«Біздің басты қағидамыз – пайдасыз нәрсе істегім келмейді». Қазақстандағы дәстүрлі бизнес қалай IT-компанияға айналғанын айтамыз

Rus
Жарияланған күні: 08.09.2024, 22:48
Николай Бабешкин

Николай Бабешкин

«Жұрт программистерді көбіне кең балақ шалбар киіп, көзілдірік таққан, компьютер шұқитын ботаник ретінде танитын. Олар да IT-салада ақша үшін жүрмейтін, өйткені ол кезде сала мамандарының айлығы көп емес-тін», – Николай Бабешкиннің есінде қалған Қазақстанның 2000-жылдардағы IT-саласы осындай. Ол Қазақстандағы IT-экожүйенің дамуына айтарлықтай ықпалын тигізген компания – Kolesa Group тарихындағы (12 жыл бойы CEO болды, қазір директорлар кеңесі құрамында) басты тұлғалардың бірі. Басқа бизнес иелері процестерді қалайша цифрландырамын деп бас қатырып жүргенде, Kolesa Group газеттен толыққанды IT-құрылымға айналып үлгерді.

Digital Business пен Yandex Qazaqstan-ның біріккен «Қазақстанның IT-тарихы» жобасы аясында Николай 2000-жылдары Қазақстанның IT-саласы қандай деңгейде болғанын, айтишниктерге сұраныстың және олардың еңбекақысы қандай болғанын айтып берді. Жас маман ірі мекеменің басшылық позициясына қалай тап болғаны, «Колеса» IT-бизнеске айналып жатқан кезде қандай қиындықтарға кезіккені және неліктен 2010-жылдардың басында мобильді қосымшаларға басымдық бергені туралы да сөз қозғалды.

Kolesa Group туралы

Компания 1996 жылы пайда болды. Ол бастапқыда «Колеса» және «Крыша» атты хабарландыру газеттерін басып шығарумен айналысты. Алайда уақыт өте келе, дәстүрлі бизнес технологиялық кәсіпке айнала бастады. 2006 жылы екі басылыммен аттас сайттар ашылды, ал арада 7 жыл өткенде Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Kolesa.kz мобильді қосымшасы іске қосылды. Шарықтау шегінде тиражы 50 мың данаға жеткен екі газет кейін жабылды. Осылайша, «Колеса» толыққанды Kolesa Group IT-компаниясына айналып, цифрландыру трендін бастап кетті.

Студенттік шақтағы бизнес, көзілдірікті ботаниктер және Chocolife

«Бизнес 2000-жылдары технологиялық шешімдерді сатып алуға дайын болды»

Николай бағдарламалауға жасөспірім шағында әуестене бастады. Ол уақытта (1990-жылдардың екінші жартысы) Бабешкиндер отбасында компьютер болған да жоқ:

– Технологияға қызығушылығымды Сергей Лукьяненконың «Лабиринт отражений» кітабы оятты. Бұл – Диптаун виртуалды қаласы туралы киберпанк стиліндегі әңгіме. Оны оқып болған соң хакер болғым келді. Бұған әпкемнің де ықпалы тиді, оның достары компьютерлік бағдарламалар жасаумен айналысатын. Сөйтіп программистке оқимын деп, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне түстім.

Оқудың 4 курсында-ақ Николай кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Таныс жігітпен бірігіп, дистрибьюторларды автоматтандыру үшін олардың есеп құжаттарының бір бөлігін электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік беретін софт жасап шығарды:

Николай Бабешкин

– Ол кез 2004 жыл болғанымен, сұраныс тез артты. Нарық технологиялық шешімдер сатып алуға дайын еді. Бизнес ақырын автоматтандыруға көше бастады: ERP-жүйесін, 1C-ті енгізді. Яғни, біздің өнім жұмысқа ыңғайлы деп адамдарды көндірудің қажеті болмады. Олар оның тиімділігіне көз жеткізгенде-ақ, бірден жүйені енгізуге келісті. Сөйтіп, он шақты ірі жобаны жүзеге асырдық, Қазақстандағы ең мықты деген дистрибьюторлар бізден өтті. Бірақ мен бұл істен шығамын деп тез шештім. Ауқымын кеңейтуге болатын жоба жасағым келді, ал мұнда өсу үшін үнемі жаңа клиент тауып, операциялық процестермен айналысу қажет болды. Оған қоса, ол кезде тым жас едім, бизнес бастауға дайын емеспін: қалай жасалатынын түсінбей жүрдім, қатты күйзеліп кеттім.

«Ешкім IT-ге ақша үшін барған жоқ, сала мамандарының айлығы көп емес-тін»

Николай жалдамалы жұмысқа тұрамын деп шешті. Есінде қалғаны, 2000-жылдардың ортасында IT-саласында жұмыс табу қиын болмады:

– Ол кезде бұл салада мамандар әлдеқайда аз еді. Қазақстанда бағдарлама әзірлеушілерді бір-екі университеттің бірнеше факультетінде ғана даярлайтын. Бәсекелістік жоқтың қасы. Мамандық басқаша қабылданатын. Қоғамның түсінігінде программист – бұл кең балақ шалбар киіп, көзілдірік таққан, компьютер шұқудан басқаны білмейтін ботаник. IT-ге ақша үшін бармайтын, ол кезде сала мамандарының айлығы көп емес. Еңбекақы елдегі орташа жалақыдан жоғары болғаны сөзсіз.

Николай Бабешкин

Дегенмен, жақсы табыс тапқысы келгендер мұнайды, қаржы секторы мен заңгерлікті таңдайтын.

– Бұл жерде бірнеше факторды атап өтер едім. Біріншіден – банктердің ықпалы, олар өз ішіндегі процестерді цифрландыра бастады және кодтауды білетін мамандарды қажет етті. Екіншіден – тәжірибесі, бизнес-амалдары мен ақшасы бар дәстүрлі кәсіпкерлердің интернетке келуі. Егер бастапқыда түрлі сайттар мен порталдарды энтузиаст-программистер жасап жүрсе, кейін нағыз бизнесмендер іске келді. Олар табыс әкеле алатын айтулы жобаларды құрумен айналысты. Ол үшін, әлбетте, кадрлар қажет болды.

Осының бәрі, түптеп келгенде, IT-экожүйесінің іргетасын қалады. Стартаптар пайда бола бастады. Қазақстан үшін маңызды IT-жобалардың бірі – Chocolife-ты іске қосуға Николай Бабешкин атсалысты:

– Кәсіпкерлік тұрғысынан Chocolife серпінді жоба болғаны сөзсіз. Рамиль Мухоряпов (Choco холдингінің негізін қалаушы – Digital Business еск.) басқа жігіттермен бірге команда құрып, екі айдың ішінде өнім жасап, іске қосты. Chocolife тез қарқын ала бастады. Бюджеті шағын еді.

Николай Бабешкин

Айтпақшы, осы Chocolife-ты іске қосу құрметіне ұйымдастырылған кеште «Колеса» құрылтайшыларының бірі Вали Хуснутдинов маған бизнесті IT-компанияға айналдыр деп ұсыныс айтты. Бас тарта алмадым.

Бағдарлама әзірлеушілерді іздеу, газеттердің жабылуы және HR-бренд құру

«Бізді IT-компания емес, газет деп қабылдады»

2011 жылы Николай Бабешкин «Колеса» директоры болды. Алайда жаңа қызметке кірісіп үлгерместен, қиындыққа ұшырады. Бағдарлама әзірлеушілердің бәрі бір сәтте жұмыстан кетті:

– Еншімізде Қазақстан бойынша қаралым санынан үздіктер қатарында тұрған екі сайт бар. Дисктерде орын қалмағанын көріп отырсың, тез әрекет етпесең, бәрі тоқтап қалайын деп тұр. Өзің қолыңмен бірдеңе істеп, мамандар іздеуге кірісесің.

Бірінші кезекте Қазақстанның үздік порталдарын ашып, кім жұмыс істейтінін қарап шықтым. Маған жүктемесі жоғары жобалармен қалай әрекет етуді түсінетін адам керек еді. Сөйтіп, Игорь Бородихинді таптым, ол кейін Kolesa Group-тың техникалық директоры (СТО) мен тең құрылтайшысы болды. Екеуміз тәуекелді жағдайлар болашақта болмасын деп ақырындап жаңа команда жинап, инфрақұрылым құрдық.

Колеса

Адам табу қиын болғанын атап өткен жөн. 2010-жылдардың бірінші жартысында нарықта сапалы мамандар әлі де тапшы болатын. Ол аздай, көпшілік бізді IT-компания емес, газет деп қабылдады. Сол себепті көп ақша ұсынсақ та, әзірлеушілер Kolesa Group-та жұмыс істеуге құлық танытпады. Қоғамның компанияға деген көзқарасын өзгерту үшін сауатты HR-бренд құру қажет болды. Бұның бәрі қатар жүріп жатты. Бұдан бөлек, уақыт өте келе, кадрларды өз ішімізде өсіру үшін Kolesa Academy жобасын бастадық. Жоспарымыздың бәрі жүзеге асты деп айта аламын. Қазір Kolesa Group-тың IT-бөлімінде 200 шақты адам жұмыс істейді.

«Сайт маржасы жөнінен алтын сатқанмен тең ғажап бизнес еді»

Өзгермелі заманға сай болуы үшін компания да трансформациядан өтті. 2010-жылдардың басында Kolesa Group негізгі кірісті газеттен алса, уақыт өте келе жағдай өзгеріп, сайттар табыс әкеле бастады:

– Kolesa.kz пен Krisha.kz сол уақытта танымалдық жағынан Қазақстандағы үздік сайттар қатарында болғанына қарамастан, газеттен аз табыс тапты. Бірақ маржасы жоғары болғаны рас. Егер қағаз нұсқасында маржа 15% болса, веб-нұсқада 80%-ға жететін. Ғажап бизнес – алтын сатқанмен тең. Газетте қағаздың, баспаның, үлкен редакция ұстаудың шығыны көп еді. Ал, сайтта ол уақытта бағдарлама әзірлеушілерді есепке алмағанда, 3 адам жұмыс істеді.

Газета Колеса

Компанияның жалпы кірісіндегі сайттардың үлесі ақырындап өсе бастады. Бұл біздің басқару шешімдерімізге де, трендтерге де байланысты еді. Интернет онлайнға ауысып жатқан адамдардың күнделікті өміріне дендей ене бастады.

Көп ұзамай, газеттерді жабамыз деп шештік. Ол кезде, айтпақшы, бізді көбі айыптады. «Жас менеджер, ұшқалақ Николай газеттерді құртатын болды» деп жазды. Алайда команда ішінде бізге ешкім қарсы келмеді, басылымның дәуірі өткеніне бәрінің көзі жетті.

Біз бірнеше себепті басшылыққа алдық. Біріншіден – бір мезетте сайттар газеттермен бәсекелесе бастады. Қаржылық есептерге қарап отырып, веб-бағытты қарқынды дамытқан сайын қағаз нұсқасында қиындықтар көбейгенін байқадық. Екіншіден – газеттерді басып шығару шығыны артып, кірісі азайды. Олардың табыссыз бизнеске айналатын күні таяды. Үшіншіден – басқа елдерде басылымдарды жойып, интернетке көшу тренді байқала бастады.

Николай Бабешкин

Біз газеттерді жапқан соң, өзгелері де солай істеді. Жалпы, бизнес иелері өміршең болу үшін веб-кеңістікке шығу керек екенін түсінді, өйткені ол жақта көп адам шоғырлана бастады. Ұтымды сәтті жіберіп алмау керек еді. Бірақ, бәрі бірдей олай істей алмады. Онлайн-кеңістікте дер кезінде орныға алмай, ақыры жабылып тынған компанияларды білемін.

Мобильді қосымшалар, Market.kz факапы және нарықтағы орын

«Егер бір нәрсе істеуді ұсынсаң, ал команданың тең жартысы сенімен дауласса, демек идея жақсы және оны жүзеге асырып көру керек»

Газеттерді жаппастан бұрын, Kolesa Group командасы мобильді қосымша құрумен айналыса бастады. 2013 жылы компания Kolesa.kz қосымшасын іске қосты. Николай Бабешкин оның қалай болғанын еске түсірді:

– Қазақстанда, жалпы бүкіл әлемде мобильді қосымшалар нарығы енді пайда бола бастаған шақ. Бизнес сайттардың декстопты немесе мобильді нұсқасының дамуына сеніп отырғанда, біз тәуекелге бел будық. Мына қағиданы берік ұстандым: егер бір нәрсе істеуді ұсынсаң, ал команданың тең жартысы сенімен дауласса, демек идея жақсы және оны жүзеге асырып көру керек. Ал, егер ешкім қарсы келмесе, демек уақыт өтіп кеткені.

Команда Kolesa kz

Мобильді қосымша не үшін керек екенін көбі түсінбеді. Бірақ біз тәуекел етіп, тез арада Kolesa.kz қосымшасын істедік. Ол ешбір жарнамасыз ең көп жүктелген қосымшалар қатарынан бір шықты және ұзақ уақыт бойы үздіктер тізімінде тұрды.

Кейін Krisha.kz қосымшасын көпшілікке таныстырдық. Оны мердігерлер жасап, сапасы нашар шықты. Оған қоса уақыт өткізіп алғанбыз, мұны Kolesa.kz-пен салыстырғанда орнату динамикасынан байқадық. Қосымшаны өз деңгейіне жеткізу үшін оны қайта жасауға тура келді.

Ал, Market.kz-ті кешігіп шығарғанымыз анық. Бұл менің қатем. Сайтқа көп көңіл бөлеміз деп уақыт өткізіп алыппыз. Қосымша жасау керек екенін түсіндік, бірақ үлгермей жаттық. Бәлкім, амалын табуға болар ма еді. Мысалы, аутсорсқа беретін жағдайымыз болды. Алайда сол сәтте ойымызға түспепті. Әйтсе де, Kolesa.kz пен Krisha.kz еңбегімізді ақтады. Олар әлі күнге шейін қосымшалар дүкенінде алдынғы қатарда тұр.

Николай Бабешкин

Қалай болғанда да біз Қазақстанда мобильді қосымшалар дүрбелеңі боларын болжай алдық. Бізден кейін ғана банктер, мобильді операторлар, түрлі төлем жүйелері және т.б. қосымшасын жасауға кірісті.

«Мың рет дауласып, жүйкемізді тоздырсақ та, ең бастысы өнімнің мықты болғаны деп тоқтайтынбыз»

Николай Бабешкин Kolesa Group-тың дәстүрлі бизнестен IT-бизнеске неліктен еш қиындықсыз ауысып, нарықта нық орныға алғанының бірнеше себебін атап өтті:

– Өнімнің сапасына көңіл бөлдік. Мың рет дауласып, жүйкемізді тоздырсақ та, бастысы мықты өнім екеніне тоқтайтынбыз. Әрқайсымыз: «Пайдасыз нәрсе істегіміз келмейді» қағидасын ұстанамыз. Kolesa Group-тың кез келген қызметкері миллиондаған адам қолданатын сервис жасауды маңызды санайды.

IT-компанияға енді айналып жатқан уақытта мен үшін сайттың жүктелу жылдамдығы маңызды еді. 60 миллисекундтан жоғары көрсеткішті көргенде әзірлеушілерден неге бұлай екенін және оны қалай түзетуге болатынын сұрайтынмын.

Колеса

Егер сен барлық істі жақсы істесең, жаныңа өзіңдей адамдар жиналады. Оны жақсы сезесің. Компания табыс табуды басты мақсаты етсе, оған тыныш қана жалақысын алып отыратын қызметкерлер барады. Ал егер сіз мықты өнім жасасаңыз, оған «жарып шығатын» нәрсемен айналысқысы келетін адамдар тартылады. Сосын кешке барда сыра ішіп, қосымшаға қандай керемет фича қосқанын мақтанышпен айтып отырады. Біздің басты құпиямыз сол шығар.