Экспоненциалды өсім теориясы қалай Astana Hub бастауына айналды. Мағжан Мәдиевтің технопарк негізін қалау жайындағы көлемді сұхбаты

«2010-жылдардағы Қазақстанның IT-экожүйесі шикі болды деп айта аламын. Choco, Aviata, Тикетон және Flip.kz пайда болған Алматы мен Қарағандыда ғана тіршіліктің белгісі білінген еді. Жалпы, нарық туралы айтсам, оған білім, құзырет, инвестиция жетіспеді. Біз нетворкинг пен тәжірибе алмасу жағынан ғаламдық IT-индустриядан әлі де алыс едік», – деп еске алады Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Жағдайды өзгерту үшін Астанада перспективалы стартаптар мен бұрыннан қалыптасқан компаниялар бір жерде шоғырланған толыққанды технопарк іске қосылды. Digital Business пен Yandex Qazaqstan-ның «Қазақстанның IT-тарихы» бірлескен жобасы аясында Мағжан Мәдиев Astana Hub құру идеясы қалай туғанын, ол идеяны еліміздің жоғарғы басшылығы алдында қалай қорғағанын және стартаптарға арналған IT-хабты не себепті Алматыда емес, елордада құру туралы шешім қабылдағанын айтып берді. Сондай-ақ, бәріне бастау болған оң жағалаудағы коворкингті, алғашқы резиденттерді және экспоненциалды өсу теориясын есіне түсірді.

Digital-агенттік, Кремний алқабына сапар және Facebook-тегі жазбалар

«Ірі IT-компаниялардан кеңес сұрасақ, жауап бермейтін»

Мағжан Мәдиев IT-саласына 2010-жылдардың басында келген. Қытайда оқып жүріп, шетелде оқитын Қазақстан жастарына арналған әлеуметтік желі құрды, бұл оның тұңғыш стартапы болатын. Ал, нағыз бизнеспен кейіпкеріміз елге оралған соң айналыса бастағанын айтты:

– Шағын және орта бизнес пен ірі компанияларға нарықта таралуға көмектесетін digital-агенттігім болды. Кәсіпкерліктен тәжірибе жинаған соң, серіктестеріммен бірге электрик, сантехник, слесарь немесе басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті мамандарды табуға көмектесетін Naimi.kz онлайн-рекрутмент маркетплейсін іске қостық. Дәстүрлі бизнесте тапқан білімімді стартап құрған кезде пайдаландым, бұным қате болыпты.

Фото Мағжан Мәдиевтің жеке архивінен

Digital-агенттігің болса, қызметіңді табысты сату үшін офисің мен оның есік алдындағы маңдайшасы әдемі болуы керек. Бұның бәрі кеңсеге келген клиенттерге сенім сыйлайды. Бірақ, венчурлық ортада олай емес, мұндай пафостан, керісінше, келісім-шарт жасау мүмкіндігі төмендейді екен.

Стартапқа компьютер үстелдері сыятын және интернеті жақсы жұмыс істейтін орын керек. Ал, әлеуетті клиенттерді кеңсеге емес, қызметті бірден сату үшін платформаға бағыттаған жөн. Стартап үшін бастысы – табысты масштабталатын модель. Бастапқы кезде біз мұны жете түсінбеген екенбіз. Тез үйреніп, өзгеруге тура келді.

Сөйте тұра, Мағжанның айтуынша, қателеспеу мүмкін емес, себебі Қазақстанда ол кезде білім де, тәжірибе де аз еді:

– Тіпті, кеңес сұрайтын адам болған жоқ. Ірі IT-компаниялардан сұрасақ, жауап бермейді. Бізге бәсекелес деп қарады ма, әлде уақыт жұмсағысы келмеді ме, әйтеуір үнсіз қалатын. Қазіргідей ашықтық ол кезде жоқ еді.

«Америкада бүгінгі жас стартап ертең жаңа Google немесе Facebook құра алатынын жақсы түсінеді»

Ол заманда қазақстандық стартаптар (мүмкіндігі барлар) сараптама, тәжірибе мен білім іздеп, шетел асып кететін. Әлбетте, көбі АҚШ-қа жол тартты. Кремний алқабына 2010-жылдардың ортасында Мағжан Мәдиев те барып қайтты:

– Елдің жоғарғы басшылығы IT-кәсіпкерлерге қаншалықты көңіл бөлетіні мені таңқалдырды. АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама түрлі мемлекеттен келген стартаптармен (арасында ісін жаңадан бастап жатқандар да бар) бірге панельді сессияға қатысты. Сол жерде Сергей Брин, Марк Цукерберг және басқа да IT-жұлдыздар болды. Оның қарапайым себебі бар. Америкада бүгінгі жас стартап ертең Google немесе Facebook секілді жаңа платформа құрып, ел экономикасында орасан зор рөл атқаратынын сол кезден-ақ жақсы түсінді. IT-жобалардың басты ерекшелігінің бірі – мультипликатив әсер ғой.

Singularity University-де өткен технологияның экспоненциалды даму теориясы туралы екі сағаттық дәріс те маған үлкен әсер қалдырды. Ол кезде әлем жұртшылығы Google, Apple, Amazon және Facebook құрылған, одан асқан ештеңе ойлап табу мүмкін емес деген пікірде еді. Олармен бәсекелесу қиын: не басып алады, не сатып алады. Ішкі түйсігім бұл тұжырыммен келіспейтін еді. Дәріс кезінде ойымды нақтылайтын маңызды дәлелдер естідім.

Exponential Technologies теориясы әр 2 жыл сайын компьютерлік процессордың қуаты екі еселенеді деген Мур заңына негізделген. Яғни, әлемде стартаптар әртүрлі салаларда жаңа бизнес-модель құра алатындай және технологияның экспоненциалды дамуын пайдалана отырып, табысты өнім шығара алатындай орасан зор мүмкіндіктер пайда болып жатыр. Айтпақшы, бұл заң әлі күнге дейін өзекті.

АҚШ-тан оралған соң Мағжан Facebook-те IT-экожүйесінің дамуы туралы ойларымен бөлісе бастады. Кейіпкеріміз ол кезде Қазақстанда технопарк құру ниеті болмағанын мойындайды:

– Ол кездегі мақсатым біреу – стартаптан unicorn өсіріп шығару. Алайда көп ұзамай мені Үкіметке шақырды, IT-кәсіпкерлерді қолдамақшы екен. Кездесуде өз ойымды айттым, содан кейін олар концепция жасап беруімді өтінді. Технопаркке қатысты жұмыс осыдан басталды деп айтуға болады.

IT-мамандарына арналған экожүйе, салықтық жеңілдіктер және EXPO

«Astana Hub жобасын үкімет алдында қорғағанда күрделі нәрселерді қарапайым тілмен түсіндіре алдым»

Мағжанның айтуынша, бастапқыда болашақ Astana Hub-тың тұжырымдамасы жай IT-хабқа қарағанда кеңірек болған:

– Екі негізгі бағытты белгіледім. Біріншісі – бірыңғай платформа арқылы мемлекеттің цифрлық трансформациясы. Екіншісі – цифрландырудың қозғаушы күші саналатын стартаптарды қолдайтын экожүйе құру. Google, Facebook, Tesla, SpaceX және басқа да ірі компанияларды IT-кәсіпкерлер құрды. Мемлекет өз кезегінде оларға тек жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасай алады. Кейін бәрін түсінікті тілге айналдырып, IT-хаб деп атадым.

Фото Мағжан Мәдиевтің жеке архивінен

Айтпақшы, арада жылдар өткенде түсінгенім, Astana Hub жобасын Үкімет алдында сәтті қорғауымның басты құпиясы exponential technologies, экожүйе, стартаптарды масштабтау, юникорн, Big Tech және т.б. күрделі нәрселерді қарапайым тілмен түсіндіре алғаным екен. Оған қоса, IT-экожүйесін дамыту үшін қыруар ресурстың қажеті жоқ екенін түсіндірдім. Салықтық артықшылықтар туралы айтсам, бұл саладан ол кезде салықтан көп түсім болған жоқ.

Әйтсе де, жеңілдік алу оңай болмады. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері өз дәлелдерін алға тартты. Біріншіден, кімге артықшылық береміз, IT-бизнес онсыз да аз деді. Салық кодексіне өзгеріс енгізетіндей емес. Екіншіден, неге дәрігерлерге немесе мұғалімдерге емес, IT-мамандарға жеңілдік беру керек деп сұрады. Біз бұның бәрі экспорттық пайдамен қайтып келеді деп сендірдік. Технопаркте білім беру бағдарламаларын, стартаптарға акселерация мен инкубация өткіземіз, шетелдік дарындарды тартамыз дедік. Осының бәрі түптеп келгенде елде технологиялық бизнестің дамуына көмектеседі. Айтпақшы, сол уақытта әлемдегі ең қымбат 5 компанияның қатарына банктер мен мұнай компанияларын ығыстырып, алғаш рет кілең IT-компаниялар кіргені біз үшін жақсы аргумент болды.

Біздің пайдамызға есептелген тағы бір фактор – Қазақстанда IT-хаб орналасатын дайын инфрақұрылым бар еді. EXPO өткізгеннен кейін Астанада халықаралық көрме орталығы бос қалған-ды. Оның 80 мың «шаршысын» Астана қаржы орталығына беру жоспарланған да, қалған алаң (120 мың «шаршы») бос жатыр.

«Алматыда тағы бір IT-институт құрудың мәні жоқ еді»

Мағжан Астанада және дәл осы локацияда IT-хаб құру бастапқыда алаңдаушылық тудырғанын еске алды. Өйткені, EXPO маңындағы аумақта халық аз қоныстанған. Оған қоса, елорданың климаты қатал:

– Маған Астанада технопарк ашу Вашингтонда Кремний алқабын құрумен бірдей – ақымақтық іс деп көп айтты. Ол жаққа ешкім бармайды-мыс. Бірақ мен технологиялық дамудың үлкен толқыны келе жатқанын және кез келген жағдайда цифрлық трансформацияға сұраныс болатынын түсіндім.

IT-хабты не себепті Алматыда емес, Астанада құруды шештіңіз деген сұрағымызға кейіпкеріміз бірнеше дәлел келтірді:

– Басты себеп – Алматыда миссиясы осыған ұқсас бірнеше ұйым бар еді. Tech Garden автономды кластерлік қоры және «Алатау инновациялық технологиялар паркі» АЭА. Бұл құрылымдар үшін кезінде қыруар қаржы бөлінген, сондықтан Алматыда тағы бір IT-институт құрудың еш мәні болмады.

Екінші фактор – инфрақұрылым. Алматыда ол кезде, ашығын айтқанда, тіпті қазір де лайықты алаң жоқ. Ал, Астанада EXPO аумағынан 10 мың шаршы метр жер берілді. Қазір бұл локацияда толыққанды инновациялық кластер: ЦДИАӨМ, АХҚО, «ҰАТ» АҚ, Astana IT University, Назарбаев университеті және Astana Hub орналасқан.

Айтпақшы, хаб атауын қалай таңдағанымызды айтып берейін. Басында әртүрлі нұсқа болды. Мысалы, Astana International Smart Technologies Hub. Алайда, IT-салаға мейілінше сәйкес болайық деп, қысқа ғана Astana Hub атауына тоқтадым.

Коворкинг, 100 стартап және жоғалған орындықтар

«Митаптарға көп дегенде 30 адам келетін, оның үшеуі ғана стартап бастауға дайын болды»

Мағжан Мәдиев пен оның командасы Astana Hub-ты құрып болғанша жалпы алғанда 2 жыл кетті. Қағаздағы жобаны технопаркке айналдыру үшін осынша уақыт қажет болған:

– Басында бәрін энтузиазммен істедік. Astana Hub идеясы туғаннан алғашқы қаржы түскенше 10 ай өтті. Бірақ, стартап ретінде мен үшін ЭКСПО-ға көшкен кезде 10 мың «шаршыны» тез толтыру үшін қандай да бір MVP жасау маңызды болды. 2016 жылдың күзінде Астананың оң жағалауынан шағын коворкинг жалдап, компаниямның компьютерлерін көшіріп апардым. Қызметкерлерді жұмысқа алдым, оларға өз қалтамнан айлық төледім.

Фото Мағжан Мәдиевтің жеке архивінен

Коворкингте коммьюнити құрумен айналыстық. IT-саласы мамандарын жинау үшін түрлі ивенттер өткізе бастадық. Мойындау керек, басында қиын болды. Митаптарға көп дегенде 30 адам келетін, оның үшеуі ғана стартап бастауға дайын. Қалғаны жай ғана IT-саласына қызығатындар немесе қыдырып келгендер.

IT-хаб командасын құру да оңайға соқпады. Елде тиісті кадрлар жоқ. Акселерация бағдарламасы елімізде ешқашан өткізілмесе, оған директор болатын адамды қайдан табасың? Мамандарды өзіміз өсірдік.

«Аумақты толтыру үшін «100 стартап» бағдарламасын ойлап таптық»

– 2017 жылдың наурызында EXPO ғимаратына көшіп келдік. Қазіргі павильонда тұрақтағанша бірнеше нысан ауыстырғанымыз рас. Кейін «100 стартап» бағдарламасын ойлап таптық. Болашағы бар жігіттерді бір жерге жинағымыз келді. Іріктеу шарты оңай: мысалы, стартап бізге келгенде «Лендинг бар ма?» деп сұраймыз. «Иә» десе, резидент етіп аламыз. Үлкен компаниялар кейін тартыла бастады.

Фото Мағжан Мәдиевтің жеке архивінен

Көп ұзамай қағазбастылық көбейді, ол жұмыс процесін баяулатты. Жұмысқа алған әрбір қызметкер мен Astana Hub-қа қабылданған әр стартап үшін есеп беру керек. Кейін кезектен тыс тексеру деп аудиторды жіберді. Сөйтсек, көшіп-қонып жүргенде бірнеше орындық пен маңдайшамыз жоғалған. Сол үшін мені «Мемлекеттік мүлікті жоғалтты» деген желеумен ресми түрде жұмыстан шеттетіп тастады.

Бұған қоса, IT-хаб тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі пікіріміз екіге бөліне бола бастады. Мысалы, хаб экономиканың 60%-ын алып отырған ірі, ұлттық компанияларға ғана цифрлық трансформация жағынан қызмет ету керек деген пікірлер болды. Мен бұған келіспедім.

Нәтижесінде 2018 жылдың қараша айында болған Astana Hub-тың ресми ашылуына тура бір ай қалғанда жұмыстан кетуге мәжбүр болдым.

Табыстың экспоненциалды өсуі және қазақстандық Samsung

«Бұрын Astana Hub қатысушысы болу үшін өтінішті қолмен жазу керек болатын»

Astana Hub-қа Мағжан Мәдиев тек 2020 жылы сол кездегі цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің шақыруымен қайтып келді:

– Технопарк басқа жолмен бара жатқанын, соның салдарынан күткен нәтиже болмағанын байқағандықтан, министрдің ұсынысына келістім. Елдің босқа кеткен уақыты үшін қынжылдым, сол себепті көмектесемін деп шештім.

Мен қайта оралғанда Astana Hub-тың стартаптар арасындағы беделі нашар екенін аңғардым. Бұл жерге ешкім келгісі келмеді. Себебі, технопарк қызметкері коворкингке кіріп, кез келген адамға дөрекі сөйлейтін болған. Осыдан кейін коммьюнитиде Astana Hub-қа барудың қажеті жоқ деген пікір тараған. Сонымен қатар, квазимемлекеттік ұйым болғандықтан, бізге сенбеді. «Ой, Astana Hub мемлекетпен байланысты ғой. Біз одан аулақ болғымыз келеді» деген пікірлер болды.

Бара сала, беделге қатысты жағдайды түзетуге кірістім. Есімде, жалпы чатқа: «Әріптестер, IT-кәсіпкерлер біз үшін ең маңызды екенін қаперде ұстаңыздар. Біз оларға қызмет етеміз. Стартаптарға дөрекі сөйлегенді тағы да естісем, сол күні-ақ жұмыстан босатамын деп жаздым». Жасырмаймын, команданы жаңартуға тура келді. Дегенмен, соның нәтижесінде стартаптар Astana Hub-қа көп келе бастады.

Кейін жұмысымыздан ақша табатын болдық, әрбір резиденттің кірісінен 1% жинай бастадық. Бұл қаржыны білім беру бағдарламаларына, қызметті жетілдіруге салдық. Мысалы, astanahub.com платформасын құрдық. Бұрын Astana Hub қатысушысы болу үшін өтінішті қолмен жазатын. Есепті де қағазға шығарып тапсыратын. Осы үшін бәрі бізді мазақ қылды. Сөйтіп, сайт құрып, барлық процесті автоматтандырдық. Енді тетікті бірнеше рет басып, онлайн режимде резидент бола аласыз.

Фото Astana Hub баспасөз кеңсесінен

Бұл қадамдар хаб резиденттері санының артуына себеп болды. Astana Hub-тың өзі де кеңейе түсті. Қазір EXPO аумағында 22 мың «шаршымыз», өңірлерде 15 филиалымыз бар.

«Биыл резиденттеріміздің жалпы табысы $1 миллиардтан асады»

Соңғы 5 жылда Astana Hub тамаша нәтиже көрсеткен. Мағжан Мәдиев нақты сандармен бөлісті:

– 2019 жылы бізде шамамен 300 резидент болды, олардың жалпы табысы 15 миллиард теңгені құрады. Былтыр 1400 резидент пен 400 миллиард теңге табысқа жеттік. 2024 жылы, алғашқы жартыжылдық көрсеткіштеріне қарап-ақ, резиденттеріміздің жалпы табысы шамамен 550 миллиард теңгені құрайтынын көріп отырмын – бұл $1 миллиардтан асады. Бұл – біздің экспоненциалды өсімге қол жеткізгеніміздің айқын дәлелі.

Алдағы қадамдарымызға тоқталсам, жасанды интеллектті дамыту үшін арнайы экожүйе құру қажет. Сонымен қатар венчурлық инвестициялар саласындағы жағдайды түбегейлі өзгерту мәселесі бар, біздің сала айтарлықтай қаржыландырылмаған. Ең бастысы, адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөлу маңызды. Білім беру жүйесі, мейлі жеке не мемлекеттік болсын, әлдеқайда тиімді жұмыс істеуі керек.

Жақын арада Қазақстанда юникорндар, содан кейін декакорндар ұрпағы туса, әрі қарай экономикамызды нығайтатын жаһандық корпорация – қазақстандық Samsung пайда болса екен деймін.

ИТ-хабМағжан МәдиевAstana Hub