Yandex Scale цифрлық өнімдер мен шешімдер конференциясы 23 қазанда өтеді. Ұйымдастырушылардың мақсаты зор — сала мамандарын тартып, бизнестің назарын аудару. Digital Business Қазақстандағы Yandex Cloud басшысы Арыстанбек Жолдасбековті сөзге тартып, командасы қандай жобаларды мақтан тұтатынын, Yandex Scale конференциясының әр секциясынан не күтуге болатынын және компания “бұлттарды” аймақта дамытуға қандай амалдар жасайын деп жатқанын білді.
«Сервистерімізді қазақстандықтар үшін жергілікті етуге тырысып жатырмыз»
— Биыл Yandex Cloud компаниясы серверін Қазақстанға көшірді. Бұдан бизнес пен жергілікті тұрғындарға қандай мүмкіндіктер туды? Қазақстандық клиенттерге бұлтты пайдаланудың жаңа нұсқалары ұсынылды ма?
— 2024 жылдың сәуірінде Қарағандыдағы деректерді өңдеу орталығының көмегімен жаңа қамту аймағын іске қостық. Сөйтіп, қазақстандық компаниялар мен жеке тұлғаларға жаңа мүмкіндіктер ұсына бастадық.
Клиенттер енді Yandex Cloud-тың 30-дан астам бұлтты сервисін пайдалана алады. Бұл бастамасы ғана. Келесі жылы сервистер саны әлдеқайда көбейеді деп күтілуде. Біздің шешімдер ірі және орта бизнеске бизнес-процестерді оңтайландыруға, ал стартаптарға гипотезаны сынақтан өткізіп, тезірек дамуға көмектеседі.
Қазақстанда орнығуымыз нарық дамуындағы «шыны төбені» еңсеруге мүмкіндік берді. Осы қадамның арқасында отандық заңнама талап ететіндей дербес деректерді сақтауға және қорғауға байланысты сценарийлердің құлпын аша алдық.
Қазір сақтау, өңдеу, аналитика және болжамды модельдерді қоса алғанда, деректер шешімі үшін бізге жүгінетін клиенттер саны артып келеді.
— Қазақстанда Yandex Cloud-ты дамыту мақсатында алдағы жылдары қандай қадамдар жасауды жоспарлап отырсыз?
— Екі негізгі фокусымыз бар:
- Бизнес-бағыт. Yandex Cloud портфелінде жүзден астам ірі компания бар, мақсатымыз — Қазақстан нарығындағы үлесімізді арттыру. Ол үшін тұтынушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, қазіргі және әлеуетті клиенттерге Yandex Cloud шешімдері мен мүмкіндіктерінің жаңа ассортиментін ұсынып жатырмыз.
- Әлеуметтік бағыт. Бізге технологияның тек бизнес мәселелерін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызды міндеттерді шешуге көмектесуі маңызды. Қазақстанда осы бағытта іске асырылған бастама көп. Мысалы, жақында біз ілбістің түрлерін анықтай алатын нейрожелінің жұмысын жария еттік, ол ғалымдарға популяцияны қорғау үшін әлдеқайда тиімді шараларды қолға алуға мүмкіндік береді. IT-нарықты дамытуға ерекше мән беріп жатырмыз. Yandex Cloud Boost бағдарламасы аясында стартаптар грант ұтып алып, оны Yandex Cloud инфрақұрылымын құруға, сервистерді әзірлеуге және іске қосуға пайдалана алады. 80-нен астам компания бүгінгі күні жалпы сомасы 185 млн теңгеге бұлтты инфрақұрылымға гранттар алды.
— Yandex Cloud негізгі бағыт — бұлтты технологиялар бойынша Орталық Азияда қандай стратегия құрып жатыр?
— Біз жақсы сервистерді көбейтіп қана қоймай, сонымен қатар шешімдерді локализациялауға тырысып жатырмыз. Мысалы, Yandex SpeechKit тілді тану және синтездеу сервисі қазақ және өзбек тілдерінде жұмыс істейді. Оның көмегімен компаниялар колл-орталықтарында пайдалануға болатын дыбысты көмекшілер мен роботтар жасай алады. SpeechKit мүмкіндіктерін қазірдің өзінде Technodom және Kolesa Group сияқты ірі компаниялар пайдаланып жатыр.
Биыл алғаш рет Қазақстанда Yandex Scale конференциясын өткізгелі жатырмыз, ол 23 қазанда The Ritz-Carlton Almaty-да өтеді. Бұл цифрлық өнімдер мен шешімдер әзірлеушілерге арналған іс-шара.
Клиенттер, серіктестер, сала мамандары мен бір терінің пұшпағын илеп жүрген әріптестерімізді бір алаңда жинамақ ойымыз бар. Бізге аймақтағы бұлтты технологиялар нарығының дамуы маңызды, сондықтан бұған үлес қосуға, осы саладағы озық тәжірибені бөлісуге дайынбыз.
«Сарапшылар машинаны оқыту, деректерді сақтау және қорғау туралы айтады»
— Бұлтты технологияларға қатысты іс-шаралар арасында сіздің конференцияңыздың орны қандай?
— Ресейдегі әріптестеріміз мұндай ивентті бірнеше жылдан бері өткізіп келеді. Алғашында жүздеген қатысушы жинаса, кейін келе Scale клиенттер мен сала мамандары асыға күтетін мультитрек іс-шараға айналды. Ресейдегі бұлтты технологиялар саласындағы басты конференция десек артық емес.
Жоспарымыз бойынша Yandex Scale Қазақстанда да тұрақты өтетін және қатысушылары жыл сайын көбейетін іс-шара болуы керек.
— Yandex Scale Kazakhstan конференциясында таныстырылатын табысты кейстер туралы айта аласыз ба?
— Шарада бірнеше трек ұсынылады, олар: ML және AI, Data Platform, Infrastructure және DevTools.
ML және AI секциясы машинаны оқыту және жасанды интеллектке арналған. Онда біз ірі қаржы компаниялары мен телеком-операторларға дыбыстық технология немесе чат-ботты енгізуге және жетілдіруге қалай көмектесетінімізді айтамыз. Мысалы, конференцияға қатысушылар Beeline Kazakhstan кейсімен танысады. Компания өкілі серіктесі Dybys Tech-пен бірге қызметкерлерге арналған аудиобейдждерді біздің тілді тану технологиясы негізінде қалай жасағанын айтады. Бұл бейдждердің ішінде диктофон бар. Жасанды интеллект сөйлеген сөзді мәтінге айналдырады, кілт сөздерді танып, сервисті жақсартуға және дауларды шешуге көмектеседі.
— Data Platform секциясында не болады?
— Ол жерде деректерді сақтау, өңдеу және талдау саласындағы инновациялық өнімдерді таныстырамыз. Мақсатымыз — виртуал машиналарды пайдаланудан басқа бизнес алдында қандай мүмкіндіктер ашылатынын көрсету. Мысалы, Almaty Marathon өкілдері біздің Yandex DataLens деректерді талдау және визуализациялау сервисін қолдану кейсі туралы айтып береді. 15 мыңнан астам спортшы қыркүйек айындағы жарыстың нәтижесін сол сәтте марафон сайтындағы арнайы дашбордтан және мәре сызығы жанындағы сенсорлық тақтадан көре алды.
— Инфрақұрылым және DevTools секцияларында қандай технологиялар мен шешімдерді талқылау жоспарланып отыр?
— Мұнда жағдайы нашар инфрақұрылымға қатысты негізгі жайттарды қозғаймыз. Бұл біздің клиенттеріміз пайдаланатын ең қажетті база — есептеу қуаты, контейнер технологиясына қатысты жайттар.
Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі және біздің платформада деректер қалай қорғалатынына тоқталамыз. Біз, әсіресе, жаңа нарықтағы қауіпсіздікке инвестиция саламыз және инфрақұрылым мен қауіпсіздік бір-бірімен тығыз байланысты деп есептейміз.
— Yandex Scale Kazakhstan билетінің құны қанша?
— Қатысу тегін, онлайн да, офлайн да қатысуға болады. Залға 300 адам ғана сыяды, сондықтан тіркелу керек. 1 мыңнан астам адам онлайн қатысады деп жоспарлап отырмыз.
Бағдарлама әзірлеушілер, тестерлер, талдаушылар, DevOps-инженерлер, менеджерлер, C-level — бәрін күтеміз. Yandex Scale конференциясын жыл сайын өтетін үлкен шараға айналдыруға тырысамыз және оның аудиториясы Қазақстандағы бұлтты нарықтың дамуымен қатар өссе екен дейміз.