECH-тің жаһандық нарыққа қалай шығып жатқаны жайлы, халықаралық фармацевтикалық алпауыттармен келіссөздерден бастап үздік акселераторларға қатысуға дейінгі жолы туралы әңгімелестік. Сондай-ақ, Болат неге тек Қазақстанмен шектелгісі келмейтінін және әлемдік деңгейдегі биотех-компания болу үшін не істеу керектігін айтты.
«Біз жаңа дәрі-дәрмек жасауды түбегейлі жеделдетіп, миллиондаған доллар үнемдей аламыз»
— ARLAN BIOTECH құру идеясы қалай туды?
— Бәрі пандемия кезінде басталды. Біз наноденелер негізінде COVID-19-ды анықтауға арналған тест жасадық. Ол кезде Қазақстанда тест жүйелерінің жергілікті өндірісі болған жоқ. Біз наноденені тез әрі тиімді синтездеуді үйреніп алсақ, тәуелсіз технология жасай алатынымызды түсіндік. Осылайша ARLAN BIOTECH пайда болды. Жарты жылдан кейін тест дайын болды, бірақ омикрон штаммы шыққанда, қолданыстағы әдістер вирустардың ізіне ілесе алмайтынын түсіндік. Сол кезде процесті жасанды интеллектпен жеделдету идеясы туды.
Осы кезеңде жобаға Дәукен қосылды. Ол дәрі жасауға арналған шағын молекулаларды генерациялайтын ЖИ-стартаппен айналысып жатқан еді. Екеуміз күш біріктіріп, наноденелерді жасанды интеллект көмегімен жылдам жасау технологиясына ден қойдық.

Команда бұл процесті автоматтандыру үшін жеке жасанды интеллект жүйесін жасауды қолға алды. Жасанды интеллект үлкен деректер базасында оқытылып, түрлі ауруларды диагностикалауға және емдеуге ең қолайлы наноденелерді ұсына алады.
— Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?
— Жүйеге мақсатты молекуланың деректерін енгіземіз — мысалы, вирус ақуызы немесе обыр нысанасы. Алгоритм миллиондаған ықтимал нұсқаны талдап, ең тиімді наноденелерді ұсынады. Біз оларды зертханада сынап көреміз. Нәтижесінде диагностикалық құрал немесе жаңа препаратқа айналуы мүмкін дайын кандидаттар аламыз. Бұл дәстүрлі әдістерге қарағанда әлдеқайда аз уақытты қажет етеді, классикалық тәсілдерде бір ғана циклге бірнеше ай не жыл кетеді.

Жүйе ұсынған 10 нанодененің ішінен, әдетте, 2-уі іске жарамды. Ал, 20% дәлдік биотехнологияда — өте жақсы көрсеткіш. Біз модельді жетілдіріп, жаңа тәсілдерді сынауды жалғастырып жатырмыз.
Қазір біз наноденелер кітапханасын жасап жатырмыз, бұл фармацевтикалық компанияларға арналған дайын молекула жинағы. Енді оларға антидене алу үшін жануарларды иммундаудың қажеті жоқ. Ақуыздың қажетті бөлігін таңдаса жеткілікті, жүйе оған сәйкес наноденелерді өзі ұсынады. Бұл жаңа терапия жасауды түбегейлі жеделдетіп, жылдарға созылатын зерттеулер мен оған жұмсалатын миллиондаған долларды үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Бұл — миллиардтаған доллар айналымы бар нарық. Кейбір келіссөздер 2 жылға дейін созылады»
— Басты клиенттеріңіз кім?
— Фармацевтикалық компаниялар: шағын (small pharma), орта және ірі (big pharma) ойыншылар. Сонымен қатар, препараттар әзірлейтін келісімшарттық зерттеу ұйымдарымен (CRO) де келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Қазір біз ерте кезеңдеміз және табыс таппаймыз, бірақ нарық тарапынан үлкен қызығушылық бар екенін көріп отырмыз. Бір клиентпен profit-sharing моделі бойынша пилотты жоба бастадық, егер технологиямыз дәрі жасауға көмектессе, түскен пайданың бір бөлігін аламыз.

— Бизнес-модель қалай құрылған?
— Бірнеше бағытымыз бар. Біріншісі — жасанды интеллектті қызмет ретінде сату. Фармкомпаниялар оны өздерінің дәрі жасау процесінде пайдалана алады. Екінші — бірлескен әзірлемелер: біз ЖИ пен сараптаманы ұсынамыз, ал табыс түскен жағдайда интеллектуалды меншік құқығынан немесе сатылымнан өз үлесімізді аламыз. Үшінші — дайын антидене тізбектері кітапханасын сату. Бұл тәсіл компанияларға кіру кедергілерін төмендетеді.
Мысалы, ірі фарма бір препаратты әзірлеуге $500 млн бөле алады, оның $50 млн-ы бастапқы кезеңге жұмсалады. Егер біз мұндай жобадан 1–2% үлес алсақ, оның өзі ондаған миллион доллар. Потенциалды мәмілелер көлемі — жүздеген миллион. Бұл — миллиардтаған доллар айналымы бар нарық, мұнда келісімдерге қол жеткізу үшін 2 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Алдымен — ұзақ зерттеу мен тексеріс, содан кейін — масштабтау. Сондықтан біз кезең-кезеңімен әрекет етеміз: қазір бастысы — сенім қалыптастырып, бедел жинау.
Қазірдің өзінде post-paid моделін қоса алғанда, бірнеше пилоттық келісімшартты талқылап жатырмыз, post-paid бұл — клиент технология тиімді болған жағдайда ғана төлейтін модель түрі. Сонымен қатар, big pharma өкілдерімен алдын ала келіссөздер басталды.
— Компания әлі бастапқы кезеңде болса, ірі клиенттердің сенімін қалай иеленіп жүрсіздер?
— Google for Startups, Дубайдағы MBRIF, Стэнфорд университетінің StartX бағдарламасы секілді халықаралық акселераторларға қатысқанымыз көп көмектесіп жатыр. Бұл алаңдар менторлармен, нарықпен, инвесторлармен байланысты нығайтып, танымалдықты арттырады. Жақында біз Medtech Innovator — медициналық технологиялар саласындағы әлемдегі ең ірі акселераторға өттік. Осы бағдарлама аясында жаһандық питч-турға шығамыз, АҚШ пен Еуропада инвесторлар мен клиенттерге платформамызды таныстырамыз. Сонымен қатар, бізді NVIDIA Inception Program және Еуропадағы бір deeptech акселератор қабылдады.

Оған қоса, біз Meet the Drapers атты реалити-шоуға қатыстық, бұл шоуда түрлі елдерден жиналған стартаптар миллиардер Тим Дрейпер мен оның отбасына өз идеясын таныстырады.
Акселераторлар — жай оқу орны емес. Олар алғашқы сараптамадан өткізеді. Инвесторлар мұны түсінеді: егер сіз StartX немесе Medtech Innovator-дан өтсеңіз, сізге кәсіби мамандар «иә» деген сөз. Бұл — уақытты үнемдейді және сенім береді.
Тағы бір маңызды фактор — мені Стэнфорд университетіне қонақ лектор ретінде шақырды. Бұл да біздің ғылыми негізіміз бен инновациялық технологиямызды көрсетуге үлкен үлес қосады.
«Біздің жасанды интеллектіні АҚШ-та, Азияда, Таяу Шығыста қолданса дейміз»
— Акселераторлардың географиясына қарағанда, басты нарығыңыз Қазақстан емес сияқты. Неліктен алдымен ішкі нарықта орнығып алғыңыз келмейді?
— Бастапқыда мен де солай ойладым: «Жаһандық деңгейде ойла, жергілікті деңгейде әрекет ет» деп. Бірақ кейін түсіндім: егер шынымен маңызды нәрсе жасап жатсаң, өзіңді шектемеу керек. Жергілікті деңгей — қосалқы нұсқа, ал стартаптар қосалқы жоспармен өмір сүрмеуі керек. Ең биік мақсатты қою қажет. Біздің жасанды интеллект платформамызды АҚШ-та, Азияда, Таяу Шығыста қолданғанын қалаймыз. Сол жолда біртіндеп келе жатырмыз.

АҚШ — басты нарығымыз, өйткені онда ірі фармкомпаниялар шоғырланған. Сонымен қатар, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияны да белсенді зерттеп жатырмыз. MENA өңірінде, мысалы, фармацевтикалық технологияларға деген қызығушылық өте жоғары, бірақ инфрақұрылым жетіспейді. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Тіпті Қазақстанда MENA нарығына арналған фармкомпания құру нұсқасын да қарастырып жатырмыз. Жаһан деңгейінде жұмыс істеу үшін жаһандық капитал қажет. Сондықтан фандрайзинг стратегиямызды тек ел ішінде емес, халықаралық аренада да бастап кеттік.
— Қазір фандрайзинг қай сатыда?
— Жақында pre-seed раунды аясында $390 мың инвестиция тартқанымызды жарияладық. Раунд әлі ашық — жалпы мақсатымыз $1 млн жинау. Бұл раундты сәуір айының соңына дейін жабуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде компаниямыз $12,5 миллионға бағаланып отыр.
Инвесторларымыз мықты әрі географиялық тұрғыдан әртарапты: Қазақстаннан, АҚШ пен БАӘ-ден. Арасында венчурлық қорлар да, жеке инвесторлар — бизнес-қамқоршылар да бар.
— Бұл инвестициялар нақты неге жұмсалады?
— Ең алдымен — технологияны валидациялауға. Бұл дегеніміз, ЖИ платформамыз ұсынған нәтижелерді біз тәуелсіз келісімшарттық зерттеу ұйымдарына (CRO) тапсырамыз. Олар алгоритм жасап шығарған антиденелер шынымен де зертханалық жағдайда жұмыс істей ме, соны тексереді. Бұл — молекулалардың құрылымын талдаудан бастап, олардың байланысу қабілетін бағалауға дейінгі толыққанды сыртқы тестілеу. Мұндай әр итерация $20 мыңға дейін тұрады, бірақ дәл осы кезеңдер біздің технологиямыздың өміршеңдігін дәлелдеп, фармкомпаниялармен келісімдерге жол ашады.
Бұл өте маңызды, себебі сала жылдам дамып жатыр және бәсеке күннен-күнге күшейіп келеді. Әлемнің ең үздік университеттерінің командалары да дәл осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

— Бәсекелестеріңіз кім?
— Бұл саладағы ең көрнекті ойыншылардың бірі — Xaira Therapeutics. Олар pre-seed кезеңінде-ақ $1 млрд инвестиция тартты. Ал құрылтайшыларының бірі — Нобель сыйлығының лауреаты, ақуыз құрылымын болжайтын RFdiffusion моделінің авторы Дэвид Бейкер. Бұл — өте күшті сигнал: нарық жасанды интеллекттің дәрі-дәрмек жасаудағы әлеуетін өте жақсы бағалап отыр деген сөз.
Бірақ біз егер дұрыс технология мен жылдамдық болса, кішкентай командалар да алыптармен бәсекеге түсе алады деп сенеміз. Біздің тәсіліміз SpaceX-пен ұқсас: жылдам итерация, дерек жинау, модельді жетілдіру — әрі қарай қайта сынау. Мұндай циклмен әлдеқайда жылдам ілгерілеуге болады.

— ARLAN BIOTECH компаниясын ірі фармкомпанияға сатуға дайын болар ма едіңіз? Мұндай технологияларды жасап, бәсекелескеннен гөрі нарықта сатып алған жеңілірек қой.
— Мұның бәрі мәміле шарттарына және ARLAN BIOTECH-тің болашағын қалай көретінімізге байланысты. Біздің deeptech-фаундер ретіндегі мақсатымыз әлемді өзгерту, үйреншікті дүниелерге жаңа көзқарас қалыптастыру. Егер бір күні компания сатылса да, біз кем дегенде бес жыл сол құрылымда қалып, жобаны жаңа форматта әрі қарай дамытамыз.
«Қазір ғалымдар фаундер, CEO, инвестор болып жатыр»
— Бұрын сіз ғалым едіңіз. Енді — стартапшысыз. Осы екі рөлде де болғаннан кейін, ғылымнан бизнеске бет бұрғысы келетін ғалымдарға не айтар едіңіз?
— Ең алдымен — кәсіпкерлік пен ғылым бір-біріне қарсы ұғым емес екенін түсіну керек. Керісінше, кәсіпкерлік — ғылымды өз ережеңмен жасау мүмкіндігі. Бюрократиясыз, біреудің қол қоюын күтпей-ақ. Гипотеза ұсынып, тексеріп, дерек алып, бірден шешім қабылдайсың.
Екіншіден — бизнес тек «алдым-саттым» деген түсініктен арылу керек. Қазіргі бизнес — бұл технология. Amazon, Google, Tesla сияқты компанияларға қараңызшы, олар терең білімге негізделіп құрылған. Оларды ғалымдар, инженерлер, гиктер тұрғызды. Бүгін болашақты солар қалыптастырып жатыр.

Үшіншіден — қорықпау керек. Ғалымдар: «Питч жасай алмаймын», «Қаржы моделін құра алмаймын» деп жиі айтады. Бірақ бұл — ракета жасау емес қой. Егер зертханада күрделі тапсырмаларды шеше алсаң, Excel-де де жұмыс істей аласың. Мәселе қабілетте емес, үйренуге және бейімделуге деген ниетте. Ғылыми жұмыс — финмодельден әлдеқайда күрделі. Молекуланы түсінген адам қаржыны да түсінеді.
— Қазақстандағы ғылыми ортада нені өзгерткіңіз келеді?
— Бізге жауапкершіліктен қорықпайтын, қалыптан тыс ойлай алатын, батыл ғалымдардың көбірек болғаны керек. Ғылым тек ғылыми мақалалар мен гранттармен байланысты болмауы тиіс. Иә, іргелі зерттеулер маңызды — бірақ егер олар жылдар бойы сөрелерде жатса, ол ғылым емес, архив.
Бізде әлі күнге дейін мынадай стереотип бар: ғалым — бұл зертханада қамалып, тек мақала жазумен айналысатын «ботаник». Бірақ әлем әлдеқашан өзгеріп кеткен. Қазір ғалымдар стартап құрып, CEO болып, инвесторға айналып жатыр. Олар компания құрып, тәуекелге барып, нарықпен жұмыс істейді.
Бізге жаңа мәдениет қажет: мұнда ғылым — нақты мәселені шешудің құралы. Ғалым кәсіпкер бола алады. Зертхана — стартап туатын орын. Бұл бізде де болуы мүмкін деп сенемін. Тек сол өзге жолдың бар екенін және оның жұмыс істейтінін көрсету керек.

— Бұл көрегендікті нақты жоспарға айналдырсақ, келесі 5–10 жылда не құрғыңыз келеді?
— Біз «юникорн» компания болғымыз келеді. Меніңше, мүмкіндігіміз жоғары. Әрине, ісіміз сәтсіз де болуы мүмкін, одан ешкім сақтандырылмаған. Бірақ біз бұл іске нақты артықшылықтарымызды және жылдам өзгеріп жатқан әлемге сәйкес келетін көзқарасымызды ескере отырып кірістік.