2000-2010 жылдар тоғысында Қарағанды еліміздің басты IT-орталықтарының бірі саналды. Сол уақыттың өзінде қала өндірістік орындарымен ғана емес, Орталық Азия аумағында ерекшеленетін IT-жобаларымен мақтана алатын. Бұл бірінші кезекте «Плюсмикро» (оның тарихын жақында баяндағанбыз), Flip.kz, Wooppay және Hoster.kz. Кеншілер астанасында локалды интернет-провайдерлер, тағам жеткізу қызметі, веб-студиялар секілді басқа да технологиялық компаниялар дамып жатты. IT-өмірдің қарқыны жағынан Қарағанды Алматымен бәсекелесіп, тіпті, кей кездері озып та кететін.
Digital Business пен Yandex Qazaqstan-ның біріккен «Қазақстанның IT-тарихы» жобасында біз қарағандылық феноменді зерттейміз деп шештік. Ел мен одан тысқары мемлекеттерге мәлім жобалар бұл жерде ненің арқасында пайда болды? Алматы мен Астанадағы компаниялармен олар қалай бәсекелесе алды? Жалпы, 2010-жылдардың басында стартапты іске қосу қаншалықты қиын болды? Осы және басқа мәселелер жөнінде көпшілікке белгілі қарағандылық IT-кәсіпкер, Wooppay және «Террикон алқабы» IT-хабының негізін қалаушы Александр Дорошенкомен сөйлестік.
Майқұдықтағы пәтер, қалалық портал және финтех
«Ақшамен жасаған түрлі амал-айладан соң қалтамда $100 қалды»
Александр Дорошенко – Қарағандының байырғы тұрғыны. Осында мектепті («Алтын белгімен»), кейін жергілікті политехті (қызыл дипломмен) бітірді. Мұндай мәртебемен ол мұнай-газ компаниясында немесе банк саласында табысты еңбек етер еді, алайда кәсіпкерліктің қиын жолын таңдады:
– Бизнес жасауды студент кезімде бастап көрдім. Бірінші әрекетім – ата-анамды несие алуға көндіріп, $3 мыңға Майқұдықтан (Қарағанды шетіндегі аудан – Digital Business еск.) азып-тозып тұрған пәтер сатып алдым. Оны жөндеп, сатып, пайда көрмекші болдым. Бірақ, 2008 жылы ел қаржы дағдарысна ұшырап, ипотека бағдарламалары жабылып қалды. Көп ұзамай пәтерімде құбыр жарылып, $2 мыңға жасаған жөндеуім далаға кетті. Пәтерді әрең деп сатып, барлық шығынын жапқанда қалтамда $100 қалды. Яғни, минусқа кеттім.
Алайда бұл оқиға Александардың кәсіпкерлік ынтасын жойған жоқ. Ол университеттегі досымен бірге Қарағанды туралы vtochku.kz веб-порталын ашатын болып шешті:
– Шыны керек, бұнымыздан ештеңе шықпады. Уақытынан бұрын жасалған іс деп ойламын. Бұл 2009 жыл еді, адамдар интернетке енді кіре бастаған шақ. Сәл кейінірек істегенде бәрі басқаша болар ма еді.
«Қарағанды кәмпиттері» қабығының дизайнын жасадық, олар бұнымен беделді байқауда жеңіске жетті»
Портал ісі жүрмесе де, Александр Дорошенко сайт жасауды жалғастыра берді, тек енді тапсырыспен жасайтын болды. Веб-кеңістікке шыға бастаған таныс жеке компаниялардың иелері мен қалалық мекемелердің басшылары оның көмегіне жүгіне бастады.
– Сайттар, логотиптер жасадық. Ал, «Қарағанды кәмпиттері» қабығының дизайнын жасап бердік, кейін олар беделді байқауды жеңіп алды. Алайда студияның жұмысы мені жандырмады, себебі өз өнімімді шығарғым келді. Осы кезде ауыл шаруашылығы саласында бизнесі бар кәсіпкер жүгініп, LinkedIn мен The Sims-ке ұқсайтын, біріктірілген сервис жасауды ұсынды. Оның ойынша, кәсіпкерлер вакансия жариялайтын немесе қайсыбір жұмысты орындауға тапсырыс беретін виртуал қала болуы керек, – дейді стартапшы.
Жобаның прототипін алып жігіттер стартаптар байқауына аттанды. Бірақ сервисті жасауға тапсырыс берген адам соңғы сәтте идеясын біреу ұрлап алады деп қорқып, байқауға қатысудан бас тартты.
– Ол кезде байқауда басқа идея – түрлі қызметтер мен тауарларды ұялы телефонның теңгерімінен төлеуге мүмкіндік беретін шешімді таныстыруды ұсындым. Команданың көзі жайнап кетті, бірақ байқауда бұл концепцияға ешкім сенген жоқ. Мұны жүзеге асыру мүмкін емес, операторлар мен банктермен келісімге келе алмайсыңдар деді. 2011-2012 жылдары бұл шынымен де фантастика көрінетін. Елімізде ол кездері «финтех» терминін ешкім білмейді. Мен сонда да ойлағанымды іске асырамын деп шештім. Сөйтіп, Wooppay пайда болды, – деп еске алады Александр Дорошенко.
Стартапшылардың екі толқыны, жер аударылғандар және экология
«2010-жылдары Қарағанды IT саласы жағынан Астанадан әлдеқайда мықтырақ болды, ал кей жерде Алматымен бәсекелесе алды»
Ол кезде Қарағандыда бірқатар мықты IT-компания болды. Александрдың айтуынша, олардың негізін қалаушыларын стартапшылардың екі толқыны деп бөлуге болады:
– Біріншісі – совет инженерлері, техникамен жұмыс істеуден мол тәжірибесі бар олар 90-жылдары табысты технологиялық бизнес құра алды. Ең жарқын мысалы – «Плюсмикро». Олар IT-де жақсы табыс табуға болатынына көпшіліктің көзін жеткізді деп ойлаймын. Әсіресе, EPAM Systems-пен жасалған келісімнен кейін.
Екіншісі – тәуелсіз Қазақстанда университет бітірген жігіттер. Олардың көкжиегі кең, қандай өнім сұранысқа ие болатынынан түсінігі бар. Бұл жерде Александр Соколовты (Flip.kz маркетплейсінің негізін қалаушы), Денис Сухачевты (Hoster.kz хостингінің негізін қалаушы), Роман Мальченконы (EMENU тағам жеткізу қызметінің негізін қалаушы), Creatida студиясындағы жігіттерді атап өтуге болады.
Олардың бәрі де мықты өнім жасады. Сол Hoster.kz хостингі Қазақстанда тез таныла бастады: көбі доменді солардан сатып алатын. Creatida студиясы 2000-жылдардың ортасында барлық дерлік мемлекеттік құрылымдардың сайтын жасап берді, ал EMENU Алматы мен Астананы қоспағанда еліміздің барлық ірі қаласын жаулап алды.
2010-жылдары Қарағанды IT саласы бойынша Астанадан әлдеқайда мықтырақ болды, ал кей жерде Алматымен бәсекелесе алды деп айта аламын. Мысалы, Қазақстанның басты екі дизайн-студиясының бірі біздің қалада жұмыс істеді. Жігіттер Астана мен Алматының ірі корпорацияларының тапсырысын орындады. Flip.kz ұзақ уақыт бойы елдің басты интернет-дүкені болды. Қарағанды шынында да дүркіреп тұрды.
«Бізде бәрі нақты бизнес жасап үйренген»
2000-2010-жылдары Қарағандыда IT-жобалардың дамуы неге қарқын алды? Александр Дорошенко бұның бірнеше себебін көріп отыр:
– Қарағанды совет жылдары интеллектуал адамдардың жер аударған мекені еді. Мысалы, менің ата-анама мектепте мәскеулік-питерлік профессорлар сабақ берген. Бұдан бөлек, біздің өлкеге мал-мүлкінен айырылған крестьяндар – сол кездің фермерлері көшірілді. Нәтижесінде, Қарағандыда білімді және кәсіпке икемді адамдардың үлкен шоғыры жиналды. Бұл қала өміріне, сөзсіз, әсер етті.
Тағы бір маңызды жайт – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-ның әскери іс-қимылдар жүріп жатқан аумақтарынан бұл жерге көптеген кәсіпорын көшірілді. Онда жұмыс істеу үшін сауатты мамандар қажет болды, ал оларды даярлау үшін сапалы университеттер керек болды. Білім беру ісі, соның ішінде техникалық бағыттағы оқу дами бастады.
Оған қоса билік инфрақұрылымға кірісті: үйлер мен түрлі әлеуметтік нысандар салынды. 70-80-жылдары Одақ бойынша тапшылық болса, бізді Мәскеу қамтамасыз ететін. Азық-түлік пен тауар алу үшін халық бүкіл Қазақстаннан Қарағандыға келетін.
Қысы қатты болғаны да септік етті. Жеке өзімнің балалық шақтан қалған естелігім көп. Қыстың күні күртік қарды басып, мектепке баратынбыз, аяғымызды әрең көтереміз, қар қалың. Ол аздай, алдыңнан жел соғады. Жағымсыз сезім. Осындайда мінезің шыңдалады, бұл бизнеске ауадай қажет қасиет.
Менің ойымша, «Плюсмикро» немесе Flip.kz секілді табысты кәсіптер жақсы және мықты фаундердердің арқасында құрылды. Қарағандының күші – мәдени кодында қиындықтардан аман өту қабілеті жазылған адамдарында. Қарағандының көптеген стартапшылары, мен де соның ішінде, күрделі B2B-өнімдерді еш қиынсынбай қолға алғанымыз да осы себептен болар деп топшылаймын. Бізде бәрі нақты бизнес жасап үйренген ғой. Серверлер, бұлтты қоймалар, маркетплейстер, төлем жүйелері – бұның бәрі кезекті мобильді қосымша жасағаннан гөрі, әлдеқайда көп күшті қажет етеді.
Қателесу, мобильді сауда нарығы және кәсіпкерлерді оқыту
«Финтех- жоба жасау үшін бірнеше миллион доллар қажет болды»
Wooppay-ді іске қосу да 2012 жыл үшін тәуекелді іс еді, деп мойындады Александр:
– Ол кезде финтех-жоба жасау үшін бірнеше миллион доллар қажет еді. Сөйте тұра, ол заманда венчурлық инвесторлар да, қорлар да жоқ. Қазақстанда smart money табу – болмайтын іс еді. Құзыретке қатысты да осылай деуге болады: кеңес сұрайтын ешкім жоқ, нарықта эксперттер тапшы. Сол себепті көп қатеге ұрындық.
Соның бірі – бастапқы кезеңде Wooppay-ден электронды әмияны мен жеткізу қызметі (тағам, гүл) және тағы басқасы бар суперапп қылып шығару. Ол кезде электронды сауда концепциясын жасағымыз келген. Біздің көмегімізбен жұрт кэштен толық құтылады деп ойладық. Бірақ ол уақытта қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 10%-дан аспаған еді. Мұндай жағдайда халықтың үйреншікті әдетін бірден өзгертпей, баяу әрекет ету қажет екен.
Нәтижесінде романтикалық бұл ойымыз түбімізге жете жаздады. Тек АҚШ-қа сапар бізді құтқарып қалды, ол жерде бір нәрсеге фокус жасау керек екенін түсіндік. Сөйтіп, әмиян, мобильді сауда, банк картасымен интеграция және эквайрингке қатысты нәрселердің бәрі, яғни төлем бағытында жұмыс істейміз деп шештік. Ол жақта да бәрі оңай бола қойған жоқ.
Әуелі банктермен серіктестік жөнінде келісу керек болды, ал олар ынтымақтастыққа аса құлықты емес еді. Біріншіден, көбі бізді серіктес емес, Қарағандының тентек жігіттері деп таныды. Екіншіден, «Цифрландыру саласында бірдеңе істеп не керек? Онымен Қазкоммерцбанк айналысып жатыр ғой» дегенді жиі еститінбіз. Бұл қарсыласуды қажырлы еңбектің арқасында еңсеріп отырдық. Ірі компаниялармен де солай. Үнемі жүгіріп жүресің, өзің туралы еске саласың, бұл серіктестіктен бәрі де ұтатынын дәлелдеумен боласың.
Қиындықтарға қарамастан, ешқашан бәрін тастаймын деген ниетім болған емес. Өзім принципшіл адаммын. Ең қиын шақтарда да бәрі жақсы болатынын білдім. Егер олай болмаса, басқаша істеуге болады, бір емес, бір идея міндетті түрде іске асады. Бастысы – уақытынан бұрын тоқтамау.
«Айтишниктерге кәсіпкерлік негіздерін үйреткеннен гөрі, кәсіпкерлердің IT-дағдыға машықтануы әлдеқайда тиімді»
Осылайша ғана, Александр Дорошенконың айтуынша, Wooppay Қазақстандағы электронды нарыққа айтарлықтай әсер ете алды:
– Біз елде бірінші болып банк емес, бөтен сервистегі ақшаны картаға шығарып алу мүмкіндігін жасап шығардық. Оған қоса мобильді сауда нарығының іргетасын қаладық.
2010-жылдардың орта тұсында Beeline-мен бірге мобильді телефон теңгерімінен қоғамдық көліктің жол ақысын төлеу қызметін іске қостық. Бастапқыда құнын 1 теңге деп белгіледік. Нәтижесінде секундына бірнеше мың сұраныс алдық. Бұл адамдар тиімді болған кезде технологияларды қолдануға даяр екенін білдіреді. Көп ұзамай Қазақстанның басқа мобильді операторлары – Kcell мен Tele2 бізбен жұмыс істей бастады. Ақиқатында, бұл нарықты толығымен біз құрдық.
Бұл жұмыстың бәрі бізге тез арада табысқа шығуға мүмкіндік берді. Wooppay ресми түрде 2012-жылдың желтоқсанында іске қосылса, 2014-жылы біз плюске шықтық. Табысты болуымыздың себебі неде десек, менің классикалық үлгідегі кәсіпкерлік тәжірибем әсер етті деп есептейтін.
Айтпақшы, менің гипотезам бар: айтишниктерге кәсіпкерлік негіздерін үйреткеннен гөрі, кәсіпкерлердің IT-дағдыға машықтануы әлдеқайда тиімді. Кәдімге бизнесті құру тәжірибесі бар фаундердің стартабы өміршең келеді. Егер ақша таусылып қалса, олар оны қайдан алу керек екенін біледі. Мұндай жігіттер қиын жағдайдан шығудың амалын табады, өйткені классикалық бизнеспен айналысқан кезде мұның бәрінен өткен.
Ішінара осы себептен де, екі жыл бұрын «Террикон алқабы» IT-хабын ашамыз деп шештік. Біз мұнда айтишниктерге де, IT-саласына кіруді ниет еткен кәсіпкерлерге де өз идеясын жүзеге асыруға көмектесеміз. Аз дегенде сараптамасын жасап береміз, көп дегенде қаржылай жәрдем етеміз.
Негізінен хабтың басты мақсаты – Қарағандыда «Плюсмикро», Flip.kz немесе Hoster.kz секілді оқиғалар көбірек пайда болатындай жағдай жасау. Ол үшін қажеттінің бәрі – инфрақұрылым, сапалы кадр даярлайтын университеттер бар. Ең бастысы – жақсы идеялары бар адамдар. Біз оларға өзара араласып, пікірлесетін, құнды инсайттар алатын кеңістік береміз. Бұл Қарағандыға Қазақстанның IT-саласындағы орнын қайтаруға көмектеседі деп үміттенемін.