Cleek стартапы жалдамалы жұмысшылардың жұмыс іздеуін жеңілдетіп, енді қазақстандықтарды Еуропа мен АҚШ-қа жібергісі келеді
Cleek — бұл жалдамалы қызметкерлерге арналған жұмыс іздеу сервисі. Стартап Қазақстанда 2022 жылдан бері жұмыс істейді және қазірдің өзінде 170 мыңнан астам үміткер мен 2,5 мыңнан астам жұмыс берушіні бір-бірімен байланыстырды. Алдағы уақытта жоба жаңа бағытты қолға алып, азаматтарымыздың шетелде жұмысқа орналасуын ашық әрі қауіпсіз етуді көздеп отыр. Команда өнімді іске қосқан кезде қандай қиындықтарға тап болды және Cleek неге Польша мен Беларусь әзірлеушілерін жұмысқа тартты? Осы және өзге де жайттар туралы Astana Hub-пен бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Cleek компаниясының бас директоры және негізін қалаушы Айвар Құрмановтың сұхбатынан оқыңыздар.
“Бастапқы бәсекелесіміз – хабарландыру тақталары мен Instagram және басқа да әлеуметтік желілердегі вакансия аккаунттары болды”
– Айвар, Cleek-ке дейін немен айналыстыңыз?
– Университеттен кейін бірден стартаптар жасауға тырыстым, бұл автокөлік бөлшектерін таңдау және сұлулық саласындағы қызметті жеткізу сервистері еді. Жобалар бірте-бірте өсті, бірақ мен күткен нәтиже бермеді. Содан кейін мен біліктілігімді арттыру керек екенін түсіндім және IIDF-те (Интернет-бастамаларды дамыту қоры – Digital Business ескертпесі) трекер болу үшін онлайн оқуға түстім. Бұл курс стартапшыларға және оларды бағалайтын инвесторларға сыртынан қарап, қателіктерімді түсінуге көмектесті.
2 жылдай Astana Hub-та жұмыс істедім, жобалар мен акселерациялар менеджері болдым. Содан кейін зат сақтауға арналған жоба – Saqtau логистикалық стартапында жұмыс істедім. Ол жерде маркетинг пен брендті танымал етуге жауапты болды. Saqtau жақсы дамып келе жатты және айтарлықтай табысты компанияға айналды, бірақ мен өз ісіммен айналысқым келді.
Saqtau-да жұмыс істеп жүргенде үлкен мәселені анық байқадым: көп жерде жұмысшы тұрақтамайды екен. Мысалы, біздің компанияда жүк тасымалдаушылар мен жүргізушілер тұрақтамады. Сондықтан, жұмысшы жалдауды цифрландырып, оларды жұмыс берушілермен тезірек байланыстыра алатын жоба жасаймын деп шештім. Осылайша Cleek пайда болды.
– Бұл идея қашан туды?
– 2021 жылдың басында. 2021 жылдың екінші жартысында бірдеңе істей бастадық, гипотезаны тестіледік, 2022 жылдың қаңтарында өнім әзірлеуге кірістік, ал жарты жыл өткеннен кейін ресми түрде нарыққа шықтық.
– Cleek-ті жеке-дара іске қостыңыз ба?
– Жоқ. Компанияның негізін қалаушы екі адам бар – мен және біздің техникалық директорымыз Артем Лагуновский. Онымен 2020 жылдан бері таныспыз, Артем сол жылы Беларусьтен Қазақстанға көшіп келді. Екеуміз Astana Hub-та да, Saqtau-да да бірге жұмыс істедік, дос болдық, бір-бірімізді істе көрдік. Артем өте тәжірибелі маман, он жылдан астам уақыт АҚШ, Еуропа және Жапония нарықтарында өнім әзірлеумен айналысқан. Сол себепті екеуміз бірігіп, жоба жасаймыз деп шештік.
– Стартап туралы ой келгеннен кейін не болды?
– Шамамен 2021 жылдың қыркүйегінде біз өз бағытымыздағы бәсекелестікті бағалауға және гипотезаларды сынауға көштік. Бірінші сұраққа қатысты бәрі түсінікті болды: «көк жағалы» жұмысшыларды жалдауға арналған қызметтер немесе агрегаторлар нарықта жоқ, ал негізгі бәсекелестеріміз кәдімгі хабарландыру тақталары мен Instagram және басқа әлеуметтік желілердегі бос жұмыс орындары жарияланатын аккаунттар болды.
Сондықтан сынақ үшін Instagram парақшасы бар нұсқаны таңдадық: «Астанадағы жұмыс» деген атаумен профиль жасадық, жарнаманы іске қостық және бір жарым айдың ішінде жақсы, сапалы трафик жинадық. Жұмыс берушілерді тарту үшін не істедік: алдымен ұқсас профильдерден басқалардың бос жұмыс орындарын жарияладық, содан кейін компаниялар өздері бізге хабарландыру жібере бастады. Күздің ортасында органикалық трафик жинадық, жұмыс іздеушілер біздің арнаға бүйрегі бұрып тұратынын түсіндік. Желтоқсанның соңына қарай сынақты сәтті аяқтап, профиль жұмысын тоқтаттық, сөйтіп жақын арада Cleek-тің құрылатынын хабарладық.
“Бізге веб және мобильді қосымшасы бар кросс-платформалық шешім қажет болды, біз оны 7 айда жасап алдық”
– Қандай мақсатты аудиторияға жарнама жасадыңыздар?
– Біздің аудитория – 18 бен 40 жас аралығындағы адамдар. Орташа білімі бар немесе білімі жоқ. ЖОО студенттері, сонымен қатар бұқаралық кәсіп иелері: кеңесшілер, сатушылар, такси жүргізушілері, курьерлер және т.б.
Тестілеу кезінде Астанадағы бос жұмыс орындарын ғана жариялап отырдық. Бірақ қазір Cleek бүкіл Қазақстанды қамтиды. Дегенмен қолданушылардың көбі, әрине, Алматы мен Астанада тұрады.
– Тестілеуге қатысты тағы бір сұрақ. Instagram-да аудитория жинап, кейін бұл арнадан бас тарттыңыздар. Сонда Cleek үшін жаңадан аудитория тарттыңыздар ма?
– Өнім дайын болған кезде Instagram профиліндегі трафикті біздің сервиске бағыттамақ болдық: біздің парақшамызда вакансия орналастырып жүрген жұмыс берушілерге хабарласып шықтық, компанияларға хат жазып, жеке кездесулер ұйымдастырдық. Айтпақшы, офлайн-келіссөздердің нәтижесі жақсы, клиентке өз аяғыңмен барып, сөйлессең, ол саған ыңғай танытып тұрады.
Жұмыс іздеушілерді жарнама мен сауатты таргеттің күшімен қайтардық.
– Cleek сайт немесе мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылатынын қалай шештіңіздер?
– Бізге веб және мобильді қосымшасы бар кросс-платформалық шешім қажет болды. Сыртынан қарағанда стартапты іске қосу үшін қиын, әрі орынсыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ таңдау болмады, себебі жұмыс іздеушілер үшін телефон арқылы жұмыс іздеу ыңғайлырақ, ал HR мен рекрутерлер үшін компьютер қолдана отырып, қараған қолайлы.
– Өнімді іске қосу үшін ресурстарды, әзірлеушілерді, инвестицияны қайдан іздедіңіздер?
– Ақшаны айтсам, бизнес-періштелер $250 мың берді, олардың аты-жөнін айта алмаймын.
Әзірлеушілерге қатысты айтсам, жобаға мықты мамандарды жинай алдық. Бұл Қазақстан, Беларусь және Польшаның азаматтары. Команданың тәжірибесі арқасында небәрі 7 айдың ішінде hh деңгейіндегі отандық өнім жасап шығардық.
– Неге бұлай істегеніңізді түсіндіре аласыз ба? Беларусь пен Шығыс Еуропаның әзірлеушілері Қазақстандағы мамандарға қарағанда орта есеппен қымбатырақ емес пе?
– Олар бізге қымбатқа түскен жоқ. Оның үстіне бұл серіктесімнің командасы, онда бәрі бір-бірін таниды және бірге жұмыс істейді. Менің бақылауым бойынша, Қазақстандағы ІТ-мамандар нарығын ірі корпорациялар мен банктер қыздырып қойған, олар жас мамандарды жалдап, оларға нарықтан бірнеше есе жоғары жалақы төлейді. Адамға жоғары айлық қойып, жұмысқа алу оңай, бірақ артынан айлап жүгіріп, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге көндіріп жүргенің. Менің осындай мамандарға жүздеген мың доллар жұмсаған стартап достарым бар. Бірақ ең жаманы ол емес. Ең жаманы — босқа кеткен уақыт.
“Алғашқы кезде алаяқтардан 100-200 вакансия тазартып отырдық”
– Әзірлеу жағынан қиындық болған жоқ дедіңіз. Бизнес тұрғыдан не айтасыз? Бәрі оңынан болды ма?
– Бірінші қиындық туралы жаңа айттым, жұмыс берушілерді әлеуметтік желіден сервиске бағыттау үшін көп уақыт пен күш жұмсауға тура келді.
Екінші мәселе — әдетке қатысты. Жалдамалы жұмысшылар — айтарлықтай консервативті сегмент. Олар тіпті hh.kz қосымшасын қолданбаған, ал біз оларға Cleek-ке ауысуды ұсынамыз. Бірақ бұл да уақыт еншісіндегі мәселе, жұмыс іздеушілерге сервистің пайдалы тұсын дұрыс түсіндірсең болды.
– Сервисті ондаған мың адам пайдаланады. Оларды сенімсіз компаниялар мен алаяқтардан қалай қорғайтыныңыз қызық.
– Өнімді тез арада шығарғымыз келгендіктен, мүмкіндігі шектеулі сервис жасауға тура келді. Мысалы, вакансияларды модерациялау мен сүзгіден өткізу қызметінен уақытша бас тарттық. Сондықтан, Cleek іске қосылғаннан кейін сервисте алаяқтар мен желілік маркетологтар толып кетті. Дерекқордан олардың профилін жоюдан басқа амалымыз болмады. Платформаны күніне 100-200 вакансиядан тазартып отырдық.
Сондай-ақ заңсыз табыс табу туралы ұсыныстар көп болды. Міне, ең көп таралған вакансиялар:
- Алдын ала төлемі бар бос жұмыс орындары. Адамға өте қолайлы шарттармен қашықтан жұмыс істеу ұсынылады, бірақ сыйақы ретінде жарна төлеуді сұрайды.
- Интернет-дүкендердегі есірткі жасырушылар.
- Веб-кам модельдері.
- Жыныстық қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар.
- Желілік маркетинг. Жұмыс іздеушілерді кез келген сылтаумен компания кеңсесіне шақырады, онда өз өнімін таныстырады. Мысалы, биологиялық белсенді тағам қоспалары. Соңында адамға тауардың партиясын сатып алып, оны сату ұсынылады.
Бұл ұсыныстар жұмыс берушілердің кәдімгі вакансиясы ретінде мұқият жасырылып, жарияланады. Бірақ оларды ұстап беретін сөздер жиынтығы бар. Сондықтан біз осы кілт сөздерді тауып, оларды «Күдікті вакансия» деп белгілейтін алгоритм орнаттық. Сонымен қатар, кейбір ұсыныстарды тексеретін модераторларымыз бар.
“Енді қазақстандықтарды нәпақа табу үшін Еуропа мен АҚШ-қа жібергіміз келеді”
– Сіз функционалы шектеулі өнім туралы айттыңыз. Ал сервис іске қосылғаннан кейін қандай мүмкіндіктер пайда болды?
– Жұмыс іздеушілер үшін түйіндеме қосу мүмкіндігі пайды болды. Бұған дейін сөз болған модерация және сүзгіден өткізу қызметін қостық. Бос жұмыс орындары мен қызметтерді ұсынуды қостық. Сондай-ақ қалалардың барлық вакансиясы жинақталған картасын жасадық. Адамға қажетті жерінде ең жақсы нұсқаны іздеуге мүмкіндік беретін өте ыңғайлы функционал жасадық. Бұған қоса таңдаулы бос жұмыс орындары немесе белгілі бір компанияның бос жұмыс орындары хабарланатын мобильді push-хабарландыру қызметін енгіздік. Бірақ бұл құралмен мұқият жұмыс істеуге тырысамыз: егер push-хабарландыру тым көп жіберілсе, пайдаланушы хабарландыру қызметін өшіріп немесе Cleek-ті пайдалануды мүлдем тоқтатады.
– Айтыңызшы, Қазақстанда бір жылдың ішінде қандай аудитория жинадыңыздар?
– 170 мыңнан астам жұмыс іздеуші және 2,5 мың жұмыс беруші. MAU (ай сайынғы белсенді аудитория Digital Business ескертпесі) — 30 мыңнан астам қолданушы.
Мақсатты аудиториямыздың көп бөлігі Астана мен Алматыда болғанымен, сервис Қазақстан бойынша жұмыс істейді.
– Сервисті қалай монетизациялап жатырсыздар?
– Cleek жұмыс іздеушілерден ақша алмайды: олар тегін тіркеліп, жұмыс іздей алады. Ал, жұмыс берушілер үшін қызмет ақылы. Қазір біз компаниялармен жұмыс істеудің бірнеше нұсқасын ұсынып отырмыз:
- Бір нақты түйіндемені қарау
- Түйіндемелер дерекқорын толық пайдалану
- Вакансия жариялау
- Вакансияны үздіктер тізіміне қосу
- Кандидаттарды бастан-аяқ іздеу
Әр қызметтің өз бағасы бар. Мысалы, бір түйіндеме қарау бағасы — 249 теңге, кандидаттар дерекқорын толық пайдалану – аптасына шамамен $100, вакансия жариялау – шамамен $5. Орташа есеппен алғанда, біздің ұсынысымыз ұқсас қызметтер мен әлеуметтік желілердегі топтармен салыстырғанда арзанырақ.
– Стартап өзін ақтап жатыр ма?
– Әзірге ақтамай жатыр. Бірақ өзін ұзақ уақыт бойы ақтау — кез келген агрегатор үшін қалыпты жағдай. Біз мақсатқа тез жету үшін енді жұмысқа қабылдауды цифрландырудың жаңа бағыттарын іздеп жатырмыз. Бәрі жоспарға сай болса, біз 2025 жылға қарай шығынымыздан көп табыс таба бастаймыз.
– Қай салалар туралы айтып отырғаныңызды толығырақ айтып беріңізші. Жалпы жоспарларыңыз туралы естісек…
– Біз Қазақстанның жалдамалы сегментте жұмыс іздеуге арналған бірыңғай қосымшасы болғымыз келеді. Сондай-ақ бір реттік қызмет көрсету үшін мамандар табу саласын қамтуға мүдделіміз. Бұл қызмет Cleek-те бар, бірақ оны әзірше назардан тыс қалдырып отырмыз. Сөйте тұра, ол органикалық түрде дамып жатыр.
Шетелдік бос жұмыс орындары бағытын дамыту жоспарымызда бар. Қазір Қазақстанның осы нарығында Еуропаның әр жерінде жұмыс істегісі келетін адамдарды алдап жүрген алаяқтар өте көп. Біз бұл процесті цифрландырып, оны ашық әрі қауіпсіз еткіміз келеді. Польшада, Германияда және Англияда бірнеше серіктес агенттік таптық. Егер бәрі ойдағыдай болса, онда Cleek-тің көмегімен қазақстандықтар Еуропаға, АҚШ-қа және басқа аймақтарға жұмыс істеуге бара алады және алдап кетуі ықтимал жұмыс берушілерден қорғана алады.