Әлім Раздықовтың білімі қаржыгер және режиссер. Алайда ол саналы ғұмырында маркетингпен айналысып келеді. Бәрі алматылық «Қайраттан» басталды, жігіт клубтың медиакеңістік пен әлеуметтік желілердегі белсенділігіне жауапты болатын. Кейін түрлі жарнама агенттігінде жұмыс істеді, қазір Әлім корейлік Cheil Worldwide компаниясының қазақстандық кеңсесінде digital-тимлид қызметін атқарып жүр.
Сонымен қатар алматылық жігіт үш досымен бірге адамдар жүріп өткен қадамы үшін түрлі сыйлықтар алатын қолданба – AlgaApp жеке стартапын дамытып жатыр.
Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Қазақстандағы 100 стартаптың тарихы» жобасы аясында берген сұхбатында Әлім оның стартапы шетелдік ұқсас сервистерден несімен ерекше екенін, қолданушыларға жаяу жүргені үшін қандай бонус ұсынылатынын, олардан не талап етілетінін, Қазақстанда бұндай формат қаншалықты сұранысқа ие екенін және бұдан ақша табуға бола ма екенін айтты.
«Мыңнан астам тауар мен промокод тараттық»
– Әлім, IT-стартапты іске қосуға не түрткі болды?
– Бірде менің досым Антонның HR үшін Tinder жасау идеясы болды: олар қосымшаға кіріп, лайықты үміткерлерді көріп, өздеріне ұнайтындарының парақшасына өтеді. Алайда бұл өнімді жасау үшін бастапқы капитал үлкен болуы керек. Бұл ойдан бас тарттық.
Бірақ IT-тақырыбынан алыстай алмадық. Кездескен сайын үнемі стартаптар әлеміндегі жаңалықтарды талқылайтын едік. Әңгіме арасында STEPN, Sweatcoin және Walken жобалары жиі айтылды. Бұлардың бәрі де қолданушыларға жаяу жүргені үшін ақша табуды ұсынатын. Бізге мұндай қолданбаны Қазақстанда істеуге болады деген ой келді. Мен AlgaApp атауын ойлап таптым, жігіттермен бірге бизнес-жоспар құрып, оны біртіндеп жүзеге асыра бастадық. Онымыз жалғасып кетті.
– Қадам жасағаны үшін сыйақы алу идеясы жаңа емес. STEPN, Sweatcoin және Walken-пен салыстырғанда ерекшелігіңіз неде?
– Біріншіден, криптоқаржыға байлаулы емеспіз. Ішкі валюта шығардық, TER-токен деп аталады. Қазақтың кәдімгі «тер» сөзін білдіреді. Яғни, қолданушы маңдай термен пайда табады.
Екіншіден, қолданбаға кіру оңай. Адам оны жүктеп алады, аты-жөнін, телефон нөмірін жазып тіркеледі, содан кейін жаяу жүріп, пайда таба бастайды. Тегін. STEPN-дегідей NFT-кроссовкі үшін бірнеше мың доллар жұмсап, зат сатып алудың қажеті жоқ.
Үшіншіден, қолданбаның әлеуметтік маңызы бар. Бүгінде әлемдегі өлім-жітімнің 16%-ы жүрек-қан тамырлары ауруы үлесінде. Қазақстан бұдан шет қалып жатқан жоқ. Біздің елде жылына 40 мың адам инсульт алады. Бұл сырқаттың емі – жаяу жүру. ДДСҰ мамандары күніне кем дегенде 5 мың қадам жүруді кеңес етеді. Адамдардың жаяу жүруге ынтасы болсын деп 1 мың қадам жасағаны үшін 1TER береміз.
– Токендер тек жаяу жүргені үшін беріле ме, әлде басқа да белсенділіктер бар ма?
– Әзірге тек қадамды есептейміз. Онда да шектеу бар. Күніне 5 мыңнан артық қадам жүрсеңіз де, максимум 5 TER аласыз.
Алайда қолданбамызда қосымша токен алудың тағы екі мүмкіндігі бар. Біріншісі — жарнама қарағаны үшін. 3 ролик үшін 5 TER есептеледі. Сөйте тұра сіз оны қашан қарайтыныңызды және жалпы қарағыңыз келе ме, жоқ па өзіңіз шешесіз.
Екіншісі – достарды шақыру. 1 адам шақырғаны үшін қазір 5 TER береміз. Мұнда әзірге еш шектеу жоқ. Бірақ токендер сіз шақырған досыңыз 1 мыңнан астам қадам жүргеннен кейін қосылады.
– Жинаған TER-токендермен не істеуге болады?
– Біздің ішкі дүкенде жұмсауға болады, онда PlayStation, Яндекс Станция, сымсыз құлаққап, телефон ұстатып қоятын зат, электр тіс щеткасы және т.б тауарлар ұсынылады. Жақында түрлі сервистердің жеңілдік кодын, купондар мен киноға билет ұсына бастадық. Жақын болашақта Еуропадағы концерттерге билет, Мысырға жолдама сияқты бұдан да ірі лоттар болады деп үміттенемін.
Бірден айтайын, TER-токенді ақшаға немесе криптоқаржыға айырбастауға және басқа жерде жұмсауға болмайды.
–Дүкендегі тауарлардың бағасы қалай қойылады?
– Ішкі курсты есептеп шығардық: 1 TER = 50 теңге. Қолданушы тауар сатып алатын токендерді жинау үшін бірнеше жыл немесе бірнеше күн жұмсаудың қажеті болмайтындай есеппен осыған тоқтадық.
Егер қымбат тауарды айтар болсақ, валюта бағамын ыңғайлы ететін арнайы коэффицент қолданылады. Мысалы, 100 мыңнан қымбат зат болса, қолданушы оны тезірек жинай алатындай етіп 1 TER 60-70 теңгеге теңеседі.
Кері жағдайлар да болады. Бір қыз 99 досын шақырып, құны 650 TER болатын Яндекс Станцияны тез сатып алды. Тексердік, достарының бәрі белсенді.
– Қолданушылар тауарды шектеусіз ала бере ме?
– Бастапқыда солай еді. Бірақ бір күні қызық оқиға болды. Қолданушы кезекті дроптан кейін бірден 4 тауар алатын болды. Ол токендерді заңды түрде жинады, сондықтан біз оған бәрін бердік.
Сосын біз мұндайлар көп болса, басқаларына сыйлық қалмайтынын түсіндік. Сөйтіп, айына бір тауар деп шектеу қойдық. Айтпақшы, бұл шектеудің біздегі саны көп жеңілдік кодына қатысы жоқ.
Жалпы алғанда 1 мыңнан астам тауар мен промокод тараттық.
«Бізді қолданатындардың шамамен жартысы – аймақ тұрғындары»
– Қадамдар ненің көмегімен есептеледі?
– iOS туралы айтсақ, iPhone-ның бәрінде бар Health қолданбасымен кірігеміз. Басылған қадам санын содан аламыз. Дегенмен, жүрек соғу жиілігі немесе геолокация сияқты басқа ақпаратқа рұқсат сұрамаймыз. Оның бізге қажеті жоқ.
Android-та жағдай қиындау. Бұл жүйенің нұсқасын iOS-пен бір уақытта жасадық. Қолданбаны Google Play-де іске қостық, олар бізді бірден қабылдады. Дегенмен, қадам санау кезінде проблемаға тап болдық, өйткені әрбір смартфонның өз қолданбасы бар. Бірыңғай база құру керек болды.
Барлық платформаларға арналған трекер – Google Fit-пен бірігуді шештік. Олар бізге бір тексеруден өту, екіншіден өту, Google арқылы аутентификацияны қосу және т.б. талаптар қойды. Бәрін жасай бастадық, бірақ кейде Google жауабын апталап күтуге тура келеді. Растаған бойда бірден қолданбаны Android жүйесіне шығарамыз. Бұл жақын арада болады деп үміттенемін.
– Қазір AlgaApp-тың қанша қолданушысы бар?
– Android нұсқасы болмағанына қарамастан 160 мыңнан асты. Маркетингке де аса көп ақша салған жоқпыз. Жалғыз жарнама — біздің қосымша жүктелетін QR-кодты әртүрлі мекемелердегі пауэрбанктерге жабыстырдық. Бір апта бұрын ғана Алматыда сынақ ретінде digital-бордтарда сыртқы жарнаманы орналастырдық. Осының арқасында бірден жаңа қолданушылар келді.
Мені ерекше қуантатыны, қолданушыларымыздың жартысына жуығы өңірлерде тұрады. Мысалы, алғашқы тауарды Маңғыстау облысындағы бір ауылының азаматы сатып алды.
Бірақ біздің мақтанышымыз — 95 мың MAU (ай сайынғы белсенді қолданушы) және 42 мың DAU (күнделікті белсенді қолданушы). Орташа алғанда, пайдаланушы біздің қолданбаға шамамен 30 минутын жұмсайды.
– Ретеншн қандай?
– Бірінші күні – 60%, ал 28-інде – 35%. Айтпақшы, health tech санатындағы бенчмарк 2% -дан аз.
Біз кішкене айла қолдандық. Жүріп өткен қадамы есептелуі үшін қолданушы AlgaApp қолданбасына келесі күні кіруі керек. Бірақ басқа қызметтерден айырмашылығы, біз сіз жаяу жүргенде қолданбамыздың фондық режимде жұмыс істеуін сұрамаймыз. Check-in жасау қажет, содан кейін ол қадамдарды санай бастайды.
– Қадамдарды оңай көбейтіп алуға болады. AlgaApp-та алдауды анықтау механизмдері бар ма?
– Әзірге жоқ. Шындығында, алдауға тырысатын қолданушылар көп емес. Оның үстіне, күніне 5 TER шегі бар кезде, алаяқтық қаупі жоқ. Адам 500 мың қадам жинаса да, бұл оған ештеңе бермейді.
Дегенмен, қосымшаның қазір әзірленіп жатқан жаңа нұсқасында жаяу сеанстардың уақытын тексеретін және күдікті әрекетті көрсететін ішкі қадам санағыш болады. Шартты түрде, адам күні бойы сағатына 100-200 қадам жүрді, содан кейін кенеттен 30 минутта 10 мың қадам жасады. Жүйе мұндай ауытқуларға автоматты түрде реакция беріп, нақты жүрген қадамдарды ғана ескереді.
«Жобаға салынған барлық инвестицияны қайтардық»
– AlgaApp-қа қанша инвестиция салдыңыз?
– Осы уақытқа дейін 15 миллион теңге жұмсадық. Негізгі шығын – команда. Қазір штатта 12 адам бар: әзірлеушілер, қолдау қызметі, SMM. Дүкенге қажетті барлық тауарды да өз ақшамызға алдық. Бір ай жұмыс істегеннен кейін ғана медициналық техникаға маманданған брендтің ресми өкілі хабарласып, танометр – қан қысымын өлшейтін құралды айырбастауды ұсынды.
– Ақша тауып жатырсыз ба?
– Жарнама арқылы. Бұл біздің негізгі табыс көзі. Біз Google жүйесіне қосылдық, ол барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етеді. Біздің міндетіміз – тыйым салынған контенттің болмауын қадағалау.
Осының арқасында жобаға жұмсалған ақша ақталды және операциялық шығындарды өтей аламыз. Шынымды айтсам, біз оның осыншалықты керемет жұмыс істейтініне таң қалдық.
Монетизацияның тағы бір көзі – серіктестер. Әзірге олармен бартермен жұмыс істеп жатырмыз. Wolt компаниясымен жақсы кейс бар. Олар бізге құны 3 мың теңге болатын 500 бірегей жарнамалық код берді. Нәтижесінде Wolt-қа 200 жаңа қолданушы қосылды. Қазір одан әрі жұмыс істеу шарттарын талқылап жатырмыз.
Қазір 6 серіктесіміз бар, оның 2-і баннерлер орналастырғаны үшін төлейді. Менің ойымша, пайдаланушылар неғұрлым көп болса, соғұрлым басқа компаниялар келіп, жарнамасын немесе тауарын орналастыруға дайын болады.
– Қолданбаны пайдаланушылар санын Қазақстанда ғана өсірмексіз бе? Басқа нарықтарға шығуды қарастырып жатқан жоқсыз ба?
– Қазақстанмен шектеліп қалмайтынымыз анық. Көршілес Өзбекстанның әлеуеті зор, халқы екі есе көп және жүрек-қан тамырлары аурулары мәселесі өзекті. Алдымен, Ташкентте AlgaApp қолданбасын қолданып көруге болады. Егер сұраныс болса, басқа қалаларға шығамыз.
Содан кейін Орталық Азия мен Кавказ елдеріне жылжуға болады. Ол жақтарда жобаны іске қосуда еш қиындық көріп тұрған жоқпын: қолданба интерфейсін аударып, маркетингке ақша құю керек. Бір ғана қиындық – тауар ұсынатын серіктестер. Бірақ біз бұл мәселені шешіп жатырмыз.
Содан кейін, әрине, біз MENA-ға барғымыз келеді. Көптеген венчурлық капиталға қол жеткізу үшін осы аймақта жұмыс істеу маңызды. БАӘ мен Сауд Арабиясында осы елдерде тіркелген компанияларға инвестиция салуға дайын.
АҚШ туралы ойларымыз бар. Бірақ әзір емес, болашақта. Алдымен таныс нарықтарда тәжірибе жинақтап, тартымдылықты көрсету керек, содан кейін ғана әлемді жаулауға болады.
– Инвестиция тартасыз ба?
– Мұндай жоспарымыз бар, бірақ біз асықпаймыз. Бастапқыда MVP жасап, бірден инвесторға бару туралы ойлар болды. Бірақ өзіміз тез ақша таба бастадық та, идея сол күйі қалды. Алдымен қолданушылар санын 500 мыңға дейін өсіргіміз келеді. Android іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткішке еш қиындықсыз жетеміз деп ойлаймын.
Әрі қарай, жылдам өсу үшін қаржы қажет. Команданы кеңейтіп, маркетингтік науқанды бастау қажет болады. Бұған ресурс қажет. Шын мәнінде, біз біртіндеп инвесторлармен сөйлесіп жатырмыз. MOST Ventures және MyVentures жігіттерін танимыз. Айтпақшы, соңғысымен кездескенімізде олардың бас директоры біздің қосымшамызды 2 ай бойы пайдаланып жүргенін білдік.
Ең дұрысы, мен $5 млн бағамен $500 мың инвестиция тарту. Менің ойымша, бұл мүмкін жағдай. Біздің пайдаланушылар саны тез өсіп келеді және қосымша Android жүйесінде шықса, қарқыны тек артады. Жұмыс істеп тұрған бизнес үлгі бар және қазірдің өзінде ақша тауып жатырмыз.
– Жақын болашаққа жоспарыңыз қандай?
– AlgaApp 2.0 шығару. Біз пайдаланушылар үшін 5 мың қадам жүріп, әдемі жерде серуендеуге болатын маршруттарды қосқымыз келеді. Жеңімпазға басты сыйлық және барлық қатысушыларға кепілдендірілген сыйлықтар тігілетін челлендждер ұйымдастырамыз. Бұдан қауымдастық құрылуы мүмкін. Дүкендегі тауар түрін де көбейтеміз.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық туралы сөйлескіміз келеді. Олар біздің қолданбаға ақпараттық қолдау көрсетсін деп. Бұл адамдарға серуендеуге мотивация беріп, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектесер еді. Министрлік бұған мүдделі болуы керек.