Алматылық жігіттер рекрутерлердің күнделікті қайтаналатын жұмысын орындайтын стартапты іске қосты. Ол қалай жұмыс істейді
Әкежан Омаров небәрі 21 жаста. Соған қарамастан, бизнесте жүргеніне көп болды. Жігіт 10-сыныпта маркетинг агенттігіне жұмысқа тұрды. Кейін Оскар Хартманн, Нұрлан Смағұлов, Евгений Черняк және басқа да танымал кәсіпкерлер қатысқан «За Рамки» антимотивациялық форум ұйымдастырды. Сонымен қатар, достарымен бірге аз уақыттың ішінде 13 мың ақылы қолданушы жинай алған білім беру курстары бар мобильді қосымша жасады, кейін оны жақсы бағаға сатып жіберді.
Қазір Әкежан Димаш Сәбитов пен Дильфуза Әбдірайымовамен бірге жұмысқа қабылдау процесін автоматтандыруға мүмкіндік беретін HR жүйе – SoBes стартапын әзірлеп жатыр. Бұл бірінші кезекте, B2B қызметкерлеріне арналған сервис. Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасына берген сұхбатында жас кәсіпкер жаңа қызметкерді жұмысқа тартуды қалай жылдамдата алғанын, шағын стартап ненің арқасында ең ірі компанияны клиент қылып алғанын және неге инвестиция тартпайтынын айтып берді.
«HR-бөлім үміткерлерді сапалы іріктеп, талаптарға сай адамдармен әңгімелесу өткізеді»
– SoBes сайтында онлайн-әңгімелесу жүйесі үздік үміткерлерді таңдап алуға көмектесіп, маманды жұмысқа алу процесін тез, оңай және ашық етеді деп жазылған. Айтыңызшы, бұған қалай қол жеткіздіңіздер?
– Жалпыға түсінікті болуы үшін әдеттегі жұмысқа қабылдау процесін айтып берейін. Рекрутер әуелі HeadHunter, әлеуметтік желілер (мысалы, Facebook және Instagram), мамандандырылған чаттар секілді түрлі алаңдарда вакансия жариялайды. Бұған үміткерлерден жауап келе бастайды, олардың ішінен мақсатты еместерін електен өткізіп, іріктеу керек.
Келесі қадам – талапқа азды-көпті сай келетіндерге кері байланыс беру: кейбір нюанстарды нақтылау үшін хабарлама жазу немесе қоңырау шалу керек. Әрі қарай, үміткерге тест тапсырмасы жіберіледі немесе ол жеке кездесуге шақырылады, онда сұрақ қойылады, емтихан өткізіледі және т.б.
Егер қатардағы қызметкерлер туралы айтатын болсақ, бір ғана лауазым үшін осы кезеңнің бәрінен ондаған адам өтеді. Процесс кем дегенде 2-3 аптаға созылады. Кері байланысты ұзақ күткен үміткерлердің көбі жұмыстан бас тартады. Статистика бойынша түйіндеме жібергендердің 7%-ы ғана әңгімелесу сатысына дейін жетеді. Нәтижесінде жұмыс беруші шыдамды адамды жұмысқа алады.
Біз үміткерлердің дағдысын бастапқы бағалау жұмысын жүйеге тапсыруды ұсынамыз. Көптеген жұмыс іздеу платформаларымен, сондай-ақ WhatsApp Business API-мен интеграция жасадық. Нәтижесінде, жауаптан кейін чат-бот мессенджер арқылы үміткермен байланысып, оған не істеу керектігін түсіндіреді және онлайн сұхбатқа сілтеме жібереді. Барлық кезеңнен кейін жүйе рекрутерге нәтижені көрсетеді, жинаған ұпай саны бойынша үміткерлер тізімін ұсынады.
Адам жұмысқа қабылдау процесін бірнеше апта емес, 3-7 күнде өтеді. Чат-бот пен үміткер арасындағы жедел байланыс және оны сұхбат кезеңіне жеткізу кандидат табуды 35%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. HR-бөлім, өз кезегінде, кеңінен және сапалы іріктелген үміткерлерді қабылдайды және тек талаптарға сәйкес келетіндермен сұхбаттасады.
– Сіздің жүйеңіз HR-бөлімінің жұмысын оңтайландырған нақты мысалдары бар ма?
– Just to study білім беру орталығына бір HR-менеджердің көмегімен алты ай ішінде 400 оқытушыны жұмысқа алуға көмектестік. Бұрын мамандардың мұндай санын тарту үшін 3 рекрутер және кем дегенде екі есе көп уақыт қажет болатын.
Чат-бот үміткерлермен тез байланысып, олардың білімін тексеру үшін тапсырма жіберді, содан кейін рекрутерге ең үздіктерінің тізімін берді. Содан кейін HR үміткерді сынақ мерзімінен өтуге шақырды.
– Сіздің сервис пен рекрутерлердің жұмыс істеу механизмі қандай? Әр лауазымның өз талаптары бар ғой, демек, үміткермен әңгімелесудің де өзіндік ерекшеліктері бар.
– Жүйеде әртүрлі құралдан тұратын конструктор бар. Әрбір рекрутер өзіне сәйкес келетінін таңдай алады. Мысалы, сұхбат кезеңіне бірнеше нұсқасы бар тест қосу немесе сұрақтарға жазбаша жауап беру. Тіпті үміткерден бірнеше минуттық аудио немесе бейне жазуды сұрау мүмкіндігі бар.
Рекрутерлер әкімші панелінде чат-бот үміткерден сұрауы тиіс кез келген сұрақты тіркей алады. Келесі жылдың бірінші тоқсанында біз жүйеде жауаптарды талдап, олардың көрсетілген талаптарға сәйкестігін салыстыратын функцияны іске қосқымыз келеді.
Жақында CRM жүйесін және толассыз талдау қызметін қостық. Енді рекрутер кім қай кезеңде өтпей қалған, қай үміткер тест тапсырмасын жақсы орындаған және т.б. көрсеткіштер бойынша сұхбаттың толық картинасын көреді.
Сондай-ақ үміткерлерді тартудың қай арнасы жақсы жұмыс істегенін бағалауға болады. Мысалы, HeadHunter-де 100 адамнан жауап болды, бірақ соңғы кезеңге тек біреуі жетті. Ал LinkedIn-нен – 10 адам, бірақ олардың жартысы жұмыс істеуге ұсыныс алды. Бұл келесі жолы LinkedIn сайтына көбірек күш жұмсау керек дегенді білдіреді.
– Өтініш беруші жүйені алдауы мүмкін бе? Мысалы, тест туралы айтатын болсақ, жауабын Интернеттен қарап алады.
– Олай болуы мүмкін. Бірақ біз бірнеше қорғаныс механизмін жасап қойдық. Мысалы, сұхбат өту үшін уақыт шегін белгілеуге болады. 20 сұрақтан тұратын тестілеуге 20 минут беруге болады, сонда адамның Google қарауға уақыты қалмайды. Сондай-ақ үміткер сұхбаттан қайта өте алмайтын бір реттік сілтеме функциясы бар.
Тапсырыс бойынша шешімдер жасауға дайынбыз. Қазір экрандағы әрекетті бақылайтын прокторинг жүйесін қосып жатырмыз. Әр 30 секунд сайын экраннан скриншот алынады, бұл адамның не істеп жатқанын көруге мүмкіндік береді. Әрине, оның келісімімен жасалады.
– Адам чат-ботқа сұрақ қоя ала ма?
– Бұл қызмет әзірге бәріне қолжетімді емес. Бір клиентпен пилоттық режимде рекрутер жазған скриптер бойынша диалог жүргізе алатын әртүрлі AI үлгісі бар WhatsApp пен чат-ботты біріктірдік. Орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде қалай жауап беретінін сынаймыз.
«Бүкіл уақыт ішінде 18 мыңнан астам адам біздің платформа арқылы сұхбаттан өтті»
– Қазір негізгі клиентіңіз кім?
– Ірі қалалардағы штатында 100-ден көп қызметкері бар орта және ірі бизнеске мән беріп жатырмыз. Өйткені, Қазақстанда статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еңбекке жарамды халықтың 24 пайызы тұрақты түрде жылына бір рет жұмысын ауыстырады. Бұл үрдіс мегаполистерде айқын байқалады.
Қазір біз үшін ыңғайлы 4 қала бар: Алматы, Астана, Шымкент және Атырау. Оқу орталықтары, ломбардтар, туристік агенттіктер, микроқаржы ұйымдары және кеңсе қызметкерлерін іздеу сұранысы бар басқа ұйымдар хабарласып жатыр.
– Қазір қанша компания SoBes пайдаланады?
– Өнімді сәуір айында нарыққа шығара бастадық. Осы уақыт ішінде 40 компанияны платформаға қостық. Қазір соның 20-сы белсенді (ай сайын жазылым төлейтіндер).
Нарыққа шикі өніммен шықтық қой. Бастапқыда рекрутерлер үміткерлермен WhatsApp арқылы өздері байланысып, сұхбатқа сілтеме беріп, онымен не істеу керектігін түсіндіріп, содан кейін оларды үнемі итермелеуге мәжбүр болды. Жүйені ешкім пайдаланбады, бұл HR-бөлімінің жұмысын тек қиындатып жіберді. Ретеншн төмен болды, 10%-дан аспады. Жүйені жетілдіргеннен кейін жағдай біраз жақсарды, көрсеткіш 70%-ға жетті.
– Сөйте тұра, жақында Қазақстандағы ең ірі банк сіздің клиентіңіз болды. Жарты жылдай уақыт бұрын нарыққа шыққан шағын стартап банкпен қалай келісті?
– Нетворкинг көмектесті. Банктің басқарма төрағасы сөз сөйлеген бір форумның ұйымдастырушысы болдым. Сол кезде әртүрлі қызметкермен таныстым. Солардың көмегімен HRD-мен кездесіп, өнім туралы айтып бердім. Сәтті кейстерді айтып өттім. Мысалы, ломбардқа 200 сату менеджерін 2 есе жылдам тауып беріп, кемінде 35 миллион теңге үнемдеуге көмектескенімізді айттым.
Нәтижесінде банкпен олардың әр қаладағы филиалдарына кеңесшілер тауып беру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырамыз деп келістік. Жақсы нәтиже көрсетіп, бір жылға келісімшартқа отырдық.
– Дұрыс түсінсем, жазылым арқылы ақша табасыздар ма?
– Ішінара. 500, 2500, 10000-дық, яғни белгілі бір сұхбат саны бар пакеттер сатамыз. Сұхбат сатысынан өткендерден ғана ақша аламыз. Біреуінің бағасы 100-200 теңге аралығында. Сатып алынған пакеттің көлеміне байланысты: ол неғұрлым үлкен болса, құны соғұрлым төмен болады.
500 сұхбат 75 мың теңге тұрады делік. Ол бір жылға беріледі. Егер осы уақыт ішінде сұхбат өткізбесеңіз, бәрі күйіп кетеді. Жалпы, барлық кезеңде жазылымнан түскен табыс 6 млн теңгеден астам болса, оның 3 млн теңгесі қазан айында түсті.
– SoBes көмегімен айына шамамен қанша адам жұмысқа орналасады?
– Біз жақында (шамамен шілде айынан бастап) сатылымды мұқият көбейте бастадық. Сол себепті айдың орташа көрсеткішін есептеп шығару қиын. Мысалы, сәуір айында бар болғаны 25 адам сұхбаттан өткен. Ал қазан айында бұл көрсеткіш 3,5 мыңға дейін өсті. Сөйте тұра, клиенттер саны соншалықты өскен жоқ. Бәрін бірге жұмыс істеген компаниялармен жасадық.
Бүкіл кезең ішінде біздің платформа арқылы 18 мыңнан астам сұхбат жүргізіліп, 1,3 мың қызметкер жұмысқа қабылданды. Осы қарқынмен жүре берсек, 2024 жылдың қыркүйегінде өнімге кеткен шығынды ақтайтын боламыз деп есептеп отырмыз.
«Келесі қадам — AI негізінде бос жұмыс орындарын жариялайтын және сұхбат сұрақтарын жазатын рекрутер көмекшісін жасау»
– Жоба әлі өзін ақтамағанын ескерсек, қай ақшаға өмір сүріп жатырсыздар?
– Серіктес компанияның ішкі инвестициялары есебінен. Стартапқа 60 миллион теңге жуық инвестиция құйылды. Қазақстанда операциялық пайдаға жету үшін бұдан да көп болмаса, шамамен осы сома қажет болатынын есептедік. Біз бұған дайынбыз.
Жалпы, серіктестерімізбен бірге SoBes үшін бюджет көлемін 410 миллион теңге деп белгіледік. Негізінде, бұл өз күшімен жабылатын pre seed және seed-раундтар. Есептеуіміз бойынша, бұл сома Қазақстанда орнығып, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінде стартапты іске қосуға жеткілікті. Әрі қарай, А сериясының уақыты келгенде, үшінші тараптан қаржыландыру көзін іздейміз.
– Неге бастапқы кезеңде венчурлық инвесторлардан ақша тартпайсыз? Қазақстандық стартаптардың көпшілігі осылай істейді ғой?
– Біздің ойымызша, сырттан инвестиция тартпай неғұрлым ұзақ жүрсек, жоба үшін соғұрлым жақсы. Еркін әрекет етіп, еркін шешім қабылдаймыз. Бұған қоса, әдетте бастапқы кезеңде стартап төмен бағаланып, сәйкесінше оның үлесінің көп бөлігі инвесторға кетеді. Ал біз бұл үлестен бас тартқымыз келмейді. Бізге ол қажет те емес, өйткені серіктестің қаржылық мүмкіндіктері өз бетімізше жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Дегенмен, жобаға эдвайзерлер, яғни кеңесшілерді шақыруды қарастырып жатырмыз. Мысалы, қазір жоба бойынша ай сайынғы есептерді Оскар Хартманнға жіберіп жатырмыз. Оған біздің жүріп жатқан бағытымыз ұнайды.
– Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінде стартап іске қосқыңыз келетінін айттыңыз. Нақты қай елде?
– Бізге Индонезия ұнайды. Онда B2B сегментінде әлеуетті клиенттер бар және технология қоғамға жақсы еніп жатқаны байқалады. Оған қоса, болжам бойынша, олардың жылдам дамып жатқан экономикасы жақын арада әлемдегі алғашқы ондыққа енуі тиіс.
Серіктесім екеуміз қаңтар айының соңына Джакартаға билет сатып алдық. Жергілікті нарықпен танысу үшін бірнеше апта бойы сонда боламыз. 10 компанияның өкілімен кездесуге келістік, онда шешімімізді таныстырып, оны сатуға тырысамыз. Айтпақшы, платформаны ағылшын тіліне аударып қойдық және жақын арада индонезия тіліндегі нұсқасын шығарамыз.
Нарықты аздап зерттеп едік, біздікіне ұқсас шешім таппадық. Енді компаниялардан кері байланыс алып, мұндай қызмет қаншалықты сұранысқа ие болатынын түсінуіміз керек.
– Басқа тілдерге аудару және әртүрлі AI үлгісімен біріктіруден басқа, өнімге тағы қандай функция қосқыңыз келеді?
– Біздің келесі қадамымыз –AI негізінде бос жұмыс орындарын жариялап, сұхбат сұрақтарын жазуға көмектесетін рекрутер көмекшісін құру. Мұны өз стартапымызда сынап көрдік. Сеньор — әзірлеушіні іздедік және нейрондық желіден бос жұмыс орны туралы жариялауды сұрадық. Нәтижесін техникалық директорға көрсеттік, ол оны аздап түзетіп, содан кейін әртүрлі сайтқа салды.
Үміткерлерден жауап алған кезде сұхбаттасу кезінде қойылатын 15 сұрақ жазуды сұрап, AI-ға қайта жүгіндік. Жақсы шықты. Енді нейрондық желі әртүрлі позиция үшін жоғары сапалы скрипт жасай алатынына көз жеткізуіміз керек
– Біздің сұхбатымыздан жақын арада SoBes рекрутерлерді толығымен ауыстырып, оларды жұмыссыз қалдырады деген қорытынды жасауға болады…
– Біз рекрутер ауыстыруды міндет етіп отырған жоқпыз. Керісінше, оған позицияларды тезірек және сапалы жабуға көмектесетін экзоқаңқа жасап жатырмыз. Оған қоса, күнделікті қайталнатын іске уақытын жоғалтпай, корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуге көмектесеміз. Сонымен қатар, аналитиканың арқасында компания ресурстарын тиімдірек пайдалануға болады. Бұл жерде бәрінің ұпай түгел.
Маңызды жайт. Біздің клиенттеріміздің ешқайсысы рекрутерді жұмыстан шығарған жоқ. Жаңасын жұмысқа алмайтын шығар, бірақ жұмыстан босату туралы әңгіменің қажеті жоқ. Қалай болғанда да, нейрондық желі қызметкерді тарту, оны жұмысқа қосу, ұжымда корпоративтік мәдениет пен сау атмосфера құру секілді істерді атқара алмайды.
АҚШ-та біздікіне ұқсас стартап бар. Нарықта бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Тіпті бұл өнім HR-бөлімін алмастыра алмады. Жақын болашақта ешім оны істей алмайды.