«Цифрландыру қалыптасқан қағиданы бұзды». Қазақстанда электронды үкімет қалай құрылды

«Цифрлық құжаттарды енгізіп жатқанда қарсылыққа тап болдық. Көбі оның қалай жұмыс істейтінін түсінген жоқ. Мысалы, Астанадағы әуежай қызметкерлері жолаушыларды электронды жеке куәлікпен рейске жіберуге үзілді-кесілді қарсы болды. QR-кодты сканерлесе, жеткілікті, жүйе жеке тұлғаны өзі танып, растайды, осылай тексеру оңайырақ болады деп біз оларды көндірумен болдық. ЦДИАӨМ қызметкерлері мен техник-мамандарының үлкен еңбегі арқасында ғана цифрлық құжаттарды пайдалану ісі ілгерілей бастады», – деп еске алады бүгін ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.

2010 жылдардың басында ол Байланыс және ақпарат министрлігінің маманы бола отырып, электронды үкімет іргетасын құруға белсенді атсалысты. Кейін «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасы және цифрлық даму вице-министрі ретінде әртүрлі мемлекеттік қызметтер мен сервистерді, сондай-ақ eGov mobile сияқты жобаларды цифрландырумен айналысты. Digital Business пен Yandex Qazaqstan-ның біріккен «Қазақстанның IT-тарихы» жобасы аясында Әсет Тұрысов eGov құру неден басталғанын және мемлекеттік орган өкілдері цифрландыруға неге қарсы болғанын айтып берді. Сондай-ақ, алғашқы онлайн мемлекеттік қызметтер, мобильді қосымша және жасанды интеллект енгізу туралы сөз қозғады.

Ақпараттық жүйелер, деректер базасы және электронды лицензиялау. EGov неден басталды?

Қазақстанда электронды үкіметтің ресми туған күні 2006 жыл саналады. Дәл осы жылы eGov.kz жұмыс істей бастады. Бастапқыда ол онлайн-анықтамалық іспетті болды. Порталда белгілі бір мемлекеттік қызметті алу үшін қажетті құжаттардың тізімі, жауапты ұйым немесе ведомствоның аты ғана жазылды. Осының арқасында адамдар мемлекеттік органдармен өзара әрекет етудің нақты ережесін білетін болды.

– Жалпы цифрландыру Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚКО) басталды. Бұған дейін мемлекеттік қызметтерді қағаз түрінде әр түрлі ведомство көрсететін еді. Адам бір мәселені шешу үшін бірнеше есік жағалайтын. ХҚКО-лар ашылғалы «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін болдық: барлық процесс бір жерде өтеді, бұл оларды стандарттауға және қай мемлекеттік қызметті онлайн-режимге ауыстыруға болатынын талдауға көмектесті, – дейді кейіпкеріміз.

Электронды форматта қызмет көрсету үшін тиісті техникалық инфрақұрылым құру қажет. Дәл осы уақытта Байланыс және ақпарат министрлігі жанындағы электронды үкіметті дамыту және қорғау басқармасына сарапшы ретінде Әсет Тұрысов жұмысқа қосылды:

2011 жыл еді. Электрондық үкіметтің қаңқасы әзірленіп жатқан кез. Бірнеше жоба қолға алынған. Біріншіден, ол – салалық ақпараттық жүйелер. Алғашқылардың бірі, мысалы, «Е-нотариат» арқылы сол кезде-ақ нотариусты тез тауып, қажетті құжатты онлайн куәландыруға болатын. Кейін бұл сервисте мүлікті тіркеуді, сенімхатты және т.б. құжатты тексеру сияқты басқа да қызметтер пайда болды. Қазір «Е-нотариат» 22 түрлі жүйемен және банктермен біріктірілген.

Екіншіден, жеке және заңды тұлғалар, жылжымайтын мүлік тіркелімдері, мекенжай тіркелімдері және т.б. мемлекеттік деректер базасын цифрландыру. Бұл мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың сауатты процесін құру үшін қажет.

Үшіншіден, eGov және электронды лицензиялаудың алдыңғы қатарлы жүйелерінің пайда болуы. Ең алдымен, рұқсат құжаттарын алу процесін автоматтандырған «Е-лицензиялау» жүйесі туралы айтып отырмыз. Осылайша мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара ашық іс-қимыл тетігі пайда болды. Енді кәсіпкерден қажетсіз құжат сұралды ма, мысалы, жеке кәсіпкерлікті немесе ЖШС-ні тіркеуден бас тартуға негіз болды ма, көруге болады. Айтпақшы, 2011 жылы цифрлық және қағаз лицензияның мәртебесі теңестірілді, ал бір жылдан кейін лицензияны тек электронды түрде беру туралы заңнамалық талап пайда болды.

Төртіншіден, мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді интеграциялауға арналған электронды үкімет шлюзін құру.

Бесіншіден, адам құжаттарға қол қоя алатын ЭЦҚ инфрақұрылымы. Бұл шешімдердің барлығы, әрине, заңмен бекітілді.

Осы 5 компонентті іске асырған кезде eGov жұмысы айтарлықтай ілгеріледі: әртүрлі мемлекеттік мекемеден анықтаманы онлайн-форматта сұратуға және алуға мүмкіндік туды.

«Алғашында мемлекеттік органдар цифрландыруға қарсылық танытты»

Әсет Тұрысовтың естелігі бойынша мемлекеттік қызметтер қатарынан алғаш болып атаулы анықтамалар мен психоневрологиялық ұйымда есепте тұрғаны/тұрмағаны туралы анықтамалар автоматты түрле беріле бастады:

– Қай қызметті цифрландырамыз деп таңдаған кезде халыққа қажеттірек қызметтен бастадық. Азаматтар белгілі бір құжаттарды алу үшін жиі жүгінетін болса, бірінші кезекте соларды электронды форматқа ауыстырдық.

Бұл салалық ақпараттық платформаларды құруға да қатысты. Процестерді цифрландыруға ниет білдірген әрбір мемлекеттік органның өкілі келіп, өз жобасын қорғады. Олар барлық есеп қағаз жүзінде жүргізіліп жатқанын, сондықтан халықпен және бизнеспен тиімдірек әрекеттесу үшін электронды жүйе қажет екенін айтты.

Алайда, Әсет Тұрысовтың атап өтуінше, басқармалардың бәрі бірдей халықпен және бизнеспен өзара әрекеттесуді цифрлық форматқа көшіруге асықпаған:

– Мемлекеттік органдар тарапынан қарсылық көп болды. Мұның бірнеше себебі бар. Әрине, цифрландыру жұмыс процесіне елеулі өзгеріс әкелді. Мамандар жаңаша жұмыс істеуі тиіс болды, шыны керек, көбі қиналды.

Тағы бір жайт – цифрландыру қалыптасқан қағиданы бұзды, сыбайлас жемқорлықты азайтты. Өйткені, қағаз жүзіндегі процедураларды қадағалау әлдеқайда қиын. Бұл сыбайлас жемқорлыққа, құжаттарды ауыстыруға жол ашты. Ал цифрлық кеңістікте бәрі тіркеледі, заңсыз әрекет ету қиын.

Әрине, техникалық ақаулар да болды. Жаңа жүйені енгізгендегі қалыпты жағдай. Бәрін бірден есептеу мүмкін емес. Кемшіліктерді процесс кезінде түзетіп отырдық, бұл да наразылық тудырды. «Жүйеңіз жұмыс істемейді, бұрынғыны қайтару керек, қиналып қалдық» деушілер көп болды.

Оңтүстік Корея тәжірибесі, ХҚКО-ға бару және 2 млрд теңге үнем

Қиындықтар мен қарсылыққа қарамастан, цифрландыру жалғасып жатты. Ең алдымен, еліміздің жоғарғы басшылығы қолдауының арқасында, деп атап өтті Әсет Тұрысов:

– Технологиялық прогрестің маңызын түсінетін адамдар Үкіметте көп болды. Электронды үкімет жұмыс істеп тұрған Оңтүстік Кореяға барған шенеуніктер мен сарапшылар аз болған жоқ. Олар бұл әдістің мәселені тез және тиімді шешуге көмектесетінін көрді. Несін жасырайын, «Цифрландыру қажет, әрине, бірақ оны кейін жасайық» дегендер де табылды.

Бірақ, біз айтқанымыздан қайтпадық және қарсы болғандармен жүйелі жұмыс істеп отырдық. Мысалы, белгілі бір мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіргеннен кейін салалық министрліктің күмән келтірген өкілдерін ХҚКО-ға шақырып, іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көрсеттік. Айтпақшы, олар сол жерде халықпен, яғни сол мемлекеттік қызмет алушылармен сөйлесті. Ал тұрғындар құжаттың цифрланғанына қуанышты еді, өйткені қағаз жинау үшін әртүрлі мекемеге жүгірудің қажеті жоқ, барлығы бір жерде орналасқан. Бұл біз үшін электрондық үкіметті дамытуды жалғастырудың айқын дәлелі болды.

Негізгі инфрақұрылым құрылып, күмәнданушылар азайғаннан кейін автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер санын 90%-ға жеткізу үшін жаңа жобаларды жүзеге асыру қажет болды. Солардың бірі – Smart Data Ukimet Big Data құру жобасы. 40-қа жуық дерекқорды біріктірген жоба проактив мемлекеттік қызметті дамытудың негізін қалады.

Мемлекеттің азаматтармен өзара іс-қимылы мәселесі де маңызды болды. Осылайша барлық мемлекеттік орган үшін ортақ Gov.kz веб-сайты жобасын іске асырдық. Бұрын әр басқарманың жеке веб-порталы болған еді. Әрқайсысына қыруар қаржы жұмсалатын. Gov.kz пайда болғалы халық мемлекеттік органдардың жұмысы туралы барлық өзекті ақпаратты бір жерден табатын болды, ал бюджет жыл сайын 2 млрд теңге үнемдеді.

«Адам қосымшадағы екі тетікті басып, кез келген қызметті ала алатындай eGov mobile жасағымыз келді»

Смартфон адам өміріне әбден енген шақта электронды үкімет дамуының тағы бір маңызды кезеңі – eGov mobile іске қосылуы еді. Рас, қосымшаның алғашқы нұсқасы сәтті шыққан жоқ, дейді Әсет Тұрысов:

– Технологиялық жағынан сәл ескілеу болды, сондықтан адамдар оны көп пайдаланған жоқ. Бәрін қайтадан жасаймыз деп шештік, сөйтіп қазіргі eGov mobile дүниеге келді. Оны әзірлеу кезінде адам тетікті 2 рет басып, қосымшадағы кез келген қызметті ала алатындай еткіміз келді. Түсінікті және ыңғайлы интерфейс жасау үшін UI/UX-ке көп көңіл бөлдік.

Техникалық құрамы да жақсарды. Мысалы, eGov mobile-ға электронды цифрлық қолтаңба енгізіп, көп мәселені шештік. Себебі, адамдар ЭЦҚ құпиясөзін жиі ұмытып қалады немесе ЭЦҚ сақталған флешканы жоғалтады, бұл ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан қиындық тудыратын жайт. Қосымша іске қосылғалы, тәуекел азайды, өйткені ЭЦҚ арнайы контейнерде сақталады.

Көп ұзамай мемлекеттік қызметтер банк қосымшаларында пайда болды. Азаматтардың өмірін әлдеқайда жеңілдететіндіктен, банктермен интеграция жасаймыз деп шештік. Адамдар банк қызметін жиі пайдаланады. Дүкенде азық-түлікке ақша төлеп, ұшақ немесе пойыз билетін сатып алады. Оған қоса, кейбір мемлекеттік қызметтер банк қызметімен тығыз байланысты. Мысалы, балаға жәрдемақы алу. Сондай-ақ, банктердің инфрақұрылымы жақсы, ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан жан-жақты тексерілген және дербес деректерді сақтауға қатысты заң талабы қатаң.

Сөйтіп, банктермен бірге бірнеше қызметті цифрландырдық. Мысалы, автокөлікті тіркеу. Осыдан кейін кезектен көз ашпайтын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүктемесі азайды. Ол аздай, мекеме алдында көлік иелерін торуылдап, ақшаға кез келген сұрақты шешіп беруді ұсынатын «көмекшілерден» құтылуға көмектесті.

Мұның бәрі мемлекеттік жүйелердің интеграциясын жеңілдетіп, жеделдеткен Smart Bridge жобасының арқасы. Бұрын бітпейтін бюрократиялық процедурадан өту талап етілетін. Smart Bridge пайда болғалы банктермен интеграция әлдеқайда оңай және жылдам өтетін болды.

Пандемия, проактивті амал және жасанды интеллект

Электронды үкіметтің дамуына коронавирус пандемиясы қатты әсер етті. Қоғамда түрлі шектеу шаралары болғанын ескерсек, онлайн қызметтерге сұраныс күрт артты. Сөйтіп, eGov-та жаңа қызметтер пайда болды, дейді кейіпкеріміз:

– Сол кезде біз мемлекеттік органдар арасында бұлтты биометрия және құжат айналымы бойынша қанатқақты жобаларды іске қостық, бейнебайланыс арқылы оператормен хабарласып, құжатқа қатысты барлық мәселені шешуге болатын бейнеХҚКО жұмысын жолға қойдық.

Коронавирус кезіндегі басты жетістігіміз – электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қашықтан беру. Пандемияға дейін көп адам бұған қарсы болды, өйткені ақпараттық қауіпсіздікке алаңдады. Бірақ карантин кезінде адамдар ЭЦҚ жасау үшін ХҚКО-ға бара алмады. Сондықтан бұл ойымызды жүзеге асыра алдық. Онымыз сәтті болды. Адамдар күн сайын ЭЦҚ сұратып отырды, өйткені ол кезде құжат шаруасын тек онлайн режимінде шешуге болатын еді.

Айтпақшы, пандемия кезінде бірінші кезекте қай қызметті цифрландыру қажет екенін біліп алдық. Деректердің үлкен көлемі қолымызға тиді, оны талдай отырып, жағдайды дұрыс бағалай алдық. Ол бізге болашақта да қажет болады.

Электронды үкіметтің болашақ дамуы туралы айтар болсақ, менің ойымша, Smart Data Ukimet жобасының арқасында проактив форматта қызмет көрсету жағына қарай жылжуымыз керек. Яғни, жүйенің өзі деректерге сүйене отырып, азаматқа ненің және қандай уақытта тиесілі екенін түсініп, оның тарапынан ешқандай әрекетсіз қызмет көрсетеді. Мысалы, бала дүниеге келген кезде барлық қажетті құжаттар автоматты түрде eGov жүйесінде пайда болады, ал оның анасына жәрдемақы тағайындалады. Тек баланың атын жазу керек.

Қазір проактив форматта 20-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бірақ менің ойымша, жасанды интеллект дамыса және ол электронды үкіметтің жұмысында қолданылса, мұндай қызметтер саны көбейеді. Негізі, eGov адамды өмір бойы: балабақшада, мектепте, университетте, жұмыста немесе бизнес бастағанда сүйемелдеуі тиіс. Ол үшін платформа шешімдерге көшу керек. Менің ойымша, GovTech-тің негізгі міндеті – технологияларды біріздендіру және BigData жинай отырып, жобаларды (әсіресе цифрландыру жоқ салаларда) біріктіру.

eGovӘсет ТұрысовҚазақстанның IT-тарихы