Лондоннан әкелінген компьютерлер және термоспен ақы төлеу. Қазақстан IT-саласында тұңғыш рет шетелге үлесін сатқан «Плюсмикро» компаниясының хикаясы

Rus
Жарияланған күні: 23.07.2024, 11:39
Леонид Виняр

«Мектепте оқып жүргенде сурет салуға әуес болдым. Дизайнер болмақшы едім, бірақ әкем: «Бұл богеманы білемін, сені адастырады. Басқа жолды таңда деді». Сөйтіп, мен Томскідегі политехникалық университеттің физика-техника факультетіне тап болдым», – деп еске алды IT жолындағы алғашқы қадамын «Плюсмикро» құрылтайшыларының бірі Леонид Виняр.

Қарағандылық бұл компания біздің елде бірегей. 80-жылдардың басынан бағдарламалық шешімдерді әзірлеумен айналысты. Ал 2008 жылы «Плюсмикроны» EPAM Systems сатып алды, сауда бағасы жарияланбайды, алайда, кейбір қауесеттерге сүйенсек, бірнеше миллион доллардың мәмілесі жасалған. Бұны Қазақстандағы алғашқы IT-компанияның халықаралық нарыққа шығуы десек болады.

Digital Business пен Yandex Qazakhstan-ның біріккен «Қазақстанның IT-тарихы» жобасы аясында Леонид Виняр Қарағандының қарапайым программистері кеңес заманында жеке IT-компанияны қалай құрғанын, алғашқы тапсырыстарды қайдан алғанын және ол уақытта қандай табыс тапқанын айтып берді. Сонымен қатар, 2000-жылдардағы бизнестің дамуы, компанияны сату және EPAM негізін қалаушы Аркадий Добкинмен келіссөздер қалай өткені туралы әңгімелестік.

Зымыран, кеңестік кездегі ЭЕМ және ет комбинатының есеп жүйесі

«6-сыныпта зымыран құрастырмақ болдым: кесек темірге оқ-дәріні сеуіп, от қойдым»

Жоғары технологиялар әлемі Леонидті бала кезінен қызықтырды. Винярлардың үйінде қойнауы ғылыми әдебиетке толы үлкен кітапхана бар еді. Жеткіншек шағында Леонид ғарыш, жерсеріктер, роботтар мен 1950 жылдары танымал болған басқа да футуристік заттар туралы кітаптарды көп оқитын:

– 6-сыныпта зымыран құрастырамын деп шештім. Кесек темірді ортасынан егеп, аңшыларға арналған дүкеннен оқ-дәрі: «Соколдан» (түтінсіз дәрі) бір құты және «Фазаннан» (түтіндейтін дәрі) бір құты сатып алдым. Ол заманда жасөспірімдерге мұндайды сата беретін. Оқ-дәріні әртүрлі көлемде араластырып, кесек темірге сеуіп, от қойдым. Зымырандардың бірі ұша ма деп үміттендім, алайда, олар бірінен соң бірі жарылып кетті.

Леонид Виняр

Леонид 10-сыныпқа көшкенде Қарағанды ғылыми-зерттеу көмір институты жанындағы зертханада жаңа нәрсеге әуестене бастады. Ғалымдар шахтадағы метан мөлшерін өздігінен анықтайтын құралды жинамақ болды. Оныншы сынып оқушысына жад құрылғысын қондыратын ұяшық жасау тапсырылды:

– Бұл менің ақпараттық технологиялар саласындағы алғашқы ерлігім болатын. Бұдан кейін Томск қаласына оқуға кеттім. Атом өнеркәсібін автоматтандырумен айналысатын мамандар даярлайтын факультетке түстім. Қалаға жақын маңдағы оқу реакторында сабақтар өтетін. Жалпы айтқанда, университет кеңінен ойлауды үйретті.

Кеңес заманындағы алғашқы шағын ЭЕМ – «Проминь» компьютерімен сол жерде таныстым, ол Украинадағы Северодонецк есептеуіш машина зауытында шығарылған. Инженерлік есептеулер жүргізуге арналған екен. Бұдан басқа, М-220 (ғылыми-техникалық есептерді шешуге арналған кеңестік цифрлық ЭЕМ – Digital Business еск.) мен «Урал-11» (ғылыми-зерттеу институттары жанындағы есептеу орталықтарында математикалық есептердің кең санатын шешу үшін пайдаланылған КСРО-дағы алғашқы жартылай өткізгіш компьютер – Digital Business еск.) болды. Бағдарламалауды сол құралдарда үйрендім.

«Біздің жүйе қолданылса, шұжық ұрлау қиын болатынын көргенде, ет комбинатындағылар бірден бас тартты»

Оқуды бітіріп, Томскіде бірнеше жыл ғылыми қызметкер болып еңбек еткеннен кейін Леонид Қарағандыға оралды. Туған жерге қайтуына баспана мәселесі түрткі болғанын мойындады:

Леонид Виняр

– Отбасылы, бала-шағалы болдым. Лашықтай үйім болса екен дедім. Томскіде үй алуға үміттенбе деді. Қарағандыға қайтып, құрылысшыларға бардым, ол кезде есептеу техникасы солардың қолында бар. Тәжірибемді ескере отырып, мені «ГипроОргШахтострой» институтына бағдарламалау тобының жетекшісі етіп жұмысқа алды. Онда «Минск-32» компьютерінде жұмыс істедім. Жігіттермен бірге Кобол (COBOL, common business-oriented language – іскерлік деректерді өңдеуге арналған құрастырылмалы бағдарламалау тілі – Digital Business еск.) және ассемблерде (символдық кодтау тілі) код жаздық.

Көп ұзамай Леонидті облыстық статистика басқармасына жұмысқа шақырды. Мемлекет есептеу техникасымен («Минск-32» ЭЕМ, кейін ЕС-1020) қамтамасыз еткен, оны енді үнемі қолдану қажет болды. Жабдықтар бірінші жылы сегіз сағат, екіншісінде – 16 сағат, одан кейін тәулік бойы үш кезекпен жұмыс істеуі тиіс еді. Әйтпесе, облстатқа жаза қолданылар еді.

Вычислительный центр с ЭВМ Минск-32

– Мекемелердің өмірін сәл жеңілдету үшін КСРО кезінде облыстық статистика басқармалары жанындағы есептеу орталықтарына программистерді жұмысқа алып, коммерциялық тапсырыстар орындауға мүмкіндік беретін реформа қабылданды. Біз бірінші тапсырысты ет комбинатынан алдық. Оларға автоматтандырылған есептеу жүйесін жасап бердік. Бірақ ондағылар біздің жүйені қолданса ет шұжығын ұрлау қиындайтынын түсінгенде оны пайдаланудан тез бас тартты, – деп еске алды Леонид Виняр.

Кооператив, алғашқы тапсырыс берушілер және алма толы фура

«Лондондағы скрипкашы арқылы компьютер сатып алдық»

Программистер тез арада көп тапсырыс жинап, барлық ЭЕМ-ді жұмыс істетіп қойды. Көп ұзамай тағы екі бағдарламалау бөлімі ашылып, мамандар штаты 60 адамға кеңейді. Үш салаға: көмір машина құрастыру, жеңіл өнеркәсіп (мауыты-шұға комбинаты) және білімге (университеттер) жұмыс істеді. Бұл 1980-жылдардың басында жалғасты. Содан кейін облыстық статистика басқармасы уәде етілген бағдарламалық қамтамасыз ету кітапханасына қол жеткізіп, программистер қажетсіз болып қалды.

Леонид Виняр

– Жұмыстан шығыңдар деді. Бәріміз Қарағандының есептеу орталықтарына тарап кеттік. Әйтсе де, көбімен дос болып қалдық, туған күндерде жиналатынбыз. Қайта құру кезеңі басталғанда кооперативке бірігу мүмкіндігі пайда болды. Бағдарламалық шешімдер әзірлейтін кооператив құруды Юрий Мизинов ұсынды. Ол әрдайым бірдеңе ойлап табатын. Бізге оның ойы ұнады. Бұрынғы әріптестерімізді тартатын болдық. Оның үстіне, кооператив құру үшін соншалықты зор талап қойылмайтын. Құрылтайшылар жиынын өткізіп, атқарушы органға құжат тапсыру керек болды. Сөйтіп, 1987 жылдың 1-ші желтоқсанында бағдарламалық шешімдер әзірлейтін «Плюсмикро» кооперативін тіркедік. Кейін Мизинов бөлек кетті де, біз: Виктор Бондарчук, Дмитрий Гусак, Андрей Корнейчук, Анатолий Погорелов, Виктор Чайковский және мен бастаған істі жалғастырдық, – деп атап өтті Леонид.

Новосибирьдегі ҒЗИ (Басқару жүйелерінің ғылыми-зерттеу институты – Digital Business еск.) жаңа ашылған IT-компанияның алғашқы клиенті болды. Программистер олармен бұрын да жұмыс істеген. Институт «Плюсмикро» компаниясымен IBM PC-де компьютерлік есеп жүргізу жүйесін әзірлеу туралы келісімге отырды. Келісімшарт құны, деп еске түсірді кейіпкеріміз, реформаға дейінгі 80 мың кеңестік рубль болды:

Леонид Виняр

– Аванс алып, ол ақшаға құрал-жабдық сатып алдық. Оңай емес еді: 80-жылдардың аяғы, бәрі тапшы уақыт. Бірінші компьютерді Мәскеуде сатып алдық. Екіншісін шетелден әкелдік. Табыс табу үшін жер шарын аралап жүрген музыкант достарымыз бар еді. Олар сұраған нәрсеміздің бәрін әкеп беретін. Сөйтіп, бір скрипкашы қыз арқылы Лондонда компьютер сатып алдық.

Бастапқыда кеңсеміз болған жоқ. Алғашында жігіттермен «Шалқыма» концерт залының жанындағы қалалық саябақта немесе өз ауламда алмұрт ағашының түбінде жиналатынбыз. Кейін жақын жердегі ескі үйдің жертөлесіндегі бөлмені жалға алдық.

«Кемеровтағы компанияның бірі ақшаның орнына тот баспайтын темірден жасалған термос берді»

1989 жылдан бастап «Плюсмикро» командасы КСРО аумағында Интернетке дейінгі заманда бағдарламалық жасақтама әзірлеушілер бас қосатын жері – бүкілодақтық SOFTOOL көрмесіне қатыса бастады. Ол халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің орталық павильонында өтті. Қарағандылық компания өз клиенттерін дәл сол жерден тапты.

– Лидогенерация қиын болмады. Компьютерлік есеп жүргізуге ниетті кәсіпорындар жетіп артылды. Жүйені енгізу туралы тапсырыстар батыстан шығысқа Львовтан Чукоткаға және оңтүстіктен солтүстікке Зарафшаннан Мурманскіге дейін түсіп жатты. Сөйте тұра біз тек есеп жүргізуден пайда тауып қоймадық. Сондай-ақ 8 битті Atari компьютерінің желісі негізінде жедел жәрдем көліктеріне арналған диспетчерлік жүйені, жойғыш ұшақ ұшқыштарының психикалық жай-күйіне экспресс-диагностика жасау жүйесін және т.б. әзірледік.

Леонид Виняр

Айтпақшы, 90-жылдары бізбен ақшамен емес есеп айырысқан жағдайлар болды. Кейде бартермен жұмыс істедік. Мысалы, Кемеровтағы компанияның бірі ақшаның орнына тот баспайтын темірден жасалған, ол кезде өте тапшы термостар әкеліп берді, кейін біз оны саттық. Тағы бірде бізге алма толы фура берді. Оны сатып алатын адамды тауып, Мәскеу облысына жібердік, бірақ жүк көлігі Свердловск (қазіргі Екатеринбург – Digital Business еск.) маңында бұзылып қалды. Ол жерде аяз болып, алма үсіп кетті. Ондай да болды. Сонда да, есебіміз түгел еді.

Түскен табыстың көп бөлігі компанияның дамуына жұмсалды немесе қосымша бизнеске салынды. Бір уақыт құқық қорғау органдарымен бірге «Кримфакт» газетін шығардық, ресейлік «Мастак» компаниясымен электронды пошта қызметін ұсындық және Қарағандыдағы тұңғыш интернет-провайдерлердің бірі болдық.

Сәтсіз бастамалар да баршылық. «Маған ақша беріңіз, мен бұл бизнесті беске білемін, бәрін қатырамын» деп келетін адамдар өте көп болды. Алайда, қолынан іс келмей, талай шығынға ұшырадық. Қазір оның масштабын бағалау қиын, бірақ көп ақша еді.

Сату, EPAM-дағы жұмыс және шығармашылық

«Мәселе сол, біз бір ғана клиенті бар компанияға айналдық»

Компьютерлік есеп жүргізуден кейін «Плюсмикроның» келесі жетістігі салық қызметін басқарудың интеграцияланған жүйесін әзірлеу және енгізу болды. Оны облыстық салық департаменті жасатты. Кейін қарағандылық компания бұл шешіммен республиканың салық қызметі жүйесін (ИНИС жобасы) іздеген Дүниежүзілік банк байқауында жеңіске жетті. Леонид Виняр былай деп еске алады:

Леонид Виняр

– 90-жылдардың соңында Дүниежүзілік банк Қазақстанға автоматтандырылған салық жүйесін құру үшін қарыз берген. Бір ғана шарты бар, орындаушыны Дүниежүзілік банк анықтайтын халықаралық сарапшылар таңдайды. Комиссия құрамына Microsoft пен USAID өкілдері кірді, олар салық жүйесінің қолданыстағы үш жобасын қарастырды. Шешімдердің заманауилығы, ауқымдылығы, сондай-ақ әзірлеушілер мен техникалық қызмет көрсететін персоналдың дайындық деңгейі бағаланды. Біздің ұсынысымыз максимал ұпай санын алды. Сөйтіп, біз 400 мың долларға тендер ұтып алдық.

Бұл ақша бізді өсірді. Жұмысқа жаңа қызметкерлер алдық, Астанада филиалымызды аштық. 2000-жылдардың ортасында әжептәуір табыс таптық. Әрине, миллион доллар емес, ол заманда мүмкін еместей көрінетін. Әйтсе де, қомақты сома алдық.

Алайда, мәселе сол, біз бір ғана клиенті бар компанияға айналдық. Басқа ұйымдарға кіру әрекетімізден түк шықпады. ArcelorMittal металлургия зауытымен (қазіргі Qarmet – Digital Business еск.) ұзақ уақыт келіссөздер жүргіздік, бірақ олар бізді қабылдаған жоқ.

Леонид Виняр

Автоматтандыру жүйесін «Қазақстан темір жолы» компаниясына да ұсындық. Астанаға келдік, жас басшыларымен кездестік – бәрі де «Болашақты» бітірген, ағылшын тілді білетін, батыста достары көп, прогрессив жігіттер. Бөлімшелердің, жолдардың, қоймалар мен т.б. басшыларына жүйені таныстырдық, бәріне ұнайды, бірақ сатып алмайды.

Себебі мынада. Ол кезде халықаралық автоматтандыру жүйесін – мысалы, SAP қосу сән болды. Сөйте тұра, ол жүйелер іс жүзінде қолданылмады – жай реквизит күйінде болды. Сонда не үшін керек? Біріншіден, бүкіл өркениетті әлемде қабылданған бағдарламалық жасақтаманы халықаралық нарық алдында көрсетіп мақтану үшін жасалды. Ал, екіншіден, бұл бедел, шетелдік іссапарлар және пара. Ал, қарағандылық жігіттер сол ақшаны алғысы келеді, олардан пара алу жайлы келісе аласыз ба, жоқ па, тағы белгісіз.

«Бұл маған не үшін керек?» деп ойладым. Одан да компаниядағы үлесімді сатып, естеліктер жазудың уақыты келді деп шештім»

– Сөйтіп, біз үш жыл бойы ҚТЖ-ны жағаладық, себебі осы жүйемен жұмыс істейтін қызметкерлердің қолдап отырғанын байқадық. Бірақ, жоғарғы басшылық мұны қажет етпеді.

Осылайша, қақпанға түскендей болдық. Шағын және орта бизнестің аясы тар, ал мемлекеттік және квазимемлекеттік секторды мүдделі топтар өзара бөлісіп алған.

Халықаралық нарыққа шығу туралы ойлар болды, алайда ол үшін танымал болуымыз керек, ал Қазақстан ол кезде IT саласында көзге түсетін елдер қатарынан емес. Оған қоса, басқа елдерге шығу үшін көп инвестиция қажет, бізде ол да жоқ. Отандық қалталы құрылымдар басқаларға ақша салғанша бағдарламалық жасақтаманың белгілі бір түрін әзірлеу үшін өз компанияларын құруды жөн көрді.

Леонид Виняр

Компанияны сатамыз деп шештік. Ол сәтте бәріміз 60-тан асқанбыз. Әрі қарай дамуға әліміз жетпейді. Турасын айтсам, «Плюсмикро» біз үшін өміріміздің мәні емес, жай ғана бизнеске айналды. Мен ол уақытта шығармашылыққа бет бұрдым. «Бұл маған не үшін керек?» деп ойладым. Одан да компаниядағы үлесімді сатып, естеліктер жазудың уақыты келді деп шештім.

Компанияның құрылтайшылары бірігу үшін беделді шетелдік серіктес іздей бастады. Көп ұзамай, Леонид Винярдың айтуынша, EPAM Systems-пен бірігу мүмкіндігі пайда болды:

– Олармен мәміле жасағанымыз шынында да қисынды қадам болды. Бұл бүкіл әлемде клиенттері, ал посткеңестік елдерде филиалдары бар ірі трансұлттық компания. Оның технологиялары біздің тәжірибемізге, орыс тіліне бейімделген. Оған қоса EPAM салықтық әкімшілендіру жүйесін құру саласында жаңа бағытта дамитынын жариялады, бұл ретте біздің оң тәжірибеміз бар.

«Жаңа нәрсемен айналысуға үлгеру үшін IT-дан ертерек кетуім керек еді»

– Келісім кезең-кезеңімен жүзеге асты. Үшеуміз Аркадий Добкинмен кездесіп, сөйлесіп, бәрін тез шештік. Сосын аудит жүргізіліп, компанияға баға берілді, содан кейін қол алыстық. Бағасы туралы айтпай-ақ қояйын – ол туралы ашық айтпаймыз деп келістік. Шарттары бәрімізді қанағаттандырды.

«Плюсмикро» EPAM-мен бірігіп жатқанда, EPAM қабылдаған технологияларды енгізіп, мамандарды сақтап қалу үшін компанияда қалуға тура келді. Мұның бәрі үш жылға созылды, содан кейін жігіттер жұмыстан шығып, алыс елдерге көшіп кетті: бірі Чехияға, екіншісі Австралияға. 30 жыл еркіндікке жүрген бізге компанияны басқарудың жаңа стилі сәйкес келмеді.

Мен EPAM-да қалдым, оған отбасылық жағдай себеп болды. Сөйтіп, 2020 жылға дейін жұмыс істеппін. Ковид басталып, бәріміз қашықтан жұмыс істеуге көшкенде компаниядан кетуім керек екенін түсіндім. Ол кезде 75 жаста едім. Компаниядағылар да зейнетке кететін уақытым жеткенін меңзеді. Содан бері заңды жатыпішермін.

Бос уақытымда Стивен Кингтің, Харуки Муракамидің әңгімелерін, сонымен қатар The New Yorker газетіндегі Fiction әдеби бетіндегі қызықты әңгімелерді ағылшын тілінен аударамын. Проза жазамын, ән жаздырамын, марафондарға қатысамын. Бір сөзбен айтқанда, өзім ләззат алатын нәрсені істеймін.

Леонид Виняр

Жалпы, жаңалық ашуға уақыт табу үшін IT-ден ертерек кетуім керек еді. Бұрын уақытым болмаған нәрсені жасау үшін. Жұмысты тастап, ГаражБэндте алғашқы трегімді жазғанда, төбем көкке жеткендей болды.

Ал, жыл сайын 1 желтоқсанда Австралия, Израиль, Қазақстан, Польша, Ресей мен Чехиядағы бірнеше сандалбай бір-бірін құттықтап, денсаулық тілейді.