«Елде миллиондаған адам айлықтан айлыққа өмір сүріп жатыр, жинағы жоқ». Қазақстандық тұрғын қызметкерлерге авансты кез келген уақытта алуға мүмкіндік беретін сервисті іске қосты
Бейбіт Жантурин былтырға дейін табысты қаржыгер еді. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) бітірген соң, ол білімін британдық University of Exeter оқу орнында жалғастырып, қаржы және инвестиция магистрі дәрежесін алды. Кейін түрлі банктер мен BV Management (Qazaqstan Investment Corporation еншілес ұйымы) қызметі болды. Еншілес ұйымның басқаруында көлемі $150 млн екі қор болды, ал Бейбіт компанияда бас директор қызметін атқарды.
Алайда 35 жасында ол ешкімге тәуелді болмай, еркіндікте жұмыс істеуді қалап, қызметкерлерге осы уақытта тапқан ақшасын бақылауға және оны кез келген уақытта картасына аударуға мүмкіндік беретін қызмет – ProsperPay жобасын іске қосты. Digital Business пен Astana Hub-тың «Қазақстанның 100 стартап- тарихы» біріккен жобасы аясында берген сұхбатында Бейбіт корпорациядағы сәтті мансабын не үшін стартапқа айырбастағанын, аванс төлеу сервисі қалай жұмыс істейтінін және ол жұмыс берушіге несімен пайдалы екенін айтты.
«Ақпараттық технологияларға назар аударуды әйелім кеңес етті»
– Сіз мансап сатысында тез көтерілдіңіз. Төрт жылда банктегі менеджерден BV Management бас директорына дейін өстіңіз. Неліктен жұмысты тастап, бизнеспен айналысамын деп шештіңіз?
– Бұл уақытында жасалған қадам. Банктер мен түрлі компанияда жұмыс істеген кезде көп нәрсе үйрендім, тамаша тәжірибе алдым. Бизнесте оны іс жүзінде қолданып, қоғам үшін құнды және маңызды нәрсе жасап, әлеуетіңді жүзеге асыра аласың. Жұмыстан кетуіме осы идея түрткі болды. Оған қоса, осы өзгерістер үшін қолайлы уақыт қазір екеніне сенімді едім.
– Неге үйреншікті сала емес, ақпараттық технологияны таңдадыңыз?
– Әйелім кеңес етті. Ол бірнеше жылдан бері Қазақстандағы АТ нарығын зерттеумен айналысады. Венчур қорларын, жергілікті стартаптарды, олардың қай нарықта жұмыс істейтінін, қандай пивот істегенін және т.б. жақсы біледі. Жергілікті де, шетелдік те жобалардың кейстерін көрсетті. Оның арқасында мен технологиялық экожүйенің тереңіне үңіліп, мұның мәні бар екенін және істеп көру керек екенін түсіндім.
Айнұр екеуміз әлемде қандай IT-шешімдер сұранысқа ие екенін зерттей бастадық. 50 жобадан құралған шорт-парақ жасадық, кейін келе 10 жоба қалдырдық. Финтехке тоқтадық. Бұл сала қарқынды дамып жатыр, онда адамның өмірін жақсарта алатын шешімдер жиі пайда болады. Оның үстіне, қаржы саласында тәжірибем бар. ProsperPay идеясы осылай туды.
– Жобаны жүзеге асыруды неден бастадыңыз?
– Салық және құқық заңнамаларды зерттеуден бастадым. Университеттегі досым Ерікпен кеңестім. Оның есеп жүйесі аутсорсингімен айналысатын компаниясы бар. Ол еңбекақы төлеу, 1С жүйесімен жұмыс істеу және т.б. сұрақтар бойынша білгенмен бөлісе алар еді. Бір күн сөйлестік, екі күн сөйлестік, үшінші күн… Сөйтіп, серіктес болып, стартапты бірге құрамыз деп шештік.
Жобаның концепциясын қағазға жазып, бірқатар әлеуетті клиент – заңды тұлғаларға жүгіндік. Мұндай сервис оларға қаншалықты қызық болатынын талқыладық. Кері байланыс пен бірге жұмыс істеу ниетін көргеннен кейін бағдарлама әзірлеушілерді тауып, MVP істей бастадық.
– Prosper Pay деген не?
– Қолданушылар үшін – қызметкер жүйеге кіріп, кез келген уақытта жалақы алатын күнді күтпей-ақ осы сәтте тапқан ақшасынан аванстық төлем сұрай алатын мобильді қосымша.
Жұмыс берушілер біздің софтты олардың есеп жүйесімен біріктіруге рұқсат берсе болғаны. Бұл қазіргі уақытқа дейін тапқан қаражаты туралы деректерді қызметкерге жолдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, егер адам аванс ретінде өз картасына белгілі бір соманы аударуға шешім қабылдаса, транзакция бухгалтерлік тізімдемеде көрсетіледі.
«Біздің сервис кадр тұрақсыздығын 2 есе қысқартуға қауқарлы»
– Сіздің сервис бірінші кезекте кімге арналған?
– Өндірістік және желілік персоналға арналған. Бұлар табысы орташа қызметкерлер. Жалпы, Қазақстанда халықтың 75%-ы айлықтан айлыққа дейін өмір сүреді, жинаған ақшасы жоқ. Оған қоса, еңбекке қабілетті азаматтардың 20%-ы (бұл 1,5 млн адам!) шағын қаржы ұйымдарынан қарыз алған. Соның үштен бірі жұмыс берушіден жалақы ала алмай, қарызға батқан. Өкінішке қарай, бұл сан өсіп жатыр. Соңғы 4 жылда шағын қаржы ұйымдарының мерзімі өткен төлемдері бірнеше есе артқан.
– Сонда бұл адамдарға не ұсынасыз?
– Несиенің балама түрін. Қалай болғанда да, адам Prosper Pay көмегімен алатыны өз ақшасы ғой. Механизмі мынадай. Қызметкер 15 күн жұмыс істеп, 150 мың тг табыс тапты дейік. Егер оған кенеттен ақша керек болса, жеке кабинетіне кіріп, қажет соманы жазады, ол бірнеше минуттан соң картаға түседі.
Бұл өмірді әлдеқайда жеңілдетеді. Себебі қызметкер енді басшыға барып, жағдайды түсіндіріп, өтініш жазып, оның мақұлданғанын күтпейді, бұнын бәрі уақыт алар еді. Оған қоса, авансты есептеп, төлем жасайтын есеп бөлімі бар. Бұл да тез істелетін шаруа емес.
– Қызметкерге ақшаны сіздің сервис төлей ме?
– Дәл солай. Адам өтініш береді, біз қажет соманы аударамыз. Әлбетте, ол төлем кезінде тапқан табысынан артық болмауы керек. Кейін, компания қызметкердің жалақысын аударған кезде қарыз сомасы бізге кетеді, себебі бұл қаржылық операцияның бәрі автоматты түрде бухгалтердің есебінде көрсетілген.
– Жұмыс берушілер не үшін Prosper Pay-мен ынтымақтастыққа мүдделі болуы керек? Сіз олардың есеп жүйелерімен интеграция сұрап отырсыз ғой.
– Біріншіден, бізді медициналық сақтандыру немесе басқа жеңілдіктер сияқты қосымша әлеуметтік бенефит ретінде қарастыруға болады. Бұл қызметкерлер үшін маңызды құндылық. Батыс елдерінде мұндай сервисті пайдаланатын компаниялардың бос жұмыс орындарына жауап беретіндер бірнеше есе артады.
Екіншіден, жұмыстан шығатындар санын қысқарта аламыз. Қазақстанда желілік қызметкерлер арасынан кадр тұрақтамайтыны – күрделі мәселе. Біз сөйлескен компаниялар, оның ішінде ірі жұмыс берушілер де бар, олардың штаты жылына 100% жаңаруы мүмкін екенін айтты. Еуропа мен АҚШ-та Prosper Pay сияқты сервистер кадр айналымын 2 есе азайтуға көмектескен.
Үшіншіден, Қазақстанда көптеген жұмыс беруші проблеманың бар екенін бізсіз де біледі, бірақ оларға авансты кез келген сәтте төлеу процесін автоматтандыру жағы қиын. Үлкен қаржылық шығын мен адами ресурстарды қажет етеді. Біз түрлі шешімдермен біріктіруге болатын жұмыс құралын ұсынып отырмыз. Тегін.
«Қазір бізге жалпы штат саны 20 мың адамнан тұратын 11 компания қосылған»
– Клиенттеріңіз кім?
– Егер мінсіз клиент туралы айтсақ, онда бухгалтерлік жүйені қолданатын және «таза» жалақы төлейтін, штатында 500+ адам жұмыс істейтін компания…
Қазір Prosper Pay-ге жалпы штат саны 20 мың адамнан тұратын 11 компания қосылған. Олардың қатарында ірі ритейлерлер, клининг холдингі, аутстаффинг компания, фитнес-клубтар және өндірістік кәсіпорындар бар. Басым бөлігі B2B. Георафиясы – Алматы, Астана, Алматы облысы.
Квазимемлекеттік сектормен де сөйлесіп жатырмыз. Бірнеше ірі компаниямен арадағы келісім-шарт бекіту сатысында. B2G-мен жұмыс істеу жаспарда бар. Ресурстарымыз шектеулі болғандықтан, оларға жете алмай жүрміз.
Алайда жақын арада өңірлерге шыға бастаймыз. Шымкентте де, Ақтауда да, Қарағандыда да, Ақтөбеде де болғымыз келеді. Түпкі мақсат – жалақы төлеудің бұл тәсілін бүкіл Қазақстанда индустриялық стандарт пен қалыпты жағдайға айналдыру.
– Қазір жұмыс берушілерден ешқандай төлем алмайсыздар. Неден ақша тауып жатырсыздар?
– Қызметкер бір транзакция үшін бекітілген комиссия төлейді. Ай сайын олардың саны өсіп жатыр деп айта аламын. Маусымда транзакция саны мамырға қарағанда 5 есе көп болды. Шілдеде маусыммен салыстырғанда 2 есе көп.
Біз жақында қатысқан Astana Hub және Google for Startups ұйымдастырған Silkway Accelerator және Most Hub ұйымдастырған Investment Readiness Accelerator осындай жетістіктерге жетуге көмектесті. Белсенді болуды үйрендім және гипотезаларды көбірек ойлап тауып, сынай бастадым. Нәтижесінде, акселератор кезінде шамамен сегіз есе өстік: пайдаланушылар да артты, кіріс те көбейді.
– Сіз жұмыс істейтін компаниялардың барлық қызметкері сервисті пайдалана ма?
– Шамамен 30-50%-ы пайдаланады. Бұл жақсы көрсеткіш. Шетелдік ұқсас қызметтердің айырбасталымын зерттеген кезде процент әлдеқайда аз болатын. Алайда Prosper Pay-ды іске қосу кезінде Қазақстанда тұрғындар бұл шешімді белсенді пайдаланады деп күттім. Өйткені, Батыс Еуропа мен АҚШ елдеріне қарағанда біздің халықтың жағдайы төмен.
«Біздің сервиске ұқсас қызметтер тәжірибесі көрсеткендей, кез келген уақытта аванс төлеу қажеттілігі азаймайды»
– Жоба қандай ақшаға өмір сүріп жатыр?
– Prosper Pay ұзақ уақыт Ерік екеуміздің есебімізден «жүріп-тұрды». Сонымен қатар, аванс төлемін қаржыландыру үшін айналымды толықтыруға несие түрінде инвестиция тартылды.
Қазір $3 млн тұратын бизнес-періштенің жаңа раундында жұмыс істеп жатырмыз. Қаржы өнімнің дамуына жұмсалады. Қосымша фичтер енгізуді жоспарлап қойдық. Клиенттерге не қызық екенін талқылап жатырмыз. Оған қоса, маркетингке қаржы бөлетін боламыз, әзірге оған бір тиын да жұмсаған жоқпыз. Жарнама мен сатылымды өз күшімізбен жүргізіп келдік.
– Қиялдап көрейік. Егер бірнеше жылдан кейін Қазақстанда өмір сүру деңгейі мен жалақы жоғарыласа, сіздің сервистің өзектілігі жоғалмай ма?
– Біздің сервиске ұқсас қызметтер тәжірибесі көрсеткендей, кез келген уақытта аванс төлеу қажеттілігі азаймайды. Қазақстанға қарағанда өмір сүру деңгейі мен жалақы әлдеқайда жоғары елдер – Ұлыбритания мен АҚШ-та мұндай шешімдер әлі де сұранысқа ие.
Иә, ол жақта бұл сервисті пайдаланатындар аз шығар, бірақ клиенттер қашан да бар. Себебі, бұл күніне қанша ақша табатыныңды көруге және кез келген уақытта ақшаны шығарып алуға мүмкіндік беретін ыңғайлы цифрлық құрал. Сондықтан сервис Қазақстанда да, басқа елдерде де өзектілігін жоғалтпайды.
– Дұрыс естісем, масштабталғалы жатырсыз ба?
– Ондай жоспарымыз бар. Әуелі Орталық Азиядағы басқа елдерге шығуға болады. Өзбекстан нарығы ұнайды. Онда халық саны Қазақстандағыдан көп, тұрғындардың кіріс деңгейі төмен.
Кейін Оңтүстік-Азияға ығысамыз. Онда халық тығыз орналасқан және бізге ұқсас проблемалар бар. Сөйте тұра, технология мен цифрландыру дамыған. Өсу әлеуеті зор.
Бірақ, 2024 жылдан бастап масштабталатын боламыз. Әзірше назарымыз Қазақстанда. Аяққа нық тұру керек, содан кейін ғана жаңа нарықтарға шығамыз.