70-жылдардың программистері, Қазақстандағы алғашқы компьютерлер және информатика алтыны. РФММ тарихын айтамыз

Rus
Жарияланған күні: 01.07.2024, 16:05
Алмаз Күнғожин

Алмаз Күнғожин

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі ондаған жылдар бойы Қазақстанның IT-саласы үшін кадр даярлайтын шеберхана атанып отыр. Мектептің танымал түлектері қатарында Kaspi.kz тең құрылтайшысы Вячеслав Ким, Яндекстің негізін қалаған Аркадий Волож бен Илья Сегалович, венчурлық инвестор Мұрат Әбдірахманов және басқа да атақты кәсіпкерлер бар. Қазақстандық стартапшылардың жаңа толқыны да осы РФММ білімін алған. Мысалы, Higgsfield AI (жасанды интеллектің көмегімен видео жасайтын платформа) тең құрылтайшысы Ерзат Дулат солардың бірі. Оның жобасы жақында Америка венчур қорларынан $8 млн инвестиция тартқан.

Digital Business пен Yandex Qazakhstan-ның біріккен «Қазақстанның IT-тарихы» жобасы аясында РФММ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Алмаз Күнғожин 70-жылдары оқушылар бағдарламалауды қалай үйренгенін, алғашқы дербес компьютерлер мектепте қашан пайда болғанын және онымен не істеуге болғанын айтып берді. Сонымен қатар, балаларды іріктеу мен оқытудың ерекшеліктері, жатақханадағы өмір мен 90-жылдардың қиындықтары туралы әңгімелестік.

Математиканы тереңдетіп оқыту, компьютерлік бағдарламалау курстары, IBM мен Yamaha компьютерлік сыныптары

«Кеңес заманы кезінде РФММ оқушылары аптасына алты күн, күніне 7-8 сабақтан оқитын»

РФММ тарихы 1968 жылы Алматының Фурманов (қазіргі Назарбаев даңғылы – Digital Business еск.) көшесіндегі орта мектептерінің бірінің қабырғасынан бастау алады. Ал, 1972 жылдың 16 қазанында ол физика-математика бағытында білім беретін жеке мекеме ретінде жұмыс істей бастады. Әдетте мұндай мектептер КСРО ірі университеттері жанынан құрылатын және оған аймақтың – облыстың, өлкенің немесе республиканың ең дарынды балалары жиналатын. Бұл жағынан РФММ-нің жолы болды, өйткені оның ешбір жоғары оқу орнымен байланысы болған жоқ, мектеп жеке шешім қабылдап, оқушыларға Кеңес Одағының кез келген университетін таңдауға мүмкіндік берді.

РФМШ

Мұнда оқуға түсу қиын болғаны рас. Математика мен физика емтихандарынан жоғары балл жинау керек болатын, дейді Алмаз Күнғожин:

– РФММ-ға техникалық ғылымдар саласындағы білімін жетілдіруді мақсат еткен, ынтасы өте зор балалар келетін. Біздің мектеп Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең дарынды балаларды жинайды деп батыл айта аламын. Мұндай жетістіктің тағы бір алғышарты – тәжірибелі ұстаздар. Базасында РФММ құрылған №56 мектепте республика бойынша ең мықты физиктер мен математик-педагогтер еңбек етті. Біздің оқу бағдарламасын да атап өту керек. Кеңес кезінде РФММ оқушылар аптасына алты күн, күніне 7-8 сабақ оқитын. Математика тереңдетіп оқытылды, аптасына 10 сабақ болды, басқа мектептерден екі есе көп.

Сөйте тұра, биология немесе әдебиет секілді пәндер назардан тыс қалмайтын. Бәрі бірдей жоғары деңгейде оқытылатын. Кейде оқушылар өткен сабақты пысықтау немесе қосымша тақырып өту үшін таңғы сағат 7-де келетін.

«Дербес компьютердің бағасы «Жигулимен» бірдей болды»

Математика мен физикадан бөлек, РФММ құрылған күннен информатикаға ерекше көңіл бөліне бастады. Алмаз Күнғожиннің айтуынша, 1970-жылдары РФММ оқушыларына Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Digital Business еск.) компьютерлік бағдарламалау курстарынан өту ұсынылатын:

Алмаз Кунгожин

– Ол кезде мектептерде қосымша мамандық алу тәжірибесі кеңінен таралған еді. РФММ оқушыларына радиоэлектроника мен бағдарламалау ұсынылды. Бұрынғылардың айтуынша, балалардың көбі екіншісін таңдайтын, оларды кодтау қызықтырды. Кейін РФММ-де IBM және Yamaha атты компьютерлер пайда болды. Бұл сыртқы кескіні қазіргі техникаға азды-көпті ұқсас, ықшам жүйелік блогы, жеке мониторы, пернетақтасы және тінтуірі бар алғашқы дербес компьютерлер еді. Сол кезде өте қымбат тұратын, шамамен жаңа «Жигулидің» құнымен бірдей, одан сәл арзандау.

Компьютер Yamaha

1990-жылдардың басында мектеп екі компьютерлік сыныппен мақтана алатын: бірі – IBM, екіншісі – Yamaha. Бүкіл РФММ үшін 25 дербес компьютер болды. Алмаз Күнғожин ол уақытта информатика сабағы аптасына екі рет болғанын атап өтті:

– Оқушылар негізінен BASIC жене Pascal бағдарламалау тілдерінің көмегімен код жазды. Жұмысты бастау үшін операциялық жүйесі мен бағдарламасы бар дискеталар қажет еді. Оны сатып алу үшін ХШЖК-не (ВДНХ қазіргі «Атакент» – Digital Business еск.) жүгіретінбіз. Дискеталар қымбат, бірақ онсыз болмайтын.

Алмаз Кунгожин

Бейнемен жұмыс істеуді де үйрендік. Есімде, Yamaha-да бірнеше суреттен құралған анимация жасауға болатын бағдарлама болды. Мен жер шұқығандай басын жоғары-төмен қозғалтатын балапанның суретін салдым. Одан кейін көгалда жүре алатындай етіп жасадым. Бізден ересектеу балалар компьютерлік ойындар ойнады. Ол кезде бірінші бөлімі 1989 жылы шыққан Prince of Persia ойыны өте танымал еді.

Айтпақшы, жатақханада да компьютер болды, есептен шығарылған «Искра-1030» еді. Ойнауға жарамсыз, бірақ BASIC-те код жазып, кестемен жұмыс істесе тәп-тәуір құрал. Тек оған қол тигізу қиын еді. Үлкен сыныптың оқушылары түнімен, тәрбиешілер бөлмесіне қуғанша компьютерде отыратын.

Жатақханадағы өмір, мектептен тыс ермек және олимпиадаға бару үшін жолға ақша жинау

«Жатақханада душ болған жоқ, троллейбуспен қалалық моншаға баратынбыз»

Алмаз Күнғожин РФММ-ге 1991 жылы түскен:

– Басқа қаладан келген оқушылар (мен Алматы обласының тумасымын) жатақханада тұрды. Ол секцияларға бөлінген, әрқайсысында 4 бөлмеден, әр бөлмеде 3-4 адамнан. Демек, бір секцияда 14 адам – барлығы дерлік бір сыныптың оқушылары тұратын. Жағдай жақсы емес еді. Жатақханада душ болған жоқ, сондықтан бәріміз жиналып, троллейбуспен қалалық моншаға баратынбыз. Ас бөлмесі де қарастырылмаған. Оның қажеті де жоқ еді, күніне төрт мәрте асханада тамақтанатынбыз.

Алмаз Кунгожин

Жалпы, жатақханада тұрған жылдардан жылы естеліктер қалды. Көп уақытты бірге өткізетінбіз. Мысалы, жатақханада тұратындарды сағат 4-тен кешкі 7-ге дейін өз бетінше дайындыққа қалдыратын. Тәрбиешінің бақылауымен сыныпта бәріміз бірге үй жұмысын орындайтынбыз. Кейде бізді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына спектакльге апаратын немесе стадионға барып, «Қайраттың» ойынын тамашалайтынбыз.

Сабақтан бос уақытта түрлі іспен айналыстық. Біреуі компьютерде отырса, басқалары жаттығу залына баратын, үшіншілері қаланы аралап кететін немесе видеосалонда фильм көретін. Кешкі 10-ға дейін келіп үлгерсең, болғаны.

Класс Алмаза Кунгожина

Төбелес те болды. Өзім мұндайға қатыспаппын, бірақ ауданда мектеп көп еді, ара-тұра қақтығыстар болып тұрды. Кейде «гоп-стопқа» тап боласың. Бірақ РФММ-де өзіне қорған бола алатын ауылдық жерлерден келген балалар көп болды, бізді таяққа жығылатындардың қатарынан деп айту қиын.

«90-жылдары халықаралық олимпиадаға бару үшін жол шығынына ақшаны банктерден сұрадық»

РФММ-де Алмаз Күнғожин 1993 жылға дейін оқыған. Математикадан Атырауда өткен республикалық олимпиадаға барған кезде оны Новосібір мемлекеттік университеті жанындағы мамандандырылған оқу-ғылыми орталықтың жазғы мектебіне шақырған:

– Сөйтіп, 11-сыныпты сол жақта бітірдім. Алайда, оқу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ механика-математика факультетін таңдадым. Бірінші курстан бастап РФММ-де жұмыс істедім, балаларды математика олимпиадасына дайындадым. Бұдан университетте алатын шәкіртақымен шамалас ақша таптым. тіпті, 90-жылдардың ортасы үшін бұл аз ақша еді.

Алмаз Кунгожин

Ол кезде жалпы ақша табу қиын еді. Екінші курста ЭксимБанкте тағылымдамадан өттім. Оның көп көмегі тиді. Бір жылдан соң РФММ-ге оралдым. Сол уақытта Қазақстан Түркияда өтетін математика олимпиадасына команда жинап жатқан болатын. Бастапқыда тек жеке мектептер арасында іріктеу өткізу жоспарланған екен, бірақ мен дайындық деңгейін салыстыру үшін РФММ-нен үш оқушыны қатыстыруды сұрадым. Біздің балалардың білімі әлдеқайда жоғары болып, командаға екі оқушыны қосуды ұсынды. Тек жол шығынын өтеу үшін $300 қажет еді. ЭксимБанкке барып, қайырымдылық жасауды өтіндім. Банк балаларды апаратын екі мұғалімді қоса алғанда, бүкіл команданың жолына ақша берді.

Жасыратын несі бар, 90-жылдары білім саласында ешкімге оңай болған жоқ. Кейбір мұғалімдер нәпақа табу үшін базарға шығып кетті. РФММ-нің жағдайы да мәз емес еді. Мектептің тікелей салалық министрлікке, яғни қазіргі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне бағынышты болғаны жағдайды одан сайын қиындатты. Яғни біз қалалық әкімдіктің қаржылық қолдауына сүйене алмадық. Министрлік болса тек мұғалімдердің жалақысы мен ағымдағы шығындарға ақша бөлді. Дамуға бір тиын да қалмайтын.

РФМШ

1999 жылы жағдай өзгере бастады. Біздің түлегіміз, бұрынғы ҚР қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың бастамасымен РФММ-де қамқоршылық кеңесі құрылды. Оның құрамына РФММ-ді бітірген түрлі танымал кәсіпкерлер: Вячеслав Ким, Берік Қаниев (Lancaster Group тек құрылтайшысы және директорлар кеңесінің төрағасы), Аркадий Волож және т.б. кірді. Олар ғимаратты жөндеуге, жаңа техника сатып алуға, балалардың білім беру бағдарламалары мен халықаралық олимпиадаға шетелдік сапарларына өз қалтасынан ақша бөліп отырды. Бұл қиын кезеңді еңсеріп, РФММ-ді 90-жылдардың басында уысынан шығарып алған жетекші орнына қайтаруға септік етті.

РФММ даму кезеңдері

«Математикадан дайындықтың мықты болғаны оқушыларымызға информатикадан халықаралық олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік берді»

Мектеп өмірін төрт кезеңге бөлуге болады, дейді Алмаз Күнғожин. Алғашқысы – 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басындағы қалыптасу кезеңі. Ол кезде Иван Иванович Шкарлет директор болды. Ол әуелі математика сыныптарын ашты, соның негізінде кейін РФММ пайда болды. Сонымен қатар, Ботаника бульварындағы (қазірші Бұқар Жырау бульвары – Digital Business еск.) жаңа ғимараттың құрылысына атсалысты. Шкарлеттің арқасында мектепте Қазақстан аумағындағы ең мықты оқытушылар құрамы жасақталды.

РФМШ

Екіншісі – Александр Арсентийұлы Чернобай директорлық еткен 80-жылдардағы өркендеу кезеңі. Ол РФММ-де 1991 жылға дейін қызмет етті. Дәл осы кезеңде РФММ оқушылары республикалық және бүкілодақтық олимпиадаларға қатысып, жеңіске жете бастады. Кейбіреулері тіпті халықаралық жарыстарға барып жүрді.

Үшіншісі – қайта форматтау кезеңі. Бұл 90-жылдары мен 2000-жылдардың бас кезі. Директор ауысқаннан кейін белгілі бір турбулентті уақыт болды. Мықты педагогтер кете бастады, ал оқушылар басқа білім беру мекемелерін таңдады. Дегенмен, бәрі құрыды деп айту қиын. Қазақстан егенменді ел болғаннан кейін РФММ балалары халықаралық олимпиадаларға жиі барып, медальмен орала бастады.

РФМШ

– Математикадан дайындықтың мықты болғаны оқушыларымызға информатикадан халықаралық олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл пән бойынша Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальды 2007 жылы біздің оқушы – Жомарт Садықов жеңіп алды. Информатикадан Қазақстанның келесі «алтынын» да 2019 жылы біздің тәрбиеленуші Батыр Сардарбеков әкелді. Олимпиадалық бағдарламалаудың жолын оларға мектептің мықты мұғалімдері салып берді, ұстаздар дарынды балаларды тауып, дамытты. Гүлнар Дайынқызы Зағитованы, Шыналы Шералыұлы Артығалинді, Гүлнұр Ғабдуқызы Әубәкірованы және Ұлдарай Сералықызы Жұмадуллаеваны ерекше атап өткім келеді, – дейді Алмаз Күнғожин. – Сонымен қатар жаттықтырушылар Данабек Қалиаждаров пен Ескендір Сұлтанов информатикадан олимпиадалық дайындықты дамытуға үлкен үлес қосты.

«Біздің түлектердің шамамен тең жартысы Қазақстан мен шетелдің үздік жоғарғы оқу орындарына IT-мамандыққа түседі»

Төртінші кезең – қайта құру. 2015 жылы РФММ корпоративтік басқарудағы коммерциялық емес акционерлік қоғам болып өзгерді. Бір жылдан соң Астанада мектептің филиалы ашылды, ал 2017 жылы екі қалада заманауи бағдарлама жасақтау тілдері үйретілетін, өнеркәсіптік жасақтауға кірістіретін және жаңа технологиялар меңгерілетін тегін білім беру кеңістігі – Яндекстің бағдарламалар жасақтау мектебі жұмысын бастады.

Алмаз Кунгожин

– 2017 жылы біздің түлектер эндаумент қорын құрды. Қазір онда шамамен 2 млрд теңге бар. Оған бірқатар адам (көбі РФММ түлегі) ақша салды. Біз одан инвестициялық кіріс алып, Қазақстандағы үздік білім ордасы ретінде қалсын деп мектептің дамуына жұмсаймыз. Қазір бізде 1400-ге жуық бала оқиды. Ал іріктеу кезеңінде бір орынға 28 адам таласады.

Біздің түлектердің шамамен тең жартысы Қазақстан мен шетелдің үздік жоғарғы оқу орындарына IT-мамандыққа түсетінін атап өткім келеді. Сондай-ақ олар бағдарламалаудан командалық студенттік олимпиадаларда, соның ішіндегі ең беделдісі ICPC-де (International Collegiate Programming Contest) сәтті өнер көрсетіп жүр. Әлемдік финалға шығатын қазақстандық студенттер қатарында негізінен біздің түлектер бар. 2023 жылғы финалда Harbor Space University Испания командасының құрамында Батыр Сардарбеков Қазақстан азаматтығы бар студенттер арасында тарихтағы алғашқы алтынды жеңіп алды.Ол сондай-ақ жақында әлемнің 16 елінен 120 бағдарлама жасақтаушы қатысқан Yandex Cup турнирінде үздік бестікке енді. Батыр «Алгоритм» бағытында төртінші орын алып, 750 мың теңгені қанжығасына салды.

Алмаз Кунгожин

Аты әлемге әйгілі халықаралық IT-компаниялар (Google, Amazon, Microsoft және т.б.) мұндай студенттерді іздеп жүреді, сондықтан біздің түлектерді технологиялық компаниялардың кеңсесінен табу оңай. Мұндай компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған соң олар өздерінің IT-стартаптарын ашады», – деп түйіндеді сөзін Алмаз Күнғожин.