Әуетокендер, қазақ тілі курсы және психологиялық қолдау. Aviata қызметкерлері қалай жұмыс істейді

Жарияланған күні: 06.05.2024, 13:26
Aviata

Aviata әуе және теміржол билеттерін онлайн сату сервисі Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Осы кезең ішінде иесі бірнеше рет өзгерді, шағын стартаптан ірі компанияға айналды, штатын 200 адамға жеткізді.

Digital Business Aviata-да қонақ болып, жасанды интеллект кеңсені түрлендіруге қалай көмектескенін, қызметкерлер әуетокендерді қайда жұмсайтынын және компаниядан кеткен адамдар уақыт өте келе неліктен қайта оралатынын біліп келді.

«Кеңсеге бассейн орната алмадық, есесіне мойынға массаж жасайтын кресло алдық»

Aviata кеңсесі Алматыда Алатау метро бекетіне жақын орналасқан. Компания бұл жерге бірнеше жыл бұрын көшіп келді: Chocotravel-мен біріккеннен кейін бәрі бұрынғы кеңсеге сыймайтыны түсінікті еді. Ұжым жаңа орынға ұзақ үйреністі: енді көшіп барған кезде пандемия басталып кетті, бір-екі күннен кейін бәрі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Осы уақыт кеңсені компанияның қызмет ерекшелігіне қарай саяхат тақырыбында жобалауға мүмкіндік берді. Мысалы, келіссөз жүргізу бөлмелері танымал туристік орындар атымен аталып, сәйкесінше безендірілді. Әр есікке QR-код қойылды. Оны сканерлеу арқылы сол туристік нысан туралы көбірек мәлімет алуға болады.

Aviata kz

– Қызметкерлер санына қарай орналастық, – дейді рекрутинг бөлімінің жетекшісі Айдана Саветова. – Open space емес, әр бөлімге бөлек бөлме болады деп шештік. СЕО Аюна Вальтердің кабинеті кеңсенің ең ортасында орналасқан, басшымыз әр қызметкерге бірдей жақын болсын дедік. Ішкі қабырғалар әйнекпен бөлінген: әріптестеріміздің жұмысын бақылай аламыз немесе қабырғадағы суреттерді тамашалауға болады, әр команда не бейнелейтінін өзі таңдады.

Aviata

Дәлізде де көретін нәрсе бар. Маркетинг бөлімі жасанды интеллектен Қазақстанның Aviata қызметкерлеріне ұнайтын көрікті жерлерін (Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі және т.б.) бейнелеуді сұраған. Шыққан суреттерді іліп қойды.

Aviata, Айдана Саветова

Айдана Саветова

– Тілек көп болды, көптің көңілінен шығуға тырыстық, – дейді Айдана. – Әрине, кеңсеге бассейн орната алмадық, есесіне киім ілетін кең бөлме, үлкен ас үй, үстел теннисі мен кикер ойнайтын бөлме, мойынға массаж жасайтын кресло мен кітапханамыз бар.

Aviata

Компания үшін ерекше орын – амфитеатр аймағы. Aviata бұл жерде мерекелер мен ірі шаралар өткізеді, ал әр бейсенбі сайын кез келген қызметкер өзінің ерекше кейсі туралы айтып беретін немесе білімін бөлісетін ішкі кездесу – DevDay-ге жиналады. Кеңседен тыс ірі корпоративті шаралар жылына екі рет: қыста және жазда ұйымдастырылады. Мысалы, 2023 жылдың шілдесінде Aviata-ның 10 жылдығын табиғат аясында тойлады.

– Компанияның корпоративті өміріне белсенді қатысатындарға әуетокен деп аталатын арнайы бонус беріледі. Оны қызметкерлерге арналған Aviastore дүкенінен мерч сатып алуға жұмсауға болады. Мысалы, мен осы сұхбат үшін 80 әуетокен аламын, – дейді Айдана.

Бенефиттер тізімі бұнымен бітпейді. Aviata-да жұмыс істейтіндер үшін психолог сеансына, денсаулықты тексертуге және спортзал абонементіне корпоративті жеңілдіктер бар. Бұдан бөлек, кеңсемізде тұрақты түрде қазақ тілі сабақтары өтеді. Ал Freedom Holding Corp. компаниясымен біріккелі бері холдингтің басқа жобалары – Freedom Insurance, Freedom Bank және тағы басқасынан қосымша бонустар қарастырылған.

«Жұмыс іздеушілер бізбен керуетте жатып сөйлескен кездер болды»

Aviata-да нақты бағалау жүйесі бар. Бұл бос жұмыс орнын құру кезінде қай деңгейдегі маман қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді:

– Білік дағдылары маманның қызметіне қарай сұралады, алайда әрбір қызметкер үшін маңызды екі софт скилл бар: жауапкершілікті өз мойнына алу және нәтижеге мән беру, – дейді Айдана Саветова. – Сонымен бірге, бірінші кезеңде үміткердің компания құндылықтарына қаншалықты сәйкес келетінін тексереміз. Сәйкес келмесе, оны қарастыра алмаймыз. Мысалы, біз үшін жұмыс іздеушінің шынайылығы мен әдебі маңызды. Адам түйіндемесінде жалған апарат ұсынса немесе әңгімелесу кезінде өтірік айтса – бұл біз үшін белгі. Әңгімелесу кезінде қызық жайттар жиі болады. Мысалы, кейбір жұмыс іздеушілер сөйлесіп отырғанда электронды темекі тартты немесе керуетте жатып сөйлескендер бар. Бұл жұмысқа алудан бас тартуға себеп болмас, дегенмен мұндай кейстерден әрірек жүрген жақсы.

Aviata

Aviata-да жұмыс істегісі келетіндер орташа алғанда әңгімелесудің үш кезеңінен өтуі тиіс. Реферал бағдарламасы қарқынды жұмыс істейді. Досының кеңесімен 5 ай бұрын Aviata-ға продакт-менеджер Әбілқайырхан Омаров келді. Жігітті бәрінен бұрын тест тапсырмалары таң қалдырған:

– Алғашында маған толықтай ағылшын тілінде тапсырма берілді, – деп еске түсіреді Әбілқайырхан. – Сылдыр сусыз: тек менің өнім жасау тәсілімді тексеретін сынақтар. Ол сұрақтарды маған не үшін қойып жатқаны түсінікті еді. Әңгімелесудің келесі кезеңдерінде де солай болды. Бәрі анық, құрылымы бар және тез. Резюме жібергеннен бастап оффер алғанға дейін шамамен екі апта өтті.

Aviata, Абулхаирхан Омаров

Әбілқайырхан Омаров

Онбординг, Әбілқайырханның айтуынша, жайлы өтті: бәрін біртіндеп үйренетін уақыт болды, ал жұмыс жалықтырмады.

– Оne-to-one кездесулер тұрақты өтеді, кейбір басшылар оны аптасына бір рет өткізеді – деп нақтылады Айдана Саветова. – Шамамен жарты жылдан соң алғашқы Performance poll тағайындалады, онда қызметкер, оның менеджері мен HR кері байланыс беріп, маманның әрі қарай даму бағытын талқылайды.

«Қазіргі қызметкерлердің 4%-ы үзілістен кейін компанияға оралды»

Aviata-да вакансия жетеді. Компания продакт-менеджер, UX/UI дизайнер, Data-инженер және Data-сарапшы, Head of product analytics, Python-әзірлеушілерді іздеп жатыр. Бұл тек басымдықтағы қызметтер. Әр тоқсан сайын клиенттерді қолдау қызметіне агенттер қабылдау жүргізіледі.

Aviata

– Қолдау көрсету қызметінде кадр тұрақтамайды, – деп атап өтті Айдана. – Көбіне қызметкерлер қайта даярлаудан өтіп, басқа бөлімдерге ауысады. Алайда, жұмыстан кеткендердің пайызы біртіндеп түсіп жатыр. Жұмыстың соңғы күні біз exit-сұхбат өткізіп, біраз уақыттан кейін компанияға оралуға дайынсыз ба деп сұраймыз. 77%-нан оң жауап береді.

Ал, қазіргі қызметкерлердің 4%-ы компаниядан кетіп, қайта оралды. Процент бұдан да көп болар еді, бірақ оралуға ниет білдіргендердің бәрін компания жұмысқа ала алмады. Мысалы, Айдананың өзі 1,5 жылға Aviatа-дан кеткен:

– Жаңа челлендждер үшін HR-процестері реттелмеген шағын компанияға кеттім, – еске түсіреді рекрутер. – Нөлден бастап бірдеңе істегім келді. Ал, Aviatа-ға оралуым саналы болды. Біріншіден, маған компанияның жоспары пен стратегиясы туралы айтты, екіншіден команданы сағындым.

Aviata kz, HR-команда

Тәжірибе көрсеткендей, қызметкерлер компанияға саналы түрде оралған және екінші рет анағұрлым жылдам өскен. Мұны Data Engineering Team Lead Тимур Сүлеев растайды. Ол 2019 жылы компанияға жас маман болып кірген, пандемия кезінде жұмыстан шығып кеткен, ал 2023 жылдың басында Aviatа-ға қайтып келді. Үш айдан кейін тимлид болды:

– 2019 жылы Aviatа-ны мықты бренд болғаны үшін таңдадым, – дейді Тимур. – Мұнда жоба әзірлеу мәдениеті қалыптасқанын, мықты мамандар бар екенін, олардан көп нәрсе үйренуге болатынын білдім. Бәрі күткенімдей болды. Пандемия кезінде халықаралық компанияда жұмыс істеп көрейін деп шештім, бірақ араға 2,5 жыл салып, осында оралдым. Ішкі процестер қалай құрылғанын түсіндім және халықаралық компанияда алған тәжірибемді жергілікті нарыққа енгізгім келді. Үш айдан кейін маған команданы басқаруды сеніп тапсырды.

Aviata, Тимур Сулеев

Тимур Сулеев

Қазір Тимур – код жазуды өз бетінше жалғастырып жүрген менеджер. Оның командасы деректер ағынын басқару үшін қажетті конвейерлер құрумен айналысады және дата-сарапшыларға инсайт табуға көмектеседі:

– Қыз-жігіттердің білімге талпынысы зор, компания мұны барынша қолдайды, – дейді Тимур. – Кәсіби дағдыларды жетілдіретін курстар мен оқудың ақысын төлеп береді. Тағы бір күшті бенефит – психологпен онлайн-сессияға корпоративті жеңілдік. Қызметкерлерінің психикалық денсаулығына мән беретіндер аз.

«Әріптестерімді алғаш рет 1,5 айдан кейін ғана көре алдым»

Коронавирус пандемиясы кезінде қиыншылық көп болды. Ол уақытта Aviata-ның әрбір қызметкері лауазымы мен грейдіне қарамастан қолдау қызметі желісінде болып, клиенттердің сұрақтарын шешуге көмектесті. 2020 жылдың сәуірінде адамды жұмысқа алу уақытша тоқтатылды, алайда Шахиза Ашенова локдаунға бір апта қалғанда оффер алып үлгерген. Ол junior продакт-менеджер қызметіне іріктеуден өткенімен, жұмыстың алғашқы күнінде Chocotravel-де емес, Aviatа-ның өнімдер витринасында жұмыс істейтінін білген:

– Ол кезде мен ғана емес, компаниядағылардың бәрі жаңа өмірге бейімделу кезеңінен өтіп жатты. Бәрімен қашықтан танысу біртүрлі болды, әріптестерімді алғаш рет 1,5 айдан кейін ғана көре алдым ғой. Бірақ бәріміз онлайн-форматта жұмыс істеуді үйрендік. Командалар арасында жиі кросс-функционал кездесулер өткізіп, жаңа процестерді құра бастадық. Айтпақшы, олардың кейбіреулері әлі күнге дейін өнім топтарында жұмыс істейді.

Aviata, Шахиза Ашенова

Шахиза Ашенова

4 жыл ішінде Шахизаның мансабы өсіп, осы жылдың басында деректер жөніндегі директор қызметіне тағайындалды:

– Aviatа-да артық жұмыс істеу жоқ, бәрі work-life balance-ты бағалайды. Алайда қажет болса, әрбір қызметкер тапсырманы орындауға дайын. Кәсіпқойлар жанында жүріп өзің де өскің, дамығың келеді және әдетте, бағаң тез өседі.

Aviata

Көптеген топ-қызметкерлер Aviatа-дағы мансабын нөлден бастады. Мысалы, компанияның өнім жөніндегі директоры (СРО) Еркебұлан Нұржақыпов 2018 жылы қолдау қызметі маманы болып жұмысқа тұрған және 6 жыл ішінде мансабы он шақты рет өсті:

– Компанияға кіргеннен кейін 6-7 ай өткен соң менеджер болдым, – дейді Еркебулан. – Оңай үйреністім, себебі Aviatа-да көзге анық көрінер иерархия жоқ. Команданың әрбір мүшесінің процеске ықпалы бар және өз жұмысының нәтижесін көре алады. Стратегия бар, одан OKR (Objectives and Key Results – бүкіл ұйымнан бастап нақты қызметкерлерге дейін олардың иерархиясын құруға көмектесетін мақсаттарды белгілеу жүйесі – Digital Business ескертпесі) құралады, әрі қарай бірнеше спринт жоспарланады. Соның арқасында бір тапсырмаларды тез және ұйымдасып шешеміз.

CPO Aviata Еркебулан Нуржакыпов

Еркебұлан Нұржақыпов

Еркебұлан компаниямен бірге барлық маңызды кадрлық өзгерістер мен меншік иесінің ауысу процесінен өтті:

– Басшыларымыз бізге керек уақытта келетін. Алексей Лимен бірге стартаптан компанияға айналдық, Николай Мазенцевтің кезінде тревел-сегменттегі екі үлкен команда сәтті біріктірілді, ал Аюна Вальтермен бірге өсіп, сервисті жетілдіруді жалғастырып жатырмыз. Freedom Holding құрамында алдымызда алдымызда даму мен кеңеюдің бұдан да зор перспективасы ашылып жатыр.