«Бәріне Тоқаев бізге инвестиция салды деп айтып жүрміз». Қазақстандықтар ағылшын тілінде сөйлеуге көмектесетін стартап ойлап тапты
2021 жылы көкшетаулық Бота Мұса мен сарыағаштық Ерасыл Оспанов BilimBer стартапын іске қосты. Бұл бірден үш пән: математика, биология және Қазақстан тарихынан ҰБТ сынақтарын тапсыру платформасы. Көп ұзамай пәндер қатары кеңейіп, қосымша функциялар пайда болды: пікір қалдыру мүмкіндігі, жылдам шпаргалка іздеу, танымал Kahoot оқу платформасының стиліндегі зияткерлік турнир қосылды. Үшінші айға жақындағанда мобильді қосымша Play Market пен App Store дүкендерінде жарнамаға ақша жұмсамай-ақ 35 мың рет жүктелген.
Жақында BilimBer қосымшасына мектеп оқушыларына арналған жаңа өнім – ағылшын тілін үйренудің ойын элементтері мен Clubhouse фишкалары бар курс қосылды. Бұл ұсыныспен олар сыртқы нарыққа шықпақ. Digital Business және Astana Hub бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасына берген сұхбатында Бота мен Ерасыл BilimBer қалай өзгергені, тестілер енді не болатыны және ағылшын курстарына неге басқа елдердің адамдары қызығуы керек екенін айтты.
«Біздің жобамен танысқаннан кейін президент маған жақындап, идеяң жақсы екен деді»
– BilimBer идеясы қашан туды?
Ерасыл: – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде оқып жүрген кезімде екінші курста досым Абай бағдарламалау сабағында Қазақстан тарихынан тест өтуге болатын мобильді қосымша құрап шықты. Оны Play Market пен App Store-ға салып еді, жарты жылдың ішінде жоба 100 мың рет жүктелді. Сол кезде өнімді жетілдіріп, пәндер мен сұрақтар санын көбейту арқылы оны ыңғайлы және функционалды етпек болдық.
Шыны керек, жоба жүзеге асқан жоқ. Әуелі түрлі компанияларда жасақтама әзірлеуші болып жұмыс істедім. Кейін бір танысым бірге стартап жасауды ұсынды. Айтпақшы, құрылтайшылардың бірі біз дос болған Бота еді. Алайда, жобамыз тағы да сәтсіз болды: product market fit таба алмадық.
Тағы да жалдамалы жұмысқа кірдім. Ал, коронавирус пандемиясы басталған кезде ескі идеяға оралдым. Себебі тестілеуден онлайн өту ол кезде өзекті еді. Абай екеуміз мобильді қосымшаның алғашқы MVP-ін жаздық. Оған 3 пән бойынша 1,5 мың сұрақ қостық, олар азды-көпті соңғы ҰБТ тестілері жарияланған сайттардан табылды. Содан кейін BilimBer-ді Play Market пен App Store-ға жүктедік. Бірінші айда 7 мың жүктелім алдық.
– Бота, екі стартап арасындағы уақытта немен айналыстыңыз?
Бота: – Сингапурға бардым, онда Antler бизнес-инкубаторынан өттім. Түрлі идеясы бар 70 адам жиналып, 3 айдың ішінде технологиялық өнімнің прототипін жасау тиіс. Ол үшін басқа қатысушылармен бірігуге болады. Біз Гонконгта тұратын бір жігіт екеуміз MedTech-жоба жасадық. Hong Kong Government Fund қорынан $50 мың тарттық, бірақ мен Сингапурда қалатын болып шештім.
Сосын тағы бір сингапурлық инкубаторға қатыстым, онда мобильді қосымшалар, SaaS-шешімдер және т.б. жасайтын. Өзімді product-менеджер рөлінде көрейін дедім. Процестерді басқару маған ұнады. Сондықтан, Ерасыл BilimBer-ге қосылуды ұсынғанда бірден келістім. Бастапқыда жобаға қашықтан, Сингапурда отырып қатыстым. Ал, қосымшаның қызметтер түрін көбейтіп, сәйкесінше, команда кеңейген кезде Қазақстанға оралдым.
– Жобаны қандай қаражатқа дамыттыңыздар?
Ерасыл: – Басында өз ақшамызды салдық: Бота екеуміз BilimBer-ге жалпы сомасы шамамен $15 мың құйғанбыз. Кейін инвестор тартатын болып шештік. Оңай емес еді. Ол кезде Қазақстанда 1-2 ай ғана жұмыс істедік және қосымшамыз ешқалай ақша әкелмеді. Мектеп оқушылары тесттер мен басқа функцияларды тегін пайдаланды.
Оның үстіне бізде инвестормен сөйлесу тәжірибесі болған жоқ. Питчтер кезінде не нәрсеге баса назар аудару керек екенін іс жүзінде үйрендік. Нәтижесінде Ботаның таныстары арқылы сингапурлық бизнес-періштеден $1 млн-ға бағалана отырып, жобамызға $50 мың инвестиция тарта алдық.
– Сол 2021 жылы талантты жастар ретінде президенттік грант алдыңыздар. Бұл қалай болды?
Ерасыл: – Мұндай бағдарлама бар екенін анам айтты және өтінім беруге кеңес етті. Шарттарын қарап едім, қатысуға болатынын түсіндім. Портфолио жібердім, бір-екі күннен кейін маған хабарласып, «Құтты болсын, жеңімпаздар қатарындасыз» деді. 3 млн теңге көлемінде грант алдық. Ол кезде бұл сома бір айлық шығынымызға тең болатын.
Бота: – Оған қоса, бізді Президент алдында сөйлеу үшін Ақордаға шақырды. Жобаны таныстырып болғаннан кейін Президент маған жақындап, идеяң жақсы екен деді. Сәттілік тіледі.
Президенттік грант алғанда біз үшін маңыздысы ақша емес, бедел еді. Осыдан кейін бәріне Тоқаев бізге инвестиция салды деп айтатын болдық.
«Оқушылар үшін Uber іспетті дүние жасадық, олар онда сұрақ жолдап, тез арада толық жауабын алады»
– Ерасыл, екі жыл бұрын сұхбат бергенде бейнесабақтар мен ақылы жазылымдар есебінен ақша тапқыңыз келетінін айттыңыз. Қолыңыздан келді ме?
Ерасыл: – Жоқ. Бастапқыда кірісті бөлісу үлгісімен жаңа тесттерді сату арқылы ақша табуға тырыстық. U-Study тестілеу орталығының директоры маған хабарласты. Олар ҰБТ-ға тест дайындап, BilimBer арқылы сатуды ұсынды. Нәтижесінде 250 мың сұраққа қол жеткіздік.
Бота: – Тест сату арқылы айына шамамен 1 миллион теңге тауып отырдық. Дегенмен, бұл ең сәтті бизнес үлгісі емес екенін тез түсіндік. Біріншіден, тесттерді үнемі жаңартып отыру керек, бұнымен айналысқымыз келмеді. Екіншіден, бұл оқиғаның маусымдық сипаты бар. Әдетте, ҰБТ-ға дайындық жаңа жылдан кейін басталады. Жазда бәрі аяқталады. Бірақ біз басқа уақытта да өмір сүруіміз керек қой.
– Шешімін таптыңыздар ма?
Ерасыл: – Біз басқа елдердің EdTech-жобаларының бизнес үлгілерін зерттей бастадық. Осылайша үнділік BYJU’S туралы білдік. Олардың репетитордан жедел көмек алу функциясы болды. Ұқсас нәрсені өзімізге енгізуді шештік.
Бота: – Мәні былай. 9-сынып оқушысы кешке математика тестін шешіп отырып, қиналды делік. Ата-анасы көмектесе алмайды, мұғалімге жазайын десе, кеш болып қалды. Ал, ғаламторда тек жалпы ақпарат бар.
Біз оқушыны чатта сұрақ қоюға шақырамыз, мұғалім 5 минут ішінде оған онлайн режимде көмектеседі. Хат алмасу немесе бейнеқоңырау арқылы. Айтпақшы, біздің қосымшаның ішінде өзіміздің бейнестримингіміз бар. Нәтижесінде Uber үлгісіне ұқсас дүние шықты. Оқушы сұрақ қояды, біз оған жауап беретін мұғалімді тез табамыз.
Ең танымал 6 пән: математика, физика, химия, биология, тарих және ағылшын тілін іске қостық.
–Келіп жатқан сұрақтарға жедел жауап беру үшін қанша мұғалім керек?
Бота: – Әуелі штатқа екі мұғалім алдық, олар үнемі онлайн болды. Жоба қалай жұмыс істейтінін көрейік дедік. Іске қосылған бірінші күні 500-ден астам сұрақ алдық.
Гипотеза ақыры расталғанда, сұраулар көбейген сайын қызметкерлер құрамын кеңейтуге тура келмейтіндей етіп, тәсілді сәл өзгертуді ұйғардық. Педагогикалық университеттердің студенттерін тарта бастадық, оларға жауап берген әрбір сұрақ үшін ақша төлеуді ұсындық. Instagram-да осындай қыз-жігіттерді іздеп жатқанымыз туралы пост жариялап, бір сағаттың ішінде 30 өтініш қабылдадық. Сөйтіп, бүкіл Қазақстан бойынша тәлімгерлер базасын жинадық. Күніне қанша сұрақ түсетініне байланысты онлайн режимде қажет болатын мұғалімдердің ең аз санын анықтаймыз.
– Сіздің платформаңызда мектеп оқушыларына көмектескісі келетін қыз-жігіттерді тексердіңіздер ме?
Ерасыл: – Олардан шынымен де белгілі бір университеттің студенті екенін растауды сұрадық. Содан кейін материалды қалай түсіндіретінін көру үшін тапсырмалар бердік. Бәрі қанағаттандырса, оны базаға қосамыз. Кейін оқушылардың пікіріне сүйенеміз, олар жауаптың қаншалықты пайдалы болғанын айтады.
– Комиссия алу арқылы табысқа шығып жатырсыздар ма?
Бота: – Жоқ. Алдымен пайдаланушыға 3 сұрақты тегін қоюға мүмкіндік береміз. Содан кейін пакет сатып алуды ұсынамыз. Бағасы – сұрақтар санына байланысты 1000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін.
– Оқушыларға ұсынасыздар ма, әлде олардың ата-аналарына ма?
Бота: – Әуелі оқушыларға ұсындық, бұнымыз қате болды. Жазасың немесе қоңырау шаласың, оның сатып алғысы келетінін көресің, бірақ ол ата-анасынан рұқсат сұрауы керек. Сөйтіп, процесс созылып кетеді.
Енді тікелей ата-аналарды нысанаға алуды шештік. Сондай-ақ клиенттерді төлеу мүмкіндігін бірнеше күн күтуге мәжбүрлемеу үшін Kaspi арқылы шот-фактуралық төлемді қостық. Бұл процесті айтарлықтай жылдамдатты.
«Ағылшын тілі мысалында әдістеменің жұмыс істейтініне көз жетсізсек, міндетті түрде басқа пәндер бойынша курстар ашамыз»
– Тым болмағанда операциялық тұрғыдан кіріс бар ма?
Ерасыл: – Шамамен 1-2 айда соған жетеміз. Қазір қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Аудиториямыз айтарлықтай үлкен: Play Market пен App Store-да Bilimber-дің 500 мың жүктелімі бар. Монетизацияны жақсарту үшін мобильді қосымшаның ішінен жаңа өнім — тілді жақсы білетін кураторы бар ағылшын тілі курстарын жасауды шештік.
Ерекшелігі неде? Мектеп оқушылары ағылшын тілін үйренеді, ал біздің кураторлар олардың үлгерімін бақылап, ата-анасына есеп береді. Балаларға арналған курстардың көпшілігінің басты мәселесі – ересектердің ақша төлейтіні, бірақ пайдасы бар-жоғын білмейтіні. Көбінесе балаларынан сұрайды, ал олар «бәрі жақсы» дейді. Біз бұл мәселені шешіп жатырмыз.
Куратордың басқару панелі бар, онда ол өзіне бекітілген оқушылардың оқу процесін бақылайды. Егер баланың бір-екі күн платформаға кірмегенін байқаса, ата-анасына хабарлайды. Немесе, бала өткен тақырып бойынша қорытынды сынақтан бірнеше рет өте алмады делік. Куратор бұған не себеп болғанын сұрап, мәселені шешуге көмектеседі.
– Бұл үлгіні, менің ойымша, масштабтау оңай емес сияқты. Клиенттер көбейген сайын кураторлар штатын ұлғайтуға тура келеді.
Ерасыл: – Бизнес-үлгісі бізге ұқсас, үлкен айналымы бар бір IT-компанияның бағалауы бойынша бір куратор 1 мың студентті қабылдай алады. Операциялық процестердің көпшілігі автоматтандырылған. Жүйе кімге назар аудару керек екенін көрсетеді. Куратор тек студентке жазып, көмектесуі керек.
Уақыт өте келе біз жобаға адамның кейбір функцияларын орындай алатын жасанды интеллект енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан ешқандай тәуекелді көріп тұрған жоқпын.
– Бұл жобаны жүзеге асырудың қай сатысында тұрсыздар?
Бота: – Әдіскерлермен бірлесе отырып, қазақ тіліндегі оқу бағдарламаларын құрастырдық, оған бейнелер мен үш деңгейдегі: beginner, elementary, intermediate тесттер кіреді. Процесс ойын ретінде қабылдануы үшін барлығы геймификация элементтерімен жасалған.
Қазір elementary деңгейіндегі курсты сатылымға шығардық, өйткені оған сұраныс көп. Құны – 5 мың теңге. Әзірге нәтижесі көңіл қуантарлық. 2 күн ішінде 100-ден астам өтінім түсті, олардың 90%-ы кейін сатылымға айналды.
Ерасыл: – Қазір іске қосқанымыз жеңіл нұсқа. Қазан айында толыққанды өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Мысалы, Clubhouse аналогы болады, онда біздің оқушылар ағылшын тілінде сөйлеуді жақсарту үшін бір-бірімен сөйлесе алады. Ағылшын тілі курстарынан өткеннен кейін адамдардың ағылшын тілінде сөйлей алмайтыны — тәжірибенің болмауынан.
– Болашақта басқа пәндер бойынша осындай курстар ашасыздар ма?
Бота: – Ағылшын тілі мысалында әдістеменің жұмыс істейтініне көз жетсізсек, міндетті түрде жалғастырамыз. Мысалы, математика курсын жасауымыз мүмкін.
Шын мәнінде, бұған бізді пайдаланушылар шабыттандырды. Біз қазір шешуді ұсынып отырған мәселелер бар екенін мектеп оқушыларынан білдік.
Платформада ҰБТ сынақ тестін тапсыру мүмкіндігін қалдырамыз, оны қолдан келгенше жаңартып отырамыз.
– Дұрыс түсінсем, ағылшын тілі курстарын басқа елдерге таратуды жоспарлап отырсыздар ма?
Ерасыл: – Ондай ойымыз бар. Бірақ алдымен, Қазақстанда пайдаланушылар, ақы төлеуші клиенттер және кіріс бойынша белгілі бір нәтижеге қол жеткізгіміз келеді. Осыған жетсек, әрі қарай жылжимыз. Ең алдымен Өзбекстан мен Қырғызстанды қарастырып жатырмыз. Бұл – Қазақстанға ұқсас елдер.
Бота: – Оңтүстік-Шығыс Азияға да шыққымыз келеді. Мысалы, Индонезия мен Малайзияда ағылшын тілін үйренуге сұраныс бар. Дегенмен, біздегідей мобильді қосымшалар жоқ.
– Инвестиция тартуды ойластырған жоқсыздар ма?
Ерасыл: – Жобаға барлығы $300 мың инвестиция тарттық. Біз жақында Грузияда акселераторынан өткен 500 Global америкалық венчурлық қоры, сонымен қатар Қазақстан, Сингапур және Үндістанның бизнес-періштелері инвестор болды. Бізге жаңа нарықтарға шығуға көмектесетін серіктестер жеткілікті деп айта аламыз. Қазіргі уақытта жоба 3 миллион долларға бағаланып отыр.
Дегенмен, кейде жаңа раунд туралы ойлаймыз. Инвесторлармен байланысып, олардың тарапынан қызығушылық бар екенін көріп жүрміз. Бірақ бұған дайындалу керек. Алдымен, кем дегенде, MRR-ді (ай сайынғы қайталанатын кіріс) $100 мыңға жеткізу керек, гипотезаны басқа елде сынап көру қажет, себебі, қайталап айтамын, болашақта жобамыз жаһандық деңгейде таралатынын көріп отырмыз.